Биыл «Пандора» компромат жәшігін ашады
2020 жыл шенді-шекпенділер үшін тым қатты басталды. Қатты дейтініміз, шенеуніктер қат-қабат ұсталып жатыр. Жемқорлықпен күрес дәл осы қарқынмен жүретін болса, жыл соңына дейін әлі талай шенді істі болуы ықтимал.
Алдымен қаңтарда қамалғандарды ой елегінен бір өткізіп шығайық. Жаңа жылдың буы басыла бастаған тұста Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов ұсталды. Алматы қаласындағы Алатау ауданының әкімі Шахмерден Рыспаев пен Нұр-Сұлтанның Байқоңыр ауданына басшы болған Асқар Еділов те қамауға алынды. Ырғыз аудандық сотының төрағасы Ерлан Бақытжан, прокурор Айдос Сағындықов және Әйтеке би ауданының әкімі Мәди Сағындықов қолға түсті. Алматы қаласындағы Бостандық аудандық сотының төрағасы Алтынбек Баяновтың да қолына кісен салынды. Шымкент қаласының Мәдениет, тілдерді дамыту және мұрағат басқармасы басшысының орынбасары мен ҚР ІІМ ҚАЖК «Еңбек» РМК «Еңбек-Ақтөбе» филиалы директорының міндетін атқарушы тұлға қамалды. Алматы, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстары мен Шымкент қаласының белді полицейлері қамауға алынды. Күні кеше Солтүстік Қазақстан облысының Сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау басқармасының бастығы Батырбек Қалабаевтың ұсталғаны хабарланды.
Осылардың ішінде ақтөбелік шенділерге (сот, прокурор және әкім) ғана тағылған айып бөлек. Олар шортан аулаймыз деп жүріп, өздері ауға түсіп қалған көрінеді. Ал қалғандары қызмет бабын асыра пайдалану, жемқорлық, пара алу, сыбайластық бойынша күдікке ілінген. Ең таңданарлығы, осы оқиғалардың бәрі қаңтардың 10-25 күндері аралығында ғана болған.
Ендеше, айналдырған екі аптаның төңірегінде осынша шендінің істі болуы нені білдіреді? Рас, облыс, аудан әкімдері мен сот төрағасының ұсталуы қазақстандықтар үшін жаңалық емес. Өйткені тәуелсіздік алғалы бері ондаған министр, осы шамадағы генералдар, тіпті ҰҚК басшысы мен премьер-министрдің де сотталғанын көрген елміз.
Сондықтан мәселе лауазымда емес, құрықтау оқиғаларының тым жиілеп кеткенінде болып түр. Мұның себебін кейбір сарапшылар жаңа президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа қарайласу әрекетінен туған тірлік деп есептейді. Мемлекеттік бюджеттің бүйірі қабыса бастаған соң, жегендерді «құстыру » арқылы «қоржын толтырудың қамы» жүріп жатыр дейтіндер де кездеседі.
Алайда негізгі себепті жоғары биліктегі жаңа өзгерістің төңірегінен іздейтіндер көп. «Билік батальоны» екіге жарылды дегенді қазір екінің бірі айтатын болды. Егер дәл осы нұсқада ақиқат бар деп есептесек, бұл – жасырын жүріп жатқан «ұстап беру», «есе қайтару», «кек алу» сынды күрестердің көрінісі болуы да бек мүмкін.
Ежелгі грек аңызындағы «Пандора жәшігі» осындайда еске түседі. Гректер Пандораны жер бетіндегі тұңғыш әйел деп есептейді екен. Зевстің бұйрығы бойынша от құдайы Гефес басқа да құдайлардың көмегімен батпақ пен суды араластырып отырып, Пандораны жасап шығыпты-мыс. Афродита – сұлулық сыйлаған, Гермес – шешен тіл беріпті, Афины – киіндірген.
Күндердің-күнінде Пандора Зевстен келген сәлемдемені – Пандора жәшігін ашып жіберген екен, жер әлемді жұт жайлап, сандықтың түбінде тек сығырайған жалғыз үміт қалыпты...
Бейнелеп айтсақ, бізде де сол «Пандора жәшігі» ашылуға шақ тұрғандай көрінеді. Соңғы жағдайлар осындай ойға еріксіз жетелейді. Жоғарғы биліктегі әлдебір қапылыс, тұтқындаулар, халықтың көңіл-күйі...
«Пандора жәшігі» деп тығулы жатқан түрлі компроматтарды айтсақ, «Пандораны» кім деп тануды өзіңіз шешіңіз. Компромат жәшігі толығымен ашылса, «Пандораның» өзіне де оңай болмауы бек мүмкін.
Қысқасы, 2020 – жаңа билік үшін «не бел, не белбеу кетер» жыл болғалы тұр...