12 Қараша 11:11
...

«ҰБТ ережелері өзгереді» – Ғылым және жоғары білім министрі

министр Саясат Нұрбек
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Кеше Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қаныш Сатпаев атындағы университетте халықпен кездесу өткізді. 

Министр кездесу барысында «Келешек», «Атлас» жобаларының барысын баяндап, сұрақтарға жауап берді. Сондай-ақ бірінші жартыжылдықтың қорытындысымен бөлісіп, 2023-2029 жылдарға арналған жоспардың құрылымымен таныстырды. Конференцияда ҰБТ жайлы жаңа өзгерістер мен болашақта жастардың қалай жоғары білім алатыны туралы да мәселе талқыланды.

Келесі жылдан бастап «Келешек» жобасы іске қосылады. Бағдарламаның ерекшелігі – тек қана ата-ана емес, мемлекет те бала үшін депозитке ақша салады. Депозит 6 жас пен 18 жас аралығындағы әр бала үшін жүргізіледі. Жиналған ақшаны қайда жарататынын депозит иесінің өзі шешеді. Бірақ, басты мақсат әр адамның жоғары білім алуында болғандықтан, бірінші кезекте қаражат университет ақысын төлеуге жұмсалады. Ал түлек грантқа түскен жағдайда, қаржыны үй алуға немесе бауырларына көмектесуге, яки, жеке мақсаттарына жұмсай алады.

Ғылым және жоғары білім министрлігі
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Ал «Атлас» бағдарламасы Қазақстанда бірнеше жыл бұрын басталып, бүгінгі күнге дейін іске асырылып жатыр. Қуантатын жайт, бағдарлама аясында еліміздің бірқатар қалаларында шетелдік университеттердің бөлімшелері ашылған. Оның тізімі төменде.

1. Алматы қаласында: De Montfort University, Queen's University Belfast, НИЯУ МИФИ, Penn State: The Pennsylvania State University, College of Engineering, Carnegie Mellon University, Мастерская Лу Бань т.б.

2. Астана қаласында: Coventry University, Cardiff University.

3. Түркістан қаласында Woosong University-дің филалы салынып жатыр.

4. Болашақта Алатау қаласында KAIST университеті тұрғызылады.

Тараз, Ақтөбе, Талдықорғанда осындай университеттер биыл, ал Атырау, Жезқазған, Қостанай, Қонаев сияқты қалаларда 2025 жылға дейін ашылады. Орал, Қызылорда, Көкшетау, Петропавл, Семей мен Өскеменде ашу әзірше жоспарда тұр. Бағдарламаның бір ғанибеті, студенттер Қазақстанда оқып, шетелдік диплом алу мүмкіндігі қарастырылған.

Ғылым және жоғары білім министрлігі
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Министрдің айтуынша, «Болашақ» бағдарламасына қатысты заңдар толықтырылып, қосымша гранттар бөлінеді. Оған қоса, Қазақстандағы мамандар тәжірибе алмасу үшін басқа елдерге көптеп жіберіле бастайды.

Конференцияда NEGE тілшісі талапкерлерге бөлінетін гранттарға байланысты Саясат Нұрбекке сұрақ қойды.

– Қазір бізде стамотолог маман қат. С.Асфендияров атындағы университетте «стоматолог» мамандығын игеріп жатқан бірінші курстағы студенттердің барлығы дерлік ақылы бөлімде оқиды. Өйткені бір ғана грант бөлінген. Ал ақылы бөлімде бір жыл оқу – 2 млн 200 мың теңге. Басқа мамандықтарды игеру үшін жылына 1 млн 200 мың теңге төленеді. Болашақта осы мәселені біржақты етіп тағы да гранттарды қарастыру немесе оқу құны төмендету жоспарда бар ма? 

Ғылым және жоғары білім министрлігі
Фото: NEGE.KZ

– Биыл стоматолог мамандығына отыз-ақ грант бөлінді. Неге десеңіз, біз жыл сайын, еңбек нарығындағы талап пен сұранысты пысықтаймыз. Еңбек министрлігі әр жыл сайын қысқа мерзімді, ұзақ мерзімді және орта мерзімді сараптама жасайды. Сараптама дайын болған соң Денсаулық сақтау министрлігімен ақылдасамыз. «Денсаулық сақтау саласында сіздерге қандай мамандар қажет?» деп сұраймыз.

Стоматология маңызды шығар, бірақ одан да маңызды бірқатар бағыттар бар. Мәселен, Денсаулық сақтау министрлігі биыл хирургия, кардохирургия, неврология, нейрохирургия салаларына мамандар жетіспейтінін айтты. Өткен үш жылда стоматологияда үлкен басымдық болған жоқ. Ал онкология мен кардиология мәселесі өте қиын, елімізде дерт өршіп тұр. Біз осыған қарап грант бөлеміз. Әйткенмен, стоматолог мамандығына сұраныс өсіп келеді. Сондықтан, біз келесі жылдан бастап стоматологтарға берілген гранттардың санын көбейтеміз, – деп жауап берді министр.

Конференция соңында министр ҰБТ ережелері өзгеретінін айтты. Алдағы уақытта түлектердің грантқа түскен-түспегенін университет анықтап, тапсырылатын тесттердің бағыты шетелдік тестілермен үйлестірілуі мүмкін.