24 Қаңтар 13:56

Самат Әбіштің үстінен қылмыстық іс қозғалды ма? ҰҚК жауап берді

Фото:

ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары Самат Әбішке қатысты қоғамда сұрақ көп. Сұрақтардың бір парасы мынадай: Елде болған бүлікке Самат Әбіштің қатысы бар ма? Ұсталған Кәрім Мәсімовпен оның қандай байланысы бар? Егер кінәсіз болса, не себепті жұмыстан қуды?

Осыған байланысты ҰҚК төрағасы Ермек Сағымбаевтың атына ресми сауал жолдағанбыз. Онда мынадай сұрақтар бар еді: Самат Әбіш не себепті ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары қызметінен босатылды?  «Мемлекетке сатқындық жасау, «билікті күшпен басып алу» бабы бойынша істі болған күдіктілерге С.Әбіштің қатысы бар ма? С.Әбішке қатысты қандай да бір тергеу шаралары жүргізіліп жатыр ма? С.Әбіштің қазір қайда екені ҰҚК-ге белгілі ме?

Міне, осындай сұрақтар Ермек Алдабергенұлының атына жолданған. Ресми сауалға ҰҚК-нің бөлімше бастығы С.Ахметқалиевтен жауап келді. Онда да жолданған төрт сұрақтың біреуіне ғана жауап алдық.

«Сіздің сұрауыңызға Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік комитетінде С.С.Әбішке қатысты қылмыстық істер жоқ екенін хабарлаймыз. Оған қандай да бір іс жүргізу шараларын қолдану туралы ақпарат жоқ», – деп жауап берді С.Ахметқалиев.

Самат Сатыбалдыұлы Әбіш – Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі. 1978 жылы туған. 2000 жылдан ҰҚК саласында қызмет атқарған. 2015 жылдың желтоқсанынан бастап ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары лауазымында болды. ҰҚК-нің генерал-лейтенанты. 2022 жылы 17 қаңтарда қызметінен босатылды. Қызметтен босату себебі айтылған жоқ. 

Тегтер: