22 Ақпан 19:38
...

«БІЗ қайда бара жатқанымызды білдік...» ТҮРКИЯДАН оралған құтқарушы сұмдық жайттарды айтты

Фото:

Қазақстан құтқарушылары 7-19 ақпан аралығында Түркияның Нурдагы ауданында, Газиантеп және Хатай қалаларында болған жер сілкінісінен    кейінгі іздестіру-құтқару жұмыстарын аяқтап, елге оралды.

NEGE тілшісі  Қарағанды қаласының Жедел құтқару жасағының сүңгуір құтқару бөлімшесінің бас құтқарушысы Болат ЖАНАЛИНОВПЕН сұхбаттасты.

– 2013 жылы сүңгуір болып жұмысқа орналастым. Біраз жылдан бері сүңгуір-құтқарушы міндетін атқарамын.

Бізге дабыл көтеріп, «Жиналыңдар! Түркияға көмек беруге барасыңдар!» деді. Қарағанды қаласынан 8 ақпан күні 13 құтқарушы мен 2 медицина маманы екінші лекпен жолға шықтық.

Түркияның Газиантеп қаласының жанындағы Нурдағы қаласына бардық. Бұған дейін де оқу-жаттығу жұмыстары бойынша шетелге барып жүрдік қой. Бірақ мынандай ауқымды апатты көрмедім. Бірақ құтқарушы болған соң, қай жаққа бару керек десе де, тәуекелге бел буып жұмысты атқара береміз.

Құтқарушының міндеті – адам құтқару. Уақыттың қалай өткенін сезбедік. Тәулік бойы жұмыс істедік. Күндіз бе, түн бе, қарамадық. Арасында шамалы үзіліс жариялап, бойға күш жинап алып, қайта іздеу жұмысына кірістік.

Б.Жаналинов.

– Дегенмен, пәлен жылда бір рет болған жер сілкінісі аумағына алғаш баруыңыз ғой. Құтқарушыдан бөлек, қарапайым адам ретінде қандай күйде болдыңыз...

– Біз қайда бара жатқанымызды білдік. Жер сілкінісі кезінде ғимараттар құлап, тұрғындар зардап шегетіні анық. Алдын ала қандай көрініске тап болатынымды сездім, іштей дайындалдым.

Барған бетте іске кірістік. Жылап-сықтаған адамдарға көңіл бөліп, назар аударуға уақыт та болмады. Әйтпесе, баласын жоқтап, анасын іздеп аңыраған адамның дауысынан құлақ тұнады.

Бізге белгілі бір нысанды берді. Барынша жылдамдық пен күшті салып, көз жұмған немесе тірі қалғандарды табу үшін жанталаса жұмысқа кірістік.

Аман қалған қанша адамды құтқардыңыздар?

– Бізге берілген нысаннан барған күні алғашқы тәулікте 3 тірі адамды құтқардық, қайтыс болған 11 адамның мүрдесін шығардық. Аман қалған үш адамның екеуі – әйел, біреуі – ер азамат. Жасы ересек әйел мен қыз бірге болған. Ал ер азаматты басқа жерден таптық.

Фото: ғаламтордан

Дауыс шыққан жерді бақылауға алдық. Әрине, бізге кинологтардың көмегі көп тиді. Кинологтар итпен іздестіру шарасын жүргізіп, дем шыға ма, жоқ па, соны анықтады. Сол жерді қазып, құтқарып алдық.

Біз өзіміз үшін емес, үйінді астында қалған адамдар үшін қорықтық. «Ғайыптан тайып тірі қалып, үйінді астында көмекке зәру болып жатқан тұрғындарды құтқара аламыз ба?» деген ой кетпей қойды. Егер аз қателік жасасақ, көмек қолын соза алмай қаламыз-ау деген қорқыныш та келді.

Үйінді астында тірі жатқан адамның дауысын естісек те, оған қалай жете аламыз? Осындай сәтте қандай тәуекелге бару керегін алдын ала ой елегінен өткізесің. Мысалы, әлгі тірі қалған әйелді құтқару жұмысына 8-10 сағат кетті деуге болады. Сол сәтте  мына жақтан барып, адам іздестіру-құтқару жұмысына сәл де болса көмек бергенімізге іштей қуандық.  

Жергілікті халықтың қошеметін сезіндіңіздер ме?

– Әрине. Бізді көргендер «Қазақстаннан келдіңіздер ме?» деп сұрап жатты. Алғысын білдірді. Жалпы, түрік халқы Қазақстанға ерекше бүйрегі бұрып тұратынын сездім. Оның үстіне біз бауырлас халықпыз ғой. Әсіресе, тірі қалған үш адамды құтқарғанда жергілікті тұрғындар, полиция мамандары қол шапалақтап, қошемет көрсетті. Ал аман қалған адамдарды көргенде бізді екі есе қуаныш кернеді. 

 Фото: ТЖМ

Үйінді астынан 11,12 тәуліктен кейін де тірі қалған адамдар табылып жатты. Сіздіңше, әлі де аман қалғандар болуы мүмкін бе? 

– Қала бір сәтте қирап қалған. Біз үйіндіні барынша мұқият қазуға тырыстық. Үміт үзген жоқпыз. Табылған тұрғынның көбі аман қалмаған. Құтқарушылар шама-шарқынша іздеуге тырысты. Тіпті, әлі ол жерде үйінді асты қазылмаған үйлер де бар сияқты. Бірақ қазір оның астында тірі қалған адам жоқ деп ойлаймын. 

Құтқарушы ретінде айтыңызшы, жер сілкінісі кезінде қандай әрекет жасау керек? Мәселен, түрік құтқарушылары бейнеүндеу жариялап, «тоңазытқыштың жаны ең қауіпсіз жер дей алмаймыз. Бірақ қаншама үйдің төбесі тоңазытқышқа құлап, бүлінбеген...» дегенді айтты.  

– Бәлкім, тоңазытқыштың көмегі бар шығар, білмеймін. Бірақ бізде құрылыс салу типі әртүрлі. Нурдагы қаласындағы үйлер кірпіштен салсынса да, жоғары жағында плиталар жатты. Кәдімгі көпқабатты үйлер, бірақ құрылысы басқаша.

Бізде панелді, кірпішті, бетонды үйлер көп. Жер дүмпуінің соққысы да әртүрлі болады ғой. Көптеген фактор бар. Құтқарушы ретінде тек жер дүмпуінің эпицентрінде болмауға кеңес беремін.

Бірақ біздегі көпқабатты үйлердің сапасын мамандар тексеру керек сияқты.

Фото: ғаламтордан

Түркиядағы жер сілкінісінен кейінгі көрініс көз алдыңызда ұзақ сақталатын шығар енді...     

– Біз өмірде апатты жағдайдың талайын көрдік. Қарағандыдағы Шахтинск қалалық әкімдігіне қарайтын Шахан кентінде тұрғын үйдің подъезі құлаған кезде де тоғыз адам қаза тапты. Сол кезде де іздестіру және құтқару жұмысына қатысқаным бар. Алайда, Түркиядағы жер сілкінісінің ауқымы кең. Адам шығына да көп. Бірақ құтқарушы боп жұмыс істеген соң тек қана адамның өмірін аман алып қалуға барыңды саласың. Әрине, өз өмірім үшін қорықтым. Отбасыма асықтым. Бірақ жұмысымыз солай. Себебі, бұл – менің таңдаған мамандығым, сүйіп істейтін жұмысым.

Тегтер: