23 Ақпан 17:29

«Жасыл Қазақстан» – экологияны қорғаудан басталады

Фото:

Елімізде АЭС салу мәселесі сонау 1998 жылдардан бері көтеріліп келеді. Алайда, бұған дейін сөз жүзінде талқыға салынған жайт соңғы жылдары билік мінберінде жиі айтыла бастады. Себебі, мамандар алдағы уақытта республиканың оңтүстігі мен солтүстігінде энергия тапшылығы қатты сезілетінін анық айтуда. Одан бөлек энергияны тиімді жұмсау саясаты әлсіреп, қоршаған ортаны ластау әрекеті белең алған. 

Қазақстан жасыл экономика қағидаттарын ескеріп, экологияны қорғау мақсатында 2021-2025 жылдарға арналған «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасын қабылдаған. Жобаның мақсаты – халықтың қолайлы өмір сүруін қамтамасыз етіп, ауа сапасын жақсарту. Сондай-ақ өндіріс қалдықтарымен тиімді жұмыс істеп, суды ұқыпты тұтыну, Балқаш көлі мен Солтүстік Арал теңізінің экожүйесін сақтау қарастырылған. Бір сөзбен айтқанда, жоба тұрғындардың қоршаған орта мен жануарлар әлемін қорғап, экологиялық санасын оятуға жұмыс істемек. Оған бюджеттен жалпы сомасы 1 413 126,354 млн теңге бөлінді.

Негізінен 4 бағытты қамтитын жобаның бірінші бағыты – «Таза Қазақстан» деп аталады. Бұл бойынша 5 жылда өнеркәсіптен шығатын қалдықтарды 20 пайызға төмендету көзделген. Қазір қоғамда қатты тұрмыстық қалдықтар  мәселесі өзекті. Ол үшін 8 мыңнан астам контейнер орнатып, қалдықты кәдеге жарату мақсатында қайта өңдеу де маңызды.

Экологияны қорғау, энергияны тиімді жұмсау саясатына келгенде таяқтың бір ұшы АЭС салуға кеп тіреледі. Әрине, Чернобыль мен Фукусима апатынан кейін АЭС десе, жұрттың бойын қорқыныш пен үрей билеп алған. Алайда, мамандар қазіргі реакторлар 3+, 4+ буындағы соңғы заманауи үлгіге сай,  бұлардан келетін ешқандай қауіп жоқ дегенді айтады.

Былтыр Энергетика министрі Болат Ақшолақов АЭС салу үшін Алматы облысы Балқаш көлі маңындағы Үлкен ауылы таңдалғанын да жария еткен. Ал қазір Қазақстанда АЭС салуы мүмкін деген төрт мемлекеттің ұсыныстары мен мүмкіндіктері барлық талапқа сай қарастырылып жатыр. Олар – CNNC – қытайлық компания, KHNP – корейлік компания, ресейлік «Росатом» және француздық EDF. Әзірге, вендорды кімнің салатыны туралы ақпарат жыл соңына дейін белгілі болмақ.

Сонымен, шамамен құрылысына 11-13 млрд теңге көзделіп отырған АЭС-ті қай мемлкеттің салғаны тиімді? Бұған дейін әлеуметтік желіде станцияны Франция, тіпті Оңтүстік Корея салады екен деген пікірлер желдей есті. «Бұл әңгіменің шеті қайдан шықты?» деген мәселеге терең үңіліп көрейік.    

Былтыр жыл соңында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Францияға сапары аясында «Самрұқ-Қазына» Қоры осы елдің «Assystem» компаниясымен өзара ынтымақтастық орнатып, меморандумға қол қойған болатын. Алайда, бұл компания тек елімізде АЭС салынған жағдайда кадрлар даярлау және техникалық кеңес беру жағын ғана сүйемелдеуді міндетіне алатын болды. 

Бұл тұрғыда «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС-нің атом энергетика бөлімінің инженері Асуан Сиябековтің айтуынша, қазіргі таңда 4 мемлекетпен де келіссөз бірдей деңгейде жүріп жатыр.

«Ешқайсысына да басымдық беріліп отырған жоқ. Енді реакторларына келетін болсақ, барлығының қуаты  1200 – 1400 МВт. Президент Францияға барған сапары кезінде Assystem компаниясымен меморандумға қол қойылды. Мұның барысында компания кадр дайындауға көмектесіп, техникалық   жұмыстарды қадағалауда ұстайды. Бұл француз компаниясы бізге АЭС салып береді деген сөз емес» деп тәптіштеп түсіндіріп берді.   

Кадр мәселесі жеткілікті ме?

Таяуда Алматыда АЭС құрылысы жобасы бойынша жұмысқа жауапты «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС ақпарат құралдары өкілдерімен кездесіп, АЭС салу мүмкіндігі мен тиімділігі жөнінде пікір алмасты. «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС Бас директорының орынбасары Ринат Оқасов және осы мекеменің Атом энергетикасы бөлімінің басшысы Әсет Махамбетов пен бас менеджері Асуан Сиябеков атом саласы бойынша көкейдегі сауалдарға жауап берді. 

Егер еліміз станция құрылысын нақты 2029 жылы бастаса, жоспарға сәйкес 2035 жылы аяқтауы әбден мүмкін. Сондай-ақ, мамандар АЭС шамамен екі мың адамды тұрақты жұмыспен қамтитынын да айтып отыр. Ескеретін жайт, екі мың адамның тек 20 пайызы ғана таза «атомщиктер» болады екен. Қалғаны – инженер, энергетик, жылу маманы сияқты қазірде бар қызметкерлер.

Демек, АЭС салынса, жұмыс істейтін мамандар жоқ емес. Бүгінде еліміздің 2-3 оқу орнында «ядролық физика» мамандығы бойынша жүзге жуық жас маман білім алуда. Соның ішінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің физика-техника факультеті Ядролық физика, Электроэнергетика, Жылуэнергетикасы, Энергетикағы менеджмент мамандығы бойынша 50-ге жуық маман дайындап жатыр. Осы факультеттің деканы Нұрзада Бейсеннің айтуынша, болашақта жас мамандар Қазақстан энергетика саласында жаңа технологияны пайдаланып, әр салада жетістікке жетуі мүмкін.

«Егер энергия көзін өз елімізде өндірсек, қуат көзінің бағасы тұрақталып, арзандай түсуі мүмкін. Бұл энергия тапшылығына бой алдырып отырған еліміздің оңтүстік және солтүстік өңірлерінде тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді. Ең бастысы, АЭС көпті мазалап жүрген газ, мұнай қалдықтары сияқты экологияны, қоршаған ортаны ластамайды», – дейді Физика-техника факультеті деканы Нұрзада Әбдібекқызы.

Ал Қазақстанда 2029 жылға қарай 1400 МВт энегрия тапшылығы сезіледі деген болжамға сүйенсек, АЭС – ең тиімді энергия көзі. Мысалы, 1 келі уран 100 тонна көмір немесе 60 тонна мұнайға тең энергия шығарады. Әлемнің 17 елінде 51 атом реактор құрылысы жүріп жатқанын ескерсек, бізге де алаңдаушылық білдіруге негіз жоқ дейді мамандар. Оның үстіне халықаралық талапқа сәйкес, Қазақстан 2060 жылға дейін көмірсутекті энергия көзінен бас тартуы керек. Ол үшін баламалы энергия көздері – жел, су, күн көзінен бөлек, АЭС салу жағын да қарастыру керектігі жоспарда бар.

 Демек, экологияны қорғау, энергияны тиімді жұмсау саясаты күн тәртібінде тұр. Соған байланысты халық арасында АЭС құрылыс жобасы бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр. 

Тегтер: