28 Желтоқсан 09:09
...

Батпайтын «Титаник»

Фото:

Айтқали Маймушев – «Леха Маймыш», «Леха Семипалатинский», «Титаник».., ТМД мен Қазақстан аумағындағы ең ықпалды авторитеттердің бірі. Оның заңды жолмен де, қылмыстық жолмен де тауып отырған бірнеше миллиондық табыс көзі бар.

Орган қызметкерлерінің айтуынша, «Леха Маймыш» Қазақстан – Сібір және Ресейдің Орал аймағы арқылы тасымалданатын есірткі трафик жүйесінің «авторы» көрінеді. Бұдан өзге, ол Қытайға темір өткізіп, ол жақтан спирт әкелуді де жақсы жолға қойған. Көмір, мұнай және алтын өндіру саласына да ерекше қызығушылық танытып жүреді. Бір сөзбен айтқанда, қылмыс әлеміндегі мүйізі қарағайдай олигархтардың бірі. Алайда, ол қылмыскерлердің түсінігімен өмір сүріп, өзінің қылмыстық тобын басқарады, бандиттік мәселелерді реттеп, белгілі бір аймақтарды қадағалайтын «серкелерді» сайлайды, криминалды орта үшін ақша жинап, түрмеде отырғандарға жәрдемақы жөнелтіп отырады.

Әлеуметтік желідегі әңгімелерге көз тіксек, Айтқали балалық шағын балалар үйінде өткізіп, сол жерде «Леха Маймыш» деген лақап атқа ие болған, сосын бұзақылық үшін сотталып, жасөспірімдер колониясында отырып шыққан. Одан кейін – қару-жарақ сақтау, қамау орнынан қашу, бопсалау секілді түрлі қылмыстық әрекеттерімен 20 жыл уақытын сарп еткен. Кейінірек пайда болған «Титаник» деген лақап аты оның илікпейтін мінезі мен бірбеткейлігі үшін беріліп, сол үшін де қылмыстық әлемде «заңдағы ұры» ретінде марапатталған деп айтылады. Бірақ, бұл ақпаратты органның барлық қызметкерлері жоққа шығарады. Құқық қорғау қызметінің мұндай пікірі бола тұра, қылмыс әлемінің бүкіл серкесі «Маймыштың» 1997 жылы авторитет Худо Гасоянның қолдауымен Мәскеуде «заңдағы ұры» боп тағайындалғанын жоққа шығармайды. Бұған себеп, интернет көздерінде Айтқалидың Сібір, Татарстан, Өзбекстан, Санкт-Петербор қалаларының авторитеттерімен тығыз байланыста екендігі жөнінде ақпараттардың болуынан шығар. Төмендегі суретте осы ойымызды қуаттайтын мысал ретінде біздің кейіпкеріміздің Ресей және Өзбекстан мемлекеттерінің авторитеттерімен түскен суреті де дәлел болғандай.

Бұл фотосуреттер мен мәліметтерді көршілес елдің арнайы қызметі тектен-текке әлеуметтік желі бетіне шығарып отырған жоқ. Шамалауымызша, қазіргі кезде қылмыстық жолмен жиған байлығы мен жолға қойған бизнесін заңдастырып алып, байыпты бизнесменге айналған түр көрсетеді. Сондықтан қылмыс әлемінің серкелерінен отандық бизнес пен аймақтық саяси тетіктерді қорғауға мән беруіміз керек сияқты.

Кей деректерге иек артсақ, соңғы жылдар «Маймыш» үшін оңайға соқпаған іспетті. 2018-дің сәуірінде ол есірткі тасымалы жөнінде маңызды мәселені шешу үшін Молдоваға барады. Алайда, жергілікті полиция оның келгенін біліп, Айтқали Маймушев түскен қонақүйде үлкен тексеріс жүргізген. Әрине, ешқандай күдікті зат табылмаған, есесіне, сот үкімімен 15 жылға дейін молдован жеріне кіре алмайтындай етіп үкім шығарып, «Леха Маймышты» елден шығарып жіберген.

2017 жылы да «Титаниктің» өмірінде тағы бір үлкен есті тандырарлықтай жайт болған еді. Ол оқиға Украинада болды. Украина Ішкі істер министрлігі коммуникациялар департаментінің басшысы Артем Шевченко өзінің Фейсбук парақшасында Айтқали Маймушевке орган қызметкерлері қойған «Сіз заңдағы ұрысыз ба?» деген сұраққа, оның «Ұры – ол адамның есімі» деген бейнежазбасын жариялап, бүкіл ТМД деңгейінде ол жайлы ақпаратты паш етті.

«Мына бейсболка киіп, қара көзілдірік таққан, арқасына жолсөмке асып алған арықша келген ағай еліміздің көрікті жерлерін тамашалап, ұлттық асханамызға тамсану үшін қыдырып келген турист емес. Шынтуайтында да, ол – шетелдік, Қазақстан азаматы, өзі айтқандай турист, бірақ, ол – «қылмыскер турист». Бандит әлеміндегі авторитет және «заңдағы ұры» ретінде түрмеде екі иығына жұлдыздың суретін салдырған қылмыскер – «Леха Семипалатинский» деген лақап аты бар Айтқали Маймушев», – деп жазды Шевченко.

Әрине, мұндай халықаралық айыптаудан кейін біздің құқық қорғау органдары да мүлгіп отырған жоқ. «Маймыштың» артынан майшам алып түсіп, әрбір басқан қадамын аңдып отырды десе де, болады. Алайда, кәнігі «Титаник» ізкесушілерден бұрын қимылдап, шетел асып, сағалай қашып, өзі жайлы әңгіме азайып, артынан аңду сирегенше сырт мемлекеттерді паналап жүрді. Қанша жерден қылмысын жасырып, таза көрінуге тырысқанымен, «2000 жылдың бас кезінде еліміздің бірнеше түрмесіндегі жаппай баскөтерулерді Маймыш ұйымдастырды» деген нақты айыптау әлі де күшін жойған жоқ...

Кейінгі кезде «Леха Маймыш» не Павлодарда тұрады немесе сол жақтағы өзінің бизнес жобаларын тексеріп кету үшін жиі келеді деген ақпарат бар. Заңды бизнес қана болса жақсы ғой, есірткі тасымалы мен саудасын да қадағалап келіп-кете ме деген күдік бар. Мендегі деректер мен ақпараттарға иек артсам, Павлодар қазіргі таңдағы Ресей арқылы Еуропадан жеткізілетін синтетикалық есірткілерді алып өтетін бекет ретінде және Павлодар арқылы сыртқа қоспасыз апиын мен марихуана шығатын қақпа ретінде қызмет етіп тұр. Өйткені, Ертіс бойындағы осы қала: оңтүстігінде Семей, Шығыс Қазақстан, одан әрі Алматы, солтүстігінде Новосібір, Омбы мен Барнауыл сияқты, олардан сәл әрірек 500 шақырымдай батыс жаққа қарай үлкен сұраныс табылатын Астана тұрғандықтан, бұл маршрут өте ыңғайлы. Тіпті, Павлодарда есірткі бизнесінің жақсы дамығанын қадағалап отыратын «Мажорлар» деп аталатын қылмыстық топ та бар. Елдің айтуынша, бұл қылмыстық топ жергілікті элитаның балалары көрінеді. Естуімізше, олар бір кездері облысты басқарған, әлі де билік мінберінен түсе қоймаған бір дөкейдің жиенін есірткінің ауыр түріне отырғызған деседі.

Айта кетсек, Айтқали Маймушевтің атында ресми түрде еш нәрсе тіркелмеген. Ол өзінің жиған-тергенін ел көзінен тысқары, кісі білмейтін жерде ұстап отыр. Қазіргі таңда құқық қорғаушылар оның қанша байлығы барын біле алар емес. Біз білетін батпайтын «Титаник» өзіне тиесілі түрме мерзімдерінің бәрін өтеп тастап, қазір айтулы авторитет ретінде ел қатарлы өмірін сүріп жатыр. Бір сөзбен айтқанда, «Маймыштың» бүкіл өмірі – күрес, соған қарамастан, ол батпауы керек...

Журналист Асқар Жалдиновтың «Вне протокола» кітабынан.

Тегтер: