«Құлыбаевтың құбырынан» аққан миллиардтар қайда құйылып жатыр?
Британдық Financial Times газеті Елбасының күйеу баласы Тимур Құлыбаевтың Қытай мен Еуропаны жалғайтын газ құбыры жобасынан жасырын жолмен ондаған миллион доллар пайда тапқаны туралы мақала жариялады. Басылым дәлел ретінде қолдарына түскен құжаттарға сүйенеді.
Financial Times өздеріне келген 2008-2014 жылдар аралығындағы электронды хаттарда Құлыбаевтың газ құбыры келісімшартынан қалай пайда көргені жазылғанын айтады.
Мақала авторы бұл үшін Тимур Құлыбаев ресейлік кәсіпкер Александр Кармановқа тиесілі ЕТК (Евразийский трубопроводный консорциум) компаниясын пайдаланған дейді. «Карманов та дзюдошы, Ресейдің президенті Владимир Путинге жақын топтың адамы» дейтін дерек бар. Оған дәлел ретінде «Транснефть» пен «Газпром» үшін мұнай және газ тасымалдауға арналған құбырды негізінен осы компанияның жеткізетіні келтіріледі.
А.Карманов.
Қош, сонымен ЕТК алдымен Украина мен Ресей зауыттарынан құбыр сатып алған. Бірақ сол құбырды жасауға қажетті темірді әлгі зауыттарға қымбат бағаға сатқан.
ЕТК темірді Jiangsu Shagang Group дейтін қытай компаниясынан тоннасына 935 доллар беріп сатып алған соң, оны газ құбырын жасайтын ресейлік ТМК компаниясына 1500 доллардан беріпті. Осы арада штаб-пәтері Сингапурда орналасқан компания 75 миллион доллар таза пайда көрген.
Мақала авторының жазуынша, бұл табыстың 53 миллионын Т.Құлыбаев қалтасына басқан. Басылым тілшісі бұған дәлел ретінде бірнеше құжатты көрсетеді. Ол бойынша ЕТК компаниясымен арадағы бұл істі Құлыбаев сенімді өкілі Мұрат Балапанов есімді қазақ кәсіпкері арқылы қадағалап отырған көрінеді.
Құлыбаевтың құлқынын тесті делінетін газ құбыры – Қазақстан мен Қытайдың ортақ жобасы. Орталық Азия-Қытай газ құбыры (AB/C жолақтары) Қазақстан мен Түркіменстанның шекарасынан басталып, Өзбекстан аумағынан дәл ортасы мен Қазақстанның оңтүстік бөлігін басып өтіп, Шыңжаңға дейін барады. Жылына 55 млрд текшеметр газ айдауға қабілетті құбырдың соңғы жолағы 2014 жылы салынып біткен.
Мақала авторы «Қазақстан мен Қытай бірлесіп салатын бұл құбырлар 3 мың шақырымға созылып, Қытайдан алынған қарыз ақшамен қаржыландырылуы тиіс еді» деп жазады. Газеттің дерегінше, алғашқы екі жолағының құны 7,5 миллиард доллар, соңғысы 3 миллиард долларға бағаланған.
Одан әрі FT Құлыбаевтың Ұлыбританиядағы елге жария болған бірқатар дауын тізбелеп шыққан. Ағылшын шонжарларының өзі қызығатын 270 гектар жерге жайғасқан Саннингхилл-парк дейтін сарайды сатып алғанын жазуды да ұмытпапты.
Құлыбаевтың құлағын шулатқан кім?
Құлыбаевты әшкерелеген мақаланың FT бетінде тікелей де жанама да мағынасында тегіннен тегін жария болмағаны түсінікті. Тек бұл кімге керек болды? «Тимур мен оның командасына» қарсы әрекет ететін адам Қазақстанда кемде-кем. Өлетін бала Құлыбаевтың құбырына жүгіргеннің кері бұл.
Бұл ақпараттық шабуылды БТА банктің бұрынғы иесі, қазір Францияда саяси баспана алған Мұхтар Әблязов ұйымдастыруы мүмкін. Мұны Әблязовтың Facebook парақшасындағы соңғы жазбалары да қуаттай түседі.
Онда ол марқұм Айсұлтан Назарбаевтан тірі кезінде Құлыбаевтың түрлі қулықтары туралы көп нәрсе естіп-білгенін жазады. Сөзінің ауанынан «бұл әлі басы ғана» дегенді аңғарғандаймыз. Өйткені тұңғыш президент күнінің қарсаңында Әблязов әлеуметтік желіде бұрынғы президент Назарбаевқа жақын адамдарға қатысты бірнеше деректі жариялады.
М.Аблязов.
Оның үстіне Тимур Құлыбаевтың Лондонның қақ төрінен ойып тұрып қымбат вилла, үй сатып алғаны туралы да алғаш Мұхтар Әблязов мәлім еткен. Әрине Әблязов Нұрсұлтан Назарбаевтың бітіспес қарсыласы ретінде оның күйеу баласы Құлыбаевқа қатысты жағымсыз деректерді бұған дейін де жариялап келгені белгілі. Бірақ «Шахматшының» (М.Әблязовтың кей ортадағы лақап аты) бұл жолғы жүрісі Тимур Құлыбаевты саяси фигура ретінде кем дегенде «пат» жағдайында қалдыруды көздеген секілді.
«Адал» кімге адал?
Алдағы парламент сайлау алдында бұрынғы «Бірлік» атын «Адал» деп өзгерткен партияның тасасында Тимур Құлыбаевтың тұрғанын әркім айтып жүр. Ол туралы біраз басылым жазды да. Журналистердің «партияның демеушісі кім?» деген сұрағына жауап бергенде «Адалдың» жетекшісі Серік Сұлтанғали бұл жағын жасырып-жабуға аса әуре болмады.
«Кез келген партия өзінің тасасында осы азаматтың тұрғанын армандайтын шығар. Ол танымал тұлға әрі бизнесмен. Мен оны жақсы білемін. Естуімше оның саяси амбициясы жоқ...» , – деген еді Серік Сұлтанғали партия жиынының алдында.
Бұған Серік Сұлтанғалидың ұзақ жыл Тимур Құлыбаевтың бизнес инфрақұрылымдарында жұмыс істегенін қоссақ, әрі атауы өзгерген партияның сайлауға таңдаған үміткерлерінің қатарында Құлыбаев құрған «Атамекен» КҰП өкілдерінің көптеп кездесетінін ескерсек, «талай партияның арманына айналған танымал тұлғаның» үлкен саясатта тағы бір қадам жасағанын аңғаруға болады. Бұл дегеніңіз, саяси бейтарап тұлға ретінде танылған Құлыбаевтың іс жүзінде әрі ресми саяси күреске араласа бастағанын білдіреді.
«Адал» партиясының төрағасы С.Сұлтанғали. Фото: Sputnik
Бәлкім, бұл алдағы парламент сайлауы алдында қалғып-мүлгіген саясат алаңына жаңаша леп беруге, белгілі себептермен бәсеңдеген саяси бәсекені қыздыруға талпыну да болар? Қалай десек те, «Адалға» парламенттен алдын ала бір-екі орын дайындалып қойғаны жайлы желсөз боранды Нұр-Сұлтанда біраздан бері гулеп жүр. Бұл жағдайда Тимур Құлыбаев амалсыздан саяси науқанды қаржыландыруға келіскен боп шығады.
Бірақ біраз уақыт бұрын беймәлім себеппен шеттетіліп қалған Дариға Назарбаеваның «Нұр Отан» туының астында саясатқа қайта оралуы және оның билік партиясының Мәжілістегі туұстарына айналатыны туралы алып-қашпа сөздер Тимур мен оның төңірегіне сын сағаты соққанының белгісі боп көрінуі де ғажап емес. «Кітапхананың тұрақты оқырмандары» тағы да сол ешкімді күшейтпейтін тепе-теңдікті сақтау тәсілін қолдануы да әбден мүмкін. Егер бұл рас болса, онда алдағы сайлауға дейін талай «қуырдақтың көкесін» көруіміз ғажап емес. Мәселен «Адалдың» мүшелеріне қатысты соңғы дау-дамайдың отын біреулердің әдейі үрлемесіне кім кепіл?
Бұл жағдай бәріне қарсы соғыс ашып, «бірің өліп, бірің қал» деп отырған Әблязов үшін іздегенге сұрағанның өзі. Демек, бұрын күбір-сыбырмен айтылған құбырдан басқа да жайттар әшкере болатын секілді.