10 Наурыз 14:34

Мәсімовтің ісі: Сарай, қымбат көліктер, 17,2 млн доллар... ҰҚК сауалымызға жауап берді

Фото:

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаевтың атына жуырда жолдаған ресми сауалымызға ҰҚК-нің бөлімше бастығы С.Ахметқалиевтен жауап келді.

Ермек Алдабергенұлына жолдаған ресми саулымызда бірқатар сұрақтар төтесінен қойылған еді.

Жауап көп күттірген жоқ. Алайда қаңтар дүрбелеңіне және ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы К.Мәсімовке қатысты қылмыстық іске «өте құпия» деген гриф қойылғандықтан, жауап та «қан-сөлі» жоқ құрғақ келіпті.

Бөлімше бастығы С.Ахметқалиев былай дейді: «ҚР ҚПК 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етілмеуге тиіс. Олар, егер бұл тергеп-тексеру мүдделеріне қайшы келмесе және басқа тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзуға байланысты болмаса, прокурордың рұқсатымен қандай көлемде жария ету мүмкін деп танылса, сол көлемде жария етілуі мүмкін».

Бүгін ҰҚК «прокурордың рұқсатымен» К.Мәсімовтің қылмыстық ісіне қатысты кейбір нәрселерді жария етті.

ҰҚК-нің ресми сайты былай деп жазды: «Ұлттық қауіпсіздік комитеті мемлекетке опасыздық жасау, билікті күшпен басып алу және лауазымдық міндеттерін асыра пайдалану күдігі бойынша Мәсімов пен басқа да адамдарға қатысты қылмыстық істі жалғастыруда.

Сонымен қатар, тергеу барысында Мәсімовтің іс-әрекетінде көптеген сыбайлас жемқорлық белгілері анықталды.

Отандық бизнес қауымдастықтары мен шетелдік субъект өкілдерінен жылжымайтын мүлік, қымбат сыйлықтар, соның ішінде мәдени құндылықтар, елеулі мөлшерде ақшалай қаражат алу фактілері құжатталды.

Атап айтқанда, жабық келісімшарттардың бірі бойынша шетелдік мемлекет өкілдерінен Мәсімовтің ҰҚК Төрағасы лауазымында 2 млн АҚШ доллары сомасында пара алу фактісі бойынша тергеу жүргізілуде.  

Осы қаражатты Гонконгтан Қазақстан Ұлттық банкіне қайтару қамтамасыз етілді.  

Сонымен қатар, Мәсімовтің Премьер-Министр лауазымында болуы кезеңінде бизнес-құрылымның бірінен астанада құны 2,5 млрд. теңге элиталық тұрғын үй мен жер телімін алу фактісі бойынша тергеу жүргізілуде.

2022 жылғы қаңтарда Мәсімовті ұстағаннан кейін осы тұрғын үйде 17,2 млн. АҚШ доллары мөлшерінде қолма-қол ақша, сондай-ақ көптеген құнды заттар – элиталық сағаттар, алтын кесектері, антиквариат және басқалары алынды.

Бұдан басқа, бизнес санаттағы 11 қымбат автомашина алынды.

Мүліктеріне – Нұр-Сұлтан қ. екі элиталық пәтер, Алматы қ. 2 пәтер мен дербес сарай, сондай-ақ Щучье-Бурабай шипажайы аймағы көлінің жағасындағы аумағы 1 га жер теліміне тыйым салынды.

Мәсімовтің жақын байланыстарынан 5,1 млн. АҚШ доллары алынып, оған тыйым салынды.

Осымен бір мезгілде Мәсімов пен оның айналасындағылар шетел банктеріне заңсыз шығарған аса ірі мөлшердегі ақшалай қаражатты іздестіру, бұғаттау және Қазақстанға қайтару бойынша жұмыс ұйымдастырылды.

Барлық көрсетілген фактілер бойынша қарқынды жедел жедел-тергеу іс-шаралары жүргізілуде».

Түйін: «Аса құпия» деген гриф соғылған қылмыстық іске қатысты кейбір жайттар шынымен де жарияланды. Бірақ бұл қылмыстық істің тек материалдық жағы ғана. Ал енді «Мәсімов мемлекетке қалай опасыздық жасады? Билікті қалай күшпен басып алмақ болды? Шет мемлекет өкілдерінен не үшін пара алды?» деген негізгі сұрақтардың әлі басы ашық...

Тегтер: