3 Қазан 18:33
...

Дәмді ет те, тәтті сүт те – КЕГЕНДЕ

Фото:

Әр өңірде басы даудан арылмайтын аудан болады. Соның ішінде Алматы облысы бойынша, әсіресе, Кеген ауданының аты жиі тілге тиек етіліп жатады. Бәлкім, бұған жергілікті әкімдіктің халықты еститін мекемеге айналмауы, қордаланған мәселені шешуге асықпауы себеп болған шығар. 

Осыған дейін «Кегенге кім келеді?» деген сауал әлеуметтік желіде біраз талқыға салынған. «6 ай әкімсіз отырған ауданға Нұрбақыт Теңізбаев келді» дегенде жергілікті халық та, былайғы жұрт та күдікпен қараған-ды. Оған «Ауданды басқару – спортта жетістікке жетуден де ауыр» деген сырттай баға да берілді.

Бірақ жергілікті тұрғындардың айтуынша, тағайындалғанына бір айдан енді асқан ол бұрын-соңды әкім-қаралар ат ізін салмаған ауылдарды аралап, жұртшылықпен кездесіп, көптен бері мазалаған мәселелерін тыңдап, өзінің атқарылуы тиіс жоспарын түзіпті. Соның бір парасына Алматыдан аттанған бір топ журналист куә болып қайтты.

Кеген ауданы шекарасына жеткен біздің көлікке отырған әкім Нұрбақыт Молдахметұлы: «Бүгін сіздерге гид боламын», – деп әзілдеп қойды да, жол-жөнекей өңірге қоныс тепкелі қандай түйткілдермен бетпе-бет келгенін айта отырды.

«Ең алдымен жұмысты халықтың күнделікті пайдаланатын жолын ретке келтіріп беруден бастадым», – деді аудан әкімі.

Аймақтағы жұрттың жүйкесін жұқартқан – жол мәселесі екенінен онсыз да хабардармыз. Аз уақытта шұрқ-тесік болған «ҚазАвтоЖол» мекемесі салған жолдың жырын талай естідік те. Себебі, Кеген ауданына қарайтын 775 шақырым жолдың 200 мың шақырымы республикалық маңызы бар жол саналады. Жұрттың діттеген жеріне сағаттап жетуі дәл осы жолдың сапасыз төселгенінен екенін «ҚазАвтоЖол» басшылығы да жасырмайды.

Бір жұмысты екеу еткен «ҚазАвтоЖол»  

Кеген ауданына бір топ журналистің ат басын бұрғанын естіді ме, әлде шынымен де жамау-жасқау жұмысын жүргізіп жатыр ма, әйтеуір жолшылар ойқы-шойқы жолды бүтіндеп жүр. Тіпті, жанында жөн нұсқаған басшылығы да бар екен. Біз де сауалдың астына алдық.

«Қазавтожол» компаниясы Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары Жасұлан Қалтаевтың айтуынша, Көкпек – Кеген аумағындағы тасжол күрделі жөндеуден өтеді екен.

«Былтыр толық асфальт төсеген едік. Ылғалдануға байланысты иірімдер шығып кетті. Сондықтан істеген жұмыстар ойдағыдай нәтиже бермеді. Алдағы уақытта жобалық-сметалық құжатты дайындауға кірісеміз. Себебі, бұл жолға күрделі жөндеу қажет. Асфальт-бетон жабындысын толықтай ауыстыру керек», – деді.

Сонымен, былтыр ғана жөнделген жолдың ойқы-шойқы жағдайға түсуіне кінәлі «ҚазАвтоЖол» ма, әлде мердігер компания ма? Жауапты мекеменің пікірінше, жол құрылысын жасауға міндетті «Іскер» ЖШС салғырттық танытып, тапсырыс берген тараптың талабын толық орындамаған соң келісімшарт бұзылды. Дәл осы орташа жөндеуге 682 млн теңге бөлінген.

Содан бұл жұмысты атқарудан «Іскер» ЖШС шеттетіліп, жаңа мердігер РСУ-1 мекемесіне жүктелген. Қыс келмей, алдағы бір аптаның ішінде анықталған ақауларды қалпына келтіру жоспарға алынған. Дегенмен, жолға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделіп отырғанға ұқсайды. Қазірдің өзінде 41-шақырымнан 53-шақырымға дейінгі аралықта күрделі жөндеу басталған. Ал келесі жылы Көкпек-Кеген арасын жалғайтын жолды толықтай жөндеу кезең-кезеңімен жүзеге аспақ.

«ҚазАвтоЖол» басшылығының сөзінше, мердігер ұйымды анықтау қиынға соғады.

«Байқау өтті. Мердігер ұйым төртінші әрекеттен кейін ғана анықталды. Себебі, бұл өңірде тас қазатын карьер мен асфальт-бетон зауыты болмады. Ал анықталған мердігер ұйым келесі құрылыс маусымына дейін Кеген-Нарынқол ортасына зауыт пен карьер ашып, дайындайды. Су тасқыны кезеңінен кейін бірден жұмысқа кіріседі. 2024 жылға Қаржы министрлігінен ақша қарастырылса, қосымша 20 шақырым алуды жоспарлап, құжатын дайындап қойдық. Енді ұлттық сапа орталығынан сараптамадан өтуді ғана күтіп отырмыз. Жергілікті халық шамалы шыдамдылық танытса екен», – деген тілегін білдірді.

Жүн мен тері аяқастында жатпайды

Келесі нысан – ет өңдеу зауыты. Жобаның құны – 4,5 млрд теңге. 2021 жылы басталған «Кеген Мяспром» ЖШС құрылысы жыл соңына дейін іске қосылып, тәулігіне 20-25 тонна ет өнімдерін өндірмек. «Базис» компаниясының вице-президенті Тоқтар Баймолдаевтың айтуынша, зауыт – ауылшарауашылығын дамытуға бағытталған қадамның бірі.

«Қазір Райымбек, Кеген, Ұйғыр аудандарында мал өсіретін 3000-нан аса шаруа қожалығы бар. Көршілес Еңбекшіқазақ ауданы да төрт түлікке бай.  Бұл аудандарда әзірге мұндай ет өңдейтін зауыт жоқ.

Сондықтан тұрғындар мал бордақылап, комбинатқа өткізуге тапсырыс ала алады. Малдың бағасы жоғары болады. Себебі, зауыт мемлекеттік субсидия негізінде жұмыс істейтіндіктен,   бордақыланған малдың жем-шөбіне, өткізілген еттің әр келісіне субсидия біздің тапсырыс арқылы қабылданады», – деді.

Айтпақшы, зауытта еттің мұздатылған, салқындатылған түрі, шұжық, консерві өндіріліп қана қоймай, ішек-қарын, тері, жүн қабылданып, өңделеді. Халықаралық талапқа сай өнімдер ішкі және сыртқы экспортқа жөнелтіледі деп жоспарланыпты. Ал зауыт 105 адамға жұмыс тауып бермек. Алайда, зауыт басшылығы технолог, механизатор, ветеринар-техник, зоотехник, агроном мамандарына зәру екенін жеткізді.

Мемлекеттен берілген әр үйдің есебі бар

Бұдан кейін Кеген ауылында салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылыс барысымен таныстық. Аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Дархан Маусымбаевтың айтуынша, 2018 жылдан бері биыл 81-үй салынып жатыр. 2018 жылы аудан бөлінгеннен кейін 15 үй, 2019-2021 жылы 36 үй пайдалануға берілген. Қазір Кеген ауылында 20 тұрғын үйдің құрылысы аяқталған.

«20 тұрғын үйдің құрылысын аяқтауға 265 млн теңге, инженерлік-коммуникациялық желілерін тартуға 110 млн теңге бөлінген. Қазан айында пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Үйдің екі жылдық кепілдемесі бар», –  деді Дархан Маусымбаев.

Бұдан бөлек, елді мекенде 30 үйдің құрылысы басталды. Ол үшін 1 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған. Бұл баспана әлеуметтік осал топқа жататын отбасыларға берілмек.

«Сонымен қатар кезекте тұрған адамдарға үй салу үшін 50 жер учаскесі бөлінді. Қазір ол жерге инженерлік желілері тартылып, асфальт төселуде», – деді бөлім басшысы. Қазір ауданда үй кезегінде 482 адам тұр.

Бір айта кетерлігі, мемлекеттен үй алып, оны басқаға жалға беріп, өздері Алматыда тұратын отбасылар да анықталған. Тұрғын үй комиссиясы шешімі бойынша, ескерту алған 5 отбасы баспанасын қайтаратын болыпты. 

Қазір ауылда бір мектеп қана жұмыс істеп тұр. Себебі, екі мектепке күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Жалпы, аудан орталығындағы үш мектепте 1709 бала оқиды. 1987 жылы салынған К.Нұрпейісұлы атындағы мектеп-лицейі 640 балаға арналған. Қазір мұнда 375 бала білім алады. Кеген аудандық білім бөлімінің басшысы Мұратжан Қожанұлының айтуынша, 867 млн 551 мың теңге ұтып алған «СМУ Шығыс» мердігер ұйымы білім ұясын екінші тоқсанға дейін толықтай аяқтауға уәде берген.

Ал басшылық ауданда апатты мектеп жоқ екенін айтты. Аудандағы 32 мектептің 21-і – орта мектеп, төртеуі – негізі мектеп, жетеуі – бастауыш мектеп. Мұнда барлығы 5 мың бала бар.

Құнарлы сүт, тәтті балық та – Кегенде  

400 бас іріқараға арналған сүт фермасы төрт-бес жылда үлкен нәтижеге қол жеткізген. Мұнда 117 бас сиыр бар. Бір күнде тоннаға жуық сүт беретін асыл тұқымды 65 бас іріқараны 2019 жылы Чехиядан әкеллуге 20 млн 200 мың теңге жұмсалыпты. «Талас» ӘСК басшысы Айбол Нәбиевтің айтуынша, сиыр басын көбейту үшін жем-шөп дайындайтын база жоқ.

«1 мың гектардан жоғары жер керек. Бізде 468 гектар ғана бар. Бұл асыл тұқымды сиыр күніне 12 келі жем жейді. Оларды жайылымға шығаруға болмайды. 18 адамды жұмыспен қамтып отырған ферма сүтті Алматы қаласындағы сүт өңдейтін зауыттарға өткізеді», – дегенді айтты.

Сондай-ақ, «Fishtech» компаниясы Бестөбе су қоймасының маңынан форель балығын өсіруді қолға алыпты. Компания басшысы Шыңғыс Мақсұтбекұлының сөзінше, Мойнақ суына жіберілген шабақтар Норвегия технологиясы бойынша көбейеді. Нәтижесінде жылына 600 тонна балық алып, оны заманауи технологияның көмегімен өңдеп, сауда орындарына жөнелтпек.

P.S. Кеген ауданы әкімі Нұрбақыт Теңізбаев «Осындай тұмса табиғатқа бай өңірде алдымен туризмді дамыту керек. Туризм – табыс көзі. Ол үшін жолды дұрыстау қажет» дегенді бірнеше мәрте айтты. Шынында да, Көлсайдың өзіне 2021 жылы 185 мың адам демалуға келсе, былтыр 210 мыңға жеткен. Ал биылғы тоғыз айда 213 мың турист қонақ болған.

Сапар соңында әкімге «Осы спортшылар неге шенеунік болуға құмар? Ел алдында спортшы ретінде сүйкімді боп жүргені құп емес пе?» деген сауал қойдым. Бұған Нұрбақыт Молдахметұлы «Мақсатым – шікірейген шенеунік болу емес, халықпен етене жақын араласып, қордаланған мәселені шешіп, елдің сүйіспеншілігіне бөлену. Сол жолда аянбай еңбек етемін», – деді жымиып.

Тегтер: