14 Тамыз 13:39

Бибігүл Нұрашева: Қол астындағыларына құл ретінде қарайтын жұмыс беруші көп

Фото:

Қарапайым халық үшін еңбек қатынастары аса өзекті мәселеге айналып отыр. Жұмыс беруші мен жұмыскердің арасындағы қарым-қатынас келін мен енені еске түсіреді. Рас, бізде Еңбек кодексі бар. Тәп-тәуір-ақ.  Соған негізделіп еңбек шарттары жасалады. Еш мін таба алмайсыз. Десе де, жұмыс берушілердің дені қол астындағыларда құқық бар деген түсініктен мүлде ада. Оны күнделікті өмірден жиі көреміз. Екі адамның бірінің басында бар, не болған жағдай. Еңбек кодексін көзіне ілгісі келмейтін жұмыс берушілерден азаматтар өз құқығын қалай қорғауы тиіс? Еңбек заңнамасын қадағалайтын органдардың жұмысы көңіл көншітпейді? Бұл сұрақты заң ғылымдарының PhD докторы, Еңбек құқығы бойынша сарапшы Бибігүл Нұрашеваға қойдық.

– Заң тұрғысынан қарағанда, әрбір жұмыскердің өзін-өзі қорғауға толық құқығы бар. Бұл Конституцияның 13-бабында нақты көрсетілген. Сот арқылы да қорғауға болады. Еңбек заңнамасына қарасақ, бізде оның бірнеше тәсілі бар. Біріншісі, өзін-өзі қорғау. Яғни, жұмыс берушімен келіссөздер арқылы дауды шешу. Қазіргі таңда мұны «тиімді әдіс» деп айта алмаймын. Жұмыс беруші еңбек заңын ерекше бұзып, осындай әрекеттерге баратын болса, мұны ресми түрде «құлдық» деп атауға болады.  Жеке басының шаруасына жегу, демалыс күндері жұмыс істету, жұмыстан кейін де қалдыру фактілері өте көп. Көбіне жекеменшік секторларда, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерде жиі кездеседі. Екіншісі, прокуратура және мемлекеттік инспекция арқылы еңбек құқықтарын қорғау. Жалпы, еңбек инспекциясының ең негізгі қызметі – еңбек заңнамасының дұрыс орындалуын қадағалау.

– Бұл жерде мемлекеттік органдар жұмысын қаншалықты тыңғылықты орындап жатыр?

– Еңбек инспекциясы өз функциясын 100 пайыз орындап жатқан жоқ. Себебі, заң бұзушылық болып, жұмыс берушілер жұмыскерлердің құқығын бұзып жатады. Мұндай жағдайда әрбір азамат өтініш білдіріп, еңбек инспекциясы арқылы құқығымызды қорғауға құқығымыз бар. Бірақ бұл институт қазіргі таңда дұрыс жұмыс істемейді. Өйткені, біз еңбек инспекциясына осындай деректер бар деп өтініш жасаған соң, олар отыз күннің ішінде келуге құқылы.

Есептеп көріңіз, біз оларды отыз күн бойы күтеміз. Келуден бас тартып: «Жоқ, біз телефон арқылы шешеміз» десе, таң қалмаңыз. Шындығында, қолдарынан ештеңе келмейді. Құқықбұзушылық болса, бұл инспекцияға арқа сүйеп, өтініш айта алмасақ, біз өзімізді қалай қорғамақпыз? Мемлекет не үшін қажет? Еңбек инспекторлары – мемлекеттік қызметкерлер. Еңбек заңнамасының орындалуын бақылайтын бірден-бір мемлекеттік орган – осы. Отыз күннен кейін хабарласатыны немесе мүлде келмей жатқандары да бар.

Басты шикілік неде, сонда?

– Бір жағынан мемлекеттік еңбек инспекторларының саны жетіспейді. Министр Нұрымбетовтың өзі бір мемлекеттік инспектордың басына алты мың кәсіпорыннан келетінін айтты. Яғни, бір адам алты мың кәсіпорынды тексереді.

Саны ғана емес, сапасы да жетіспейді. Мен жұмыс барысында мемлекеттік инспекторлармен жиі жолығып, бірге жұмыс істеймін. Дені заңды білмейді. Еңбек кодексін мүлде ашпаған адамдар секілді көздері бақырайып отырады. Сондықтан «Осы мәселеге көңіл бөлейік. Мемлекеттік инспекторлар дұрыс жұмыс жасамағанынан адам құқығы аяққа тапталып жатыр» деп министрлікке хат жаздым. Мақала да жарияладым. Әлеуметтік желілерде де жиі жазып жүрмін. Онсыз бұл белең алып, ешқашан тоқтамайтын үдеріске айналып кетеді. Мемлекеттік инспекцияны күшейту керек. Қызметкерлерді оқыту керек. Бізде мемлекеттік басқару академиясы бар. Неге сол жақта оқытпасқа? Бұл жөнінде осы академияның ректорына да сауал жолдадым. Ол кісі «Еңбек министрлігі өтініш білдірсе, оқытуға дайынбыз» деп жауап берді.

– Заңды білмейтін инспектор ұйымға келіп, құқықбұзушылықты қалай анықтамақ?

– Ешқашан анықтай алмайды. Бізде прокуратура бар. Ол да еңбек заңнамасын қадағалайтын мемлекеттік орган.  Нақтылап айтқанда, еңбек инспекциясы – бақылайды, прокуратура – қадағалайды. Біз прокуратураға шағым түсірсек, олар еңбек инспекциясына сілтейді. Рас, прокуратура барлық заңдарды қадағалауы тиіс. Сондықтан еңбек құқығын қадағалауға уақыттары да болмай қалады кейде. «Еңбек инспекциясына бардық. Олар жұмыс істемей жатыр. Бар үміт – сіздерде ғана», деп қолқа салғаннан кейін ғана прокуратура іске кіріседі. Еңбек қатынастарына байланысты көп заңбұзушылықтарды прокуратура ашып, нақты статистикасын көрсетіп отыр. Менің ойымша, мемлекеттік инспекция қызметкерлерінің санын көтеріп, оқытып, жалақысын көбейту ләзім. Осы арқылы ғана біз осы органды күшейте аламыз. Ол күшті болған сайын, әрбір азаматтық құқығы қорғалады. Өтініш білдіріп, бір нәтиже күте алады.

– Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің сайтын қарап шықтым. Тікелей байланыс жасауға болады екен. Еңбек қатынастарына қатысты 63 485 сауал түсіпті. Сайтта сонша жауап берілген деп көрсетілген. Алайда, еңбек дауы, еңбекақысын төлемеу, еңбек демалысы жайлы халықтан қойылған сауалдарға бір жылдан бері ешқандай жауап берілмеген.  Бұл министрліктің өз міндетін дұрыс атқарып жатпағанын көрсете ме?

– Солай болып тұр. Кейде дұрыс жауап бермейді, кейде мүлде жауапсыз қалдырады. Заңгер ретінде, ғалым ретінде айтарым, еңбек кодексі қарапайым жұмыскерге арналып жазылған заң болуы тиіс. Көп адамдар «Еңбек кодесін ашып оқыдық, бірақ ештеңе түсінбедік» деп хабарласып жатады. Заңды түсіну қиын. Қарапайым жұмыскерлер оқығанмен, маманның көмегінсіз түсінбейді. Ал заң қарапайым адамға түсінікті тілде жазылуы тиіс. Мәселен, алты ай бойы жалақысын ала алмай жүрген жұмыскер заңгерге ақша қалай төлей алады?

– Сонда не істеу керек?

– Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі де қоғамды дамытуға үлес қосуы керек деп есептеймін. Пандемияға дейін де, пандемиядан кейін де еңбек дауларының саны өсіп барады. Бұл жерде азаматтардың заңдық білімін көтеру қажет. Құқықтық нигилизммен күресу керек. Адамдар заңды білмегендіктен, конституциялық құқығын аяққа таптатып отыр. Жұмыс берушілер мұны жақсы пайдаланады. «Заңды білмейді, бұл жақсы. Ендеше еңбек шартын да сақтамауға болады», – деп, қол астындағыларын құл ретінде ұстап отырғандар көп.

– Жұмыс беруші мен жұмыскерлер арасында жасалған еңбек шарттары бар. Бұған елімізде басшылардың дені жай қағаз ретінде қарайтын секілді. Еңбек шарттарының талаптары жаман емес. Құқықтары ашық керсетілген. Артық жұмыс тапсырылса немесе демалыс күндері жұмыс істеуге тура келсе, екі есе күндік ақы төленетіні жазылған. Бірақ бұл ереже мүлде сақталмайды десек артық айтпаймыз. Неліктен?

– Мұндай жағдайда мемлекеттік инспекцияға баруға құқығыңыз бар. Тексеру жүргізу керек. Құқықбұзушылық анықталғанда, мемлекеттік инспектор өзінің ұйғарымын қалдыруы тиіс. Оны орындамаса, жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бірақ мұндай фактілер қайталанған жағдайда жұмыскердің сотқа жүгінуге құқығы бар. Бірақ 2016 жылдан бастап ұйым ішінде он бес адамнан артық жұмыс істейтін болса, онда әр ұйымның ішінде келісім комиссиясы болуы шарт. Бұл комиссия сотқа дейінгі дауларды қарайды. Ол – міндетті шара. Онсыз сотқа барсаң, талап-арызыңыз қабылданбайды. Келісім комиссиясының шешімімен екі тараптың бірі келіспеген жағдайда ғана сотқа бара аламыз. Сот шешімін сот орындаушылары жүзеге асыратын болады.

Бір айта кететін жайт, сот арқылы құқық қорғалған кезде жұмыс беруші мен жұмыскердің арасындағы қатынас бұзылады. Сот арқылы бұрынғы жұмысына қайта тұрып жатқандар бар. Біздің жұмысымыздың нәтижесі сол. Сот арқылы қайта жұмысқа кіргенмен, көп жағдайда ол кісіні шыдатпай, қысымды күшейтіп жібереді.

– Мұндай жағдайда не істеу керек?

– Қайтадан бәрі басынан басталады. Прокуратураға, мемлекеттік инспекцияға, сотқа барамыз. Меніңше, осыны болдырмау үшін халықпен, яғни жұмыс берушілермен де, жұмыскерлермен де ағарту жұмыстарын жасау керек. Себебі, біздің елімізде еңбек қатынастарындағы мәдениет қалыптаспаған. Заңды сақтау, орындау мәдениеті жоқ. Халықпен жұмыс істелсе ғана, жұмыс берушілер қызметкерлердің құқығын бұзбайды. Бұзған жағдайда мемлекеттік инспекция жауапкершілікке тарту керек. Жауапқа тартып, айыппұл салмаса, кейбір адамдар ешқашан заңды орындамайды. Тек қана айыппұлдан қорқып отыратын адамдар бар. Заңды сыйлау мәдениетін көтеріп, қалыптастыру керек.

– Францияда бастықтарға қол астындағы қызметкерлерге жұмыстан тыс уақытта қоңырау шалуға тыйым салған. Хабарламамаларын оқымауға да құқығы бар. Заңда осылай тайға таңба басқандай көрсетілген. Бәлкім, бізге де осындай арнайы заң қабылдау керек шығар. Қалай ойлайсыз?

– Иә, келісемін. Бізде нақты жұмыс жұмыс уақыты біткеннен кейін ғана басталды. Бұл – басшылардың менеджер ретінде біліктілігінің жоқтығын көрсетеді. Яғни басшы бола алмайтын азамат деген сөз. Жұмысты дұрыс ұйымдастыра алмаса, ол қалай бастық болып отыр? Жұмыс беруші де, жұмыскер де осыны түсінгені абзал.

– Әңгімеңізге рақмет.

Тегтер: