28 Қазан 12:34
...

Діни экстремизм: Жастар НЕГЕ жиі шалыс басады?

Фото:

Қайбір жылдары діни ахуал күрделеніп кеткен еді. Оған еліміздің батыс өңірінде болған оқиғалар дәлел. Бұған не себеп? Кезінде жымысқы саясатын жүзеге асырған түрлі діни бірлестіктер мен ұйымдардың әрекетіне тосқауыл қоя алдық па? Оларға төрт құбыламызды түгел ашып берген өзіміз емес пе?

2011 жылы Дін істері агенттігі құрылды. Дәл осы жылы қабылданған «Діни қызмет пен діни бірлестіктер туралы» заңнама діни әдебиеттер мен миссионерлік қызметті реттеу мен қадағалауды негізге алды. Ал діни экстремизм мен терроизмнің алдын алуға қатысты қабылданған 2013-2017 жылдарға арналған экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған мемлекеттік бағдарламасы аясында түрлі шараларды атқаруға мүмкіндік туды. Әсіресе, жат діни ағымдардың жетегіне тез еріп кетуге бейім жастар арасында түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

«Терроризмге қарсы күрес туралы» заң барысында лаңкестік қауіптің алдын алуға бағытталған заңнамалық, ұйымдастырушылық және идеологиялық шараларды күшейту, терроризмнің тамырына балта шабу үшін әлеуметтік-экономикалық, ұйымдастырушылық, насихаттық және өзге де тетіктерді жасап, дамыту қажеттігі туындағаны рас.  Осы тұрғыда еліміздегі діни экстремизмге қарсы іс-қимылда қандай тетіктерге басымдық беру керек.

Біріншіден, қоғам өкілдері заңнаманы жетілдіру арқылы 2004 жылдан бері өлім жазасына жарияланған мораторийді террористік қылмыс жасағандар үшін қайта тағайындауды құптайды.

Екіншіден, қару айналымына және оның сақталуына бақылауды заңнамалық деңгейде күшейту де маңызды.

Үшіншіден, толерантты діни сананың және радикалды діни идеологияға қарсы имунитеттің қалыптасуын жетілдіру.

Төртіншіден, оқу орындары мен білім ұяларында құқықтық тәрбие беру жұмыстарын күшейту.

Яғни, жастардың бойына діни экстремизмге қарсы имммунитетті қалыптастыру қажет. Себебі, бұрын көше кезіп, үй-үйді аралайтындардың жұмысы әлдеқайда жеңілдеді. Бүгінде ислам атын жамылған теріс діни ағымдар насихат жұмысын әлеуметтік желі арқылы жүзеге асырып жүр. Олардың дені көбінесе байырғы салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты, ұлттық құндылықты жоққа шығаруға әуес. Бұл, әсіресе, діни сауатын жаңа ашып жүрген жастар мен жасөспірімдер үшін қауіпті.

Қазір интернетте ислам діні ресурстары көбейіп кеткен. Айталық, республика көлемінде «ВКонтакте» әлеуметтік желісінен  «Ислам» сөзі сұранысы бойынша 1357 қауымдастық, «Құран» сөзі бойынша 88 қауымдастық, «Сунна»  сөзі бойынша 181 қауымдастық атауы бірден көзге түседі. Тіпті, кез келген әлеуметтік желінің іздеу жүйесіне «ислам» деп жазсаңыз, экстремистік мазмұндағы жүздеген бейнеролик, оның ішінде деструктивті қозғалыс жетекшілерінің бейне хабарламаларына тап боласыз.

Бастапқы кезде мұны ешкім деструктивті діни ағым өкілдері екенін айыра алмайды. Себебі, атауын да бейтарап етіп қойғаннан болар. «Исламдағы махаббат», «Счастье в Исламе», «Пайдалы насихат» деген атауды «жамылып», ерекше мейірімді көрінуге тырысқанмен қаншама адамды арбап, ақпараттық тұзақтың құрбанына айналдырып әкетеді.

Діндерді зерттеу орталығының мониторинг және талдау бөлімінің сарапшы маманы Еркебұлан Шамшатовтың пікірінше, 2020 жылдан бастап Нұр-Сұлтан қаласының Дін істері басқармасы және  Діндерді зерттеу орталығы бірлесіп, деструктивті қауымдастықтарға тіркелген желі пайдаланушыларын қауіпті ақпараттан аулақ ету үшін арнайы хабарламалар жіберу жұмысын жандандырыпты.

«Бүгінге дейін желі тіркелушілеріне 5 мыңнан астам хабарлама жолданды. Яғни, біз жіберген ақпаратта білместіктің салдарынан лайк, репост, комментарий жазып қоюдың алдын алу туралы ескертпелер бар. Егер осы айиылған заң бұзушылық дерегі тіркелсе, бұл «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 453 және 490-баптарын бұзады және оған 50 АЕК көлемінде айыппұл көзделген. Сондықтан жастар тексерілген, қауіпсіз сайттар мен қауымдастықтарға ғана кіруі керек», – дейді ол.

Демек, діни экстремизмнің алдын алу мәселесі күн тәртібінен түспек емес. Дін сарапшысы Мейрам Иманбаевтың айтуынша, әсіресе, жастардың бойында діни радикализмге қарсы тұруды ақпараттық тұрғыдан түсіндіру керек.

«Осы арқылы біріншіден, мемлекеттің зайырлы қағидатына деген құрмет күшейеді. Екіншіден, дәстүрлі дініміз бен тарихымызды асқақ етеміз, үшіншіден, құндылықтарды нығайта отырып қоғамда дінді біржақты түсінетін көріністерге тойтарыс бере аламыз», – дегенді айтты.

Тегтер: