Депутат Бекболат Тілеухан кімнің «крышасы»?
Бірер жыл бұрын Қарағанды облысында «аузымыздан ақ май ағызады» делінген кен орыны ашылды. Тіпті «атақты Геннадий Головкиннің өзі қаржы құяды екен» деген әңгіме шыққан. Алайда соңы «бәлен жерде алтын бар, барсаң – бақыр да жоқтың» кері болып шықты. Айтпағымыз – Гена туып-өскен Майқұдықтың маңындағы көмір байыту фабрикасы турасында...
«Kaz Феррит» ЖШС-ның көмір байыту фабрикасының төңірегінде түсініксіз жайттар болып жатқанына біраз өтті. Өндіріс ошағының ерекшелігі сол, көмірінің химиялық құрамы жақсы болғандықтан, аз-кем байытып жіберсе, нағыз «қара алтынға» айналып шыға келеді. Бұл көмірді Ресейдің металлургиялық өнеркәсіптері аттай қалап алғызатын.
Жоба 2015 жылы басталған. Қожайындары ақша тауып, жер телімін анықтап, құрал-жабдығын орнатқанша үш жыл өтті. Осылайша, 2018 жылы фабрика толық күшімен жұмыс істей бастаған. Компанияның иелері – екеу: «Кристалл Инвест» ЖШС және «Самұрық Қазына Инвест». Алғашқысы – жеке фирма, жарғылық капиталда 75% үлесі бар. Екіншісі – «Самұрық Қазынаның» еншілес компаниясы. Оның үлесі – 25%.
Дәл осы «Самұрық Қазына Инвест» өндіріс орнына 650 млн теңге қаржы құйған. Алайда бұл жобаға қатысушы тағы бір компания бар. «AG Industries»-ке фабрика орналасқан жер телімі мен инфрақұрылымы тиесілі екен. «Кристалл Инвест» пен «AG Industries» арасында жер телімі мен инфрақұрылымын жалға алу жөнінде келісімшарт жасалады. Міне, осы екі компанияның арасындағы дау-дамай үлкен жобаны жарға апарып тіреп қойды.
2019 жылдың басында «Кристалл Инвест» ЖШС фабрика төңірегіндегі жерді жалға алу келісімін созудан бас тартады. Қарсы тарап әріптесінің қарызы мен тұрақсыздығы үшін өтемақы төлеуді талап етеді. Осылайша екі компания жақ-жақ болып жаға жыртысуды бастап жібереді. Іс сотқа түсіп, бір жарым жылда 8 сот отырысы өткен. Сондағы жер телімін жалға алғаны үшін төлейтін сома 4 млн теңге. Қыруар табыс тауып жатқан фабрика үшін бұл түк емес еді. Алайда тараптар сот процесінен бөлек, бірін-бірі атарға оқ таппай, құдды бір шым-шытырық фильмдегі сияқты қым-қиғаш тартысқа түседі.
«Kaz Феррит» ЖШС қазір қалтасының түбін қағып отыр, банкроттықтың аз-ақ алдында. Бұл жағдайда ең алдымен инвестор «Самұрық Қазына Инвест» зардап шеккені анық. Келісімшарт бойынша «Кристалл Инвест» 4 жылда, яғни 2019 жылы 659 млн теңгені және жыл сайынғы түсімнен кем дегенде 14,62%-ын беріп отыруы тиіс болатын. Қазір қарыздың көлемі 1,32 млрд теңгеден асып кетті.
Естуімізше, «Кристалл Инвест» иелері бұрынғы серіктестерімен тіл табысу былай тұрсын, қаржылық есеп беруден де бас тартыпты. Аз уақыт аралығында компанияның бас директоры, бас заңгері, қаржы директоры, басқа да менеджерлері жұмыстан кетіп қалған. Кейбір деректерге қарағанда, фабриканың негізгі қожайыны шынайы табысты жасыру үшін компанияны әдейі банкрот жасаған көрінеді.
«Кристалл Инвест» ЖШС әдеттегі «ескі сүрлеуді» таңдаған: көмір кенішіне бір компания иелік етеді, кеніштен 130 жеке кәсіпкер шикізат алады. Фабрикаға тек көмірді байытуға ғана ақша төлейді де, көмірді «Майқұдық байыту фабрикасына» апарып сатады. Аты мен мөрі ғана бар бұл фирма байытылған отынды Ресейдің металлургия зауыттарына сатып қана отырған. Мұндай құйтырқы схема – салықты аз төлеу үшін ойлап тапқандардың ісі. Жеке кәсіпкерлер салықты жеңілдетілген жолмен, тапқан табысының тек 3%-ын ғана әр жарты жыл сайын төлейтінін ескеріңіз. «Kaz Феррит» ЖШС салықты аз төлеу үшін әрдайым тек шығынын көрсетіп отырған. Сарапшылардың есебінше, бұл схема 25-30 млн долларға дейін жалпы табысты жасырып қалуға көмектескен. Теңгеге шақсаңыз, 8-12 млрд-қа тең.
Фабриканың әр жылдардағы шығыны мынадай: 2017 жылы – 70,4 млн теңге, 2018 жылы – 3,761 млн теңге, 2019 жылы – 21,7 млн теңге. Биыл жалпы қарыз 109 млн теңгеге жеткен. Мұның ішінде мемлекетке салық қарызы – 35,2 млн теңге, экологияға тигізген зардабы үшін 700 мың теңге айыппұлы тағы бар. Ал егер мемлекет пен инвестор алдындағы жалпы қарызды санар болсақ, 2,9 млрд теңгенің төбесі көрінеді.
Дау-дамайды тоқтатып, қарыздан құтылу жолын іздеудің орнына «Кристалл Инвест» ЖШС қожалары әлдебір себептермен әлі тіресіп жүр. Қарыздан құтылып тастауға мүмкіндіктері болса да.
Б.Тілеухан
Бір қызығы, бұл компанияны Мәжіліс мінберінен депутат Бекболат Тілеуханның неге ебіл-дебілі шыға қорғаштап жүргені ойлантады. Жуырда ғана журналисті қарғаймын деп – бір, әлдекім «қару сатуға қатысты» деп екі рет басы дауға қалған депутат тағы шатылып қалмаса игі еді. Онсыз да «Бекболат Тілеухан «Кристалл Инвесттің» «крышасы» екен» деген гу-гу жұрттың аузында жүр...