Бейжің-2022: Құлыбаев құрқол қайтты...

Төрткүл дүние көз тіккен төрт құрлықтың басты бәсекесі Олимпиада, нақтыласақ XXIV қысқы Олимпиада ойындары да аяқталды. Ел абыройы мен намысы сынға түскен додадан бірде-бір жүлде ала алмай, қоржынымыз бос қайтты.
Төрт жылда бір келетін бәсекеге улап-шулап барып, бір жүлде ала алмау спортшылар ғана емес қазақ жанкүйерлеріне де оңай тимеді. Ұлттық Олимпиада комитеті сынға көміліп қалды. Жақтап жатқан бірі жоқ. Тіпті, Мемлекет басшысының тапсырмасымен ҰОК мен спорт комитет арасындағы келісімшарт үзілді.
Комитет бірнеше жылдан бері мемлекет қаржысын игеріп келді. Осы жыл үшін де алдын-ала 800 миллион теңге аванс комитет есебіне аударылған. Қаржының 228 миллионы делегацияның Бейжіңге бару-қайтуына жұмсалса, жалпы дайындыққа 400 миллион кетіпті. Енді 1 сәуірден бастап мемлекет Тимур Құлыбаев басқаратын мекемеге қаржы аудармайды.
Бейжіңде Норвегия ешкімге дес бермеді. Осы Олимпиадаға қатысты «әттең» сөзі әу бастан айтылып еді. Украина, Польша, Швеция мен Норвегияны артқа салған Қазақстан Олимпиада астанасы атануға бір табан жақын қалған-ды. Айтпақшы, Алматыны халықаралық олимпиада комитетіне сол кездегі Премьер-министр Кәрім Мәсімов таныстырған. Бірақ, дауыс беру нәтижесі бойынша Пекин бұл шараны жеңіп алды.
Соңғы жылдары халықаралық спорт додаларында Қазақстанның жолы болмай жүр. Сыншылардың дені «бұған ҰОК кінәлі» дейді. Сонда мемлекеттік бюджеттен бөлінетін қыруар қаржы қайда кетіп жатыр? Өткен жылдың есебі әзірге белгісіз. 2021 жылдың соңында ҰОК бас директоры Нұрлан Нөгербек ҚР ҰОК Бас Ассамблея отырысында 2020 жылдың шығынын айтып, көпшілікті аң-таң еткен-ді.
Бас директордың айтуынша, 2020 жылы мемлекеттік тапсырмалар жағынан ҰОК бюджеті 10,871 миллиард теңге болған. Бұл қаржының 4,62 миллиард теңгесі 1 200 адам еңбек ететін ұлттық құрама командалардың мүшелеріне, кешенді ғылыми топтарға және мамандарға төленген. Тағы 4,993 миллиард теңгесі оқу-жаттығу жиындарын өткізу, халықаралық жарыстарға қатысу, Қазақстанда халықаралық жарыстар ұйымдастыруға жұмсалған. Қалған қаржы болса, Ұлттық құрама командаларына киім сатып алуға, федерацияның түрлі қызметтеріне, сондай-ақ, ұлттық құрама командаларының мүшелеріне спорттық тағам сатып алуға бағытталыпты. Қош, солай-ақ болсын, ал енді нәтиже қайда?
Одан бөлек, Халықаралық Олимпиада комитетінен бөлінген 204 миллион теңге түрлі гранттарға, демеушілерден келген 573 миллион теңге спортшыларды молекулярлық генетикалық зерттеуге, Олимпиада күнін өткізуге, киберспорт сайысын өткізуге, Олимпиада сабағына, ұлттық құрама мүшелеріне медициналық көмекке жұмсалыпты.
Жоғарыда айтқанымыздай, мемлекет ҚР ҰОК-не ақша аудармайтын болды. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшысы лауазымынан жақында кеткен Құлыбаев үшін енді ҰОК де еш табыс әкеле қоймас. Пекиннен спортшылар ғана емес, Құлыбаев та жүлдесіз қайтты. Өйткені жыл сайын бірнеше миллиард қаржы айналып отырған ҰОК тағдыры қыл үстінде тұр.
Т.Құлыбаев. Фото: inbusiness.kz
Комитеттің ресми сайтында мынадай қызық дерекке кезіктік: Құлыбаев – экс-президент Н.Назарбаевтың Ұлттық олимпиада комитетін басқарған алғашқы күйеу баласы емес екен. Сонау 2002 жылы Рахат Әлиев те аталған комитеттің президенті болыпты. Ол кезде де АҚШ-қа барған 50 спортшының бәрі бос қайтқан.
Бейжіңде 15 спорт түрінен жалпы 109 медаль жиынтығы сарапқа салынды. Ел үміт артқан 34 атлет 8 спорт түрінен сынға түсті. Ел бар үмітін артқан Абзал Әжіғалиев төртінші орын алды. Қола қолдан сусып кетті. Әйтсе де сарапшылар Әжіғалиевтің төртінші орынын «өте үлкен нәтиже» деді.
Фристайл акробатикадан бақ сынаған Жанбота Алдабергенова мен Ақмаржан Қалмұрзаеваға сәттілік жетіспеді. Бір жағы төрешілер де бағалау критерийлерін өзгерткені айтылып жатты. Әйтпесе, спорттың бұл түрі жанкештілікті талап ететіні белгілі. Ақмаржан да Жанбота да аянып қалған жоқ. Биатлоншыларымыздың өнері көңіл көншітпегені жасырын емес. Нысанаға мүлтіксіз оқ тигізген спортшыларымыздың жылдамдығы келесі Олимпқа дейін сөз болары анық.
Әлеуметтік желіде «Қазақстан Олимпиаданы «ең әдемі спорттық киім» деген нәтижемен аяқтады» деген жазбалар көбейді. Расымен де отандық делегацияның XXIV қысқы Олимпиада ойындары ашылу салтанатында киіп шыққан киімі шетелдік БАҚ-ты да қайран қалдырғаны рас.
Олимпиада ғана емес халықаралық спорт жарыстарының дені қазақ спортшылары үшін сәтсіз өтуде. Қазақ спорты ауыр дағдарысты бастан өткеріп жатқаны ақиқат. Талайдан «реформа қажет» дегенді жазып келеміз. Оның алғашқы қадамдары да басталған сыңайлы. ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың мойнында үлкен міндет тұр. Оны қалай атқарады. Ол – уақыттың еншісінде.