28 Желтоқсан 17:22

Әлеумет: 2021 жыл несімен есте қалды?

Фото:

Санаулы күннен кейін жаңа жылға аяқ басамыз. 2021 жыл әлеумет үшін несімен есте қалды? Қандай түйткілдер шешімін тапты? Нендей шаруалар атқарылмады? Nege.kz Сиыр жылындағы осы саладағы негізгі оқиғаларға шолу жасап көрді.

1 ақпаннан бастап жаппай вакцина егу басталды

Қаңтар айының соңында Денсаулық сақтау экс-министрі Алексей Цой Қарағандының фармацевтикалық комплексі мен Ресейдің тікелей инвестициялар қоры меморандумға қол қойып, «Спутник V» вакцинасының 20 мың дозасын сатып алатынын мәлімдеді. 1 ақпаннан бастап ең алдымен инфекциялық ауруханалардағы медицина қызметкерлеріне, жедел жәрдем қызметкерлеріне, жан сақтау бөлімі, ПМСП дәрігерлеріне және санэпедемстанция қызметкерлеріне салынбақ. Бұлардың саны шамамен 100 мың адам.

Қазақстан аумағында халықты вакциналау үшін келесі вакциналар қолданылды: «QazVac», «Спутник V», «Hayat-Vax», «Соronavac», «Sinopharm». ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 27 желтоқсандағы мәліметі бойынша, Қазақстанда 8 947 986 адам вакцина салдырғаны туралы ақпарат жариялады. Екінші компонентті салдырғандар саны – 8 459 231 адамға жетті.

Әлбетте, науқан кезінде вакцинаға қарсы топ та белсенділік танытты. Соның бірі антиваксер-дәрігер Айна Бакеева Нұр-Сұлтандағы №58 мектепте жанжал шығарды.

Ол балаға коронавирусқа қарсы вакцина салғаннан кейін оның өзін нашар сезінгенін алға тартып, мектеп оқушыларына ата-ананың келісімінсіз вакцина салып жатыр деп дауласты. «Нұр-Сұлтан қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысы негізінде А.Бакеева ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды (Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігі) және 10 тәулікке қамауға алу түрінде әкімшілік жазаға тартылды», – делінген қалалық соттың хабарламасында.

Ревакцинацияның жыры

Осыған дейін вакцинаның екі дозасын салдырғандар жаңа жылға дейін үшіншісін қабылдауы тиіс. Бұл – медицина қызметкерлері, мұғалімдер, медициналық-әлеуметтік мекемелер мен жабық балалар мекемелерінің мамандары, сондай-ақ күш құрылымдарының қызметкерлері. Осыған орай ҚР Бас санитар дәрігерінің COVID-19 коронавирус инфекциясына қарсы ревакцинация жүргізу туралы қаулысы жарияланды. Құжатта КВИ-ге қарсы ревакцинацияға жататын халықтың тәуекел топтары көрсетілген.

Олар: 1) медицина қызметкерлері; 2) педагогтер; 3) күш құрылымдарының қызметкерлері; 4) медициналық-әлеуметтік мекемелердің персоналы мен контингенті; 5) 60 жастан асқан адамдар; 6) Бұған дейін КВИ-ге қарсы вакцина алса да, иммунитеті әлсіреген адамдар (иммуносупрессивті терапиядағы адамдар (лейкемияны, лимфоманы және миеломаны қоса алғанда, қатты ісікті немесе гематологиялық қатерлі ісікті белсенді иммуносупрессивті емдеу немесе осындай емдеу тоқтатылғаннан кейін 12 ай ішінде), гемодиализдегі адамдар, трансплантат реципиенттері, АИТВ жұқтырған ауыр бастапқы иммун тапшылығы); 7) өз бетінше тексерілу нәтижесінде ағзасында КВИ-ге қарсы антидене жоқ екені анықталған адамдар.

Pfizer вакцинасы елге жеткізілді

Бұрын қол қойылған келісім шеңберінде Comirnaty Pfizer/BioNTech вакцинасының 4 миллион дозасы сатып алынды. Осылайша, 10 қарашада түнде Қазақстанға Pfizer вакцинасының алғашқы партиясы жеткізілді.

Comirnaty – америкалық Pfizer компаниясы мен Германияның BioNTech технологиялық компаниясы шығарған РНҚ-ға негізделген матрицалық вакцинаның (мРНҚ) сауда атауы. Comirnaty Pfizer/BioNTech вакцинасы ДДҰ-ға шұғыл қолдануға рұқсат етілген, вакцина АҚШ, Ұлыбритания, Канада және ЕО-да қолданылады. Клиникалық зерттеулердің нәтижелері бойынша оның тиімділігі 95 пайыз. Бұл – АҚШ-та жедел қолдануға рұқсат етілген (Төтенше пайдалану авторизациясы, EUA) аясында қолданыла бастаған алғашқы вакцина.

Вакцинация курсы 21-28 күн аралығымен енгізілетін екі дозадан тұрады. Жеткізілген дозалар Қазақстан халқын жаппай вакциналауды аяқтауға мүмкіндік береді. Бұл Қазақстанда тіркелген алтыншы вакцина.

Бірыңғай дистрибьютор келіп түскен вакцинаны денсаулық сақтау министрлігінің бөлу кестесіне сәйкес жедел тәртіппен өңірлерге жеткізеді.

«Pfizer» вакцинасымен қазір жасөспірімдер, жүкті әйелдер және бала емізетін аналар егіліп жатыр. 27 желтоқсанға дейін Pfizer вакцинасының I-ші дозасын 288 049 адам, ІІ-ші дозасын 99 482 адам салдырды.

Оның ішінде: І-компонентін 230 986 жасөспірім, 16 483 жүкті әйел, 40 562 бала емізетін әйел алды. ІІ-компанентін 80 176 жасөспірім, 5 451 жүкті әйел, 13 853 562 бала емізетін әйел алды. Айта кетейік, Қазақстанда жасөспірімдерді, жүкті әйелдер мен бала емізетін аналарды «Pfizer» вакцинасымен егу биылғы 15 қарашада басталды.

Зейнетақы қорындағы ақшаның әуресі

2021 жылдың басты жаңалығы – халық зейнетақы салымындағы қаражаттың белгілі бір бөлігін алып, қажетіне жаратуы болды. Биыл жыл басынан Қазақстанда шамамен 760 мыңдай азамат БЖЗҚ-дағы жинақтаушы есепшотындағы қаражаттың бір бөлігін алады делінді. Ол үшін қыркүйек айының басында әр жастағы адамның қорда болуы тиіс «жеткілікті шек» белгіленді.  «Жеткілікті шек» – салымшының қордағы есепшотында қалуы тиіс жинақ ақшасының ең төменгі мөлшері.  

Зейнетақы қорындағы ақшасын кімдер алды?

БЖЗҚ-дағы жинақ салымы «жеткілікті шектен» асатын, жұмыс істеп жүрген азаматтар;

бұрынғы табысының (еңбекақы) кемінде 40 пайызына тең мөлшерде зейнетақы алатын зейнеткерлер БЖЗҚ-дағы қаражатының 50 пайызына дейін ала алады;

бұған дейін өзіне зейнетақы аннуитетін рәсімдеген және сақтандыру қорына аударғаннан кейін де БЗЖҚ-да салымы қалған азаматтардың ол ақшасын толығымен алуға хақы бар.

Салымшы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) жинақ есепшотындағы қаржысының шекті мөлшерден асқан бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға, емделуге немесе жекеменшік қаржы компанияларының басқаруына беруге құқылы.

Министрліктің есебінше, 20 жастағы азамат үшін «жеткілікті шек» – 1 млн 720 мың теңге. Ал осыдан асқан қаражатын ол жоғарыда аталған мақсатқа пайдалану үшін БЖЗҚ-дағы есепшотынан ала алады.

Өзге жастағы адамдар үшін «жеткілікті шек» мөлшері төмендегідей:

30 жас – 2 млн 538 мың теңге;
35 жас – 2 млн 961 мың теңге;
40 жас – 3 млн 437 мың теңге;
45 жас – 3 млн 947 мың теңге;
50 жас – 4 млн 495 мың теңге;
55 жас – 5 млн 84 мың теңге;
59 жас және одан әрі қарай – 5 млн 586 мың теңге.

Жеткілікті мөлшердің көлемі екі есе өсті

Биыл Қазақстанның зейнетақы қорында салымы бар азаматтарға белгілі бір шекті мөлшердегі қаржысын тұрғын үй сатып алуға немесе салуға, емделуге, тізімде бекітілген басқа да әлеуметтік мұқтаж қажеттіліктерге пайдалануға рұқсат берілді.

3 желтоқсандағы мәлімет бойынша елімізде мұндай жеңілдікті 338,4 мың адам пайдаланып, оларға жинақтаушы қордан 1,6 трлн теңге бөлінді. Олардың көпшілігі ипотекасыз тұрғын үй сатып алып, бірқатары қайталама нарықтан тұрғын үйге ие болды. Тұрғын үй қарыздарын өтеді. Жоғарыдағы 338,4 мың адамның 40 пайызы өзінің туысқандары арқылы зейнетақы салымдарын пайдаланып, тұрғын үй жағдайын жақсартты. Қысқасы, бұл шешім қазақстандықтардың бір жыртығын жамауға септігін тигізді.

Алайда, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының басшылығы тағы бір тосын шешім қабылдады. Ендігі жерде қарапайым халық әлеуметтік мәселелерді шешу үшін бұрынғы жеңілдікті пайдалана алмайтын болды. Себебі, 2022 жылдан бастап 30 жастағы азаматтардың қордағы жеткілікті мөлшері 4 млн 370 мың теңге, 35 жастағылардыкі 5 млн 60 мың теңге, 45 жастағыларға 6 млн 580 мың теңге, 50 жастағыларға 7 млн 430 мың теңге деңгейіне көтерілді, яғни, бұрынғы жеткілікті мөлшер екі есеге өсті.

Бір нонсенс бар. Жоғары оқу орнын бітіріп, қолына диплом ала қоймаған, тіпті бітіріп жұмыс істегеннің өзінде зейнетақы қорына 3 млн 140 мың теңгені қалай және қашан жинап үлгереді? Ал 31 жастағы азаматтың жинаған жеткілікті мөлшері 4,5 млн теңге болуы керек екен. Ол осы ақшаны жинау үшін 10 жыл бойы кем дегенде айына 375 мың теңге жалақы алуы керек. Егер 2021 жылғы ресми түрде жарияланған Қазақстандағы орташа жалақы 230 мың теңге екенін ескерсек, оның мөлшері осыдан 10 жыл бұрын қанша болды? Шындығында, бұл шешім қабылдағандардың халықтың нақты өмірінен тым алыста жүргенін аңғартпай ма?

Қор басқарушылары жеткілікті мөлшердің өсуін жалақының екі есеге жуық артуымен түсіндіреді. Бірақ сөздерінен тағы да логиканың нышаны сезілмейді. Бір мәселе айқын, сол жалақының күрт өсуі елімізде халықтың санаулы ғана адамдарының үлесіне тигенін біз неге талдап, сана сүзгісінен өткізбейміз?

Президент зейнетақы қорынан ақша алу уақытын созды

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры осындай шешім қабылдаған соң халық жыл соңына дейінгі уақытты тиімді пайдаланып қалуға асықты. Үш күн ішінде БЖЗҚ халықтан 46 мың арыз қабылдады. Егер жай күндері күніне түскен арыздардың саны 2200-ден аспайтын болса, бұл ә дегеннен 15 есеге өскен. Осының өзі қор басқарушыларының сауатсыздығын білдіреді. Әр нәрсенің байыбына терең барып, жеті өлшеп, бір кесу орнына тағы да шикі шешім қабылдап, халықты дүрліктіріп қойды. Дүрліктіріп қойғаны сонша, ендігі жерде зейнетақы қорындағы артық ақшаны өз мүддесіне пайдаланудың мүмкіндігі мүлдем шектелді.

Абыр-сабыр басталып, жыл соңына дейін ақшасын игілігіне асыруға асыққан жұрт демін басты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев зейнетақы жинақтарының шекті межесін көтеру туралы шешімге қатысты көпшіліктің өтінішіне құлақ асты.

«Шекті меже келесі жылдан бастап ең төменгі жалақының өсуіне байланысты көтеріледі. Зейнетақы жүйесінің негізгі міндеті – азаматтарды зейнетке шыққаннан кейін қажетті жеткілікті табыспен қамтамасыз ету. Сондықтан зейнетақы жинақтарының шекті межесін көтеру жөніндегі шешім – негізінен осы бағыттағы дұрыс қадам.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы зейнетақы қорындағы шекті межеден асқан қаржысын пайдаланып үлгермеген азаматтарды қолдап, Үкіметке бұрынғы шекті межені көтеру мерзімін 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін ұзартуды тапсырды», – деп жазды президент баспасөз хатшысы Берік Уәли.

Жамбыл облысында әскери бөлімдегі жарылыс

26 тамыз кешкі сағат 19:00 шамасында Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы №28349 әскери бөліміндегі қоймалардың бірінде өрт шығып, оннан астам жарылыс болды. Қоймада Арыс қаласынан жеткізілген оқ-дәрі сақталған.

Түнде оқиға орны маңындағы бірнеше ауылдың тұрғындары қауіпсіз аймаққа көшірілді. Өртті сөндіруге әскери бөлімнің жеке құрамы мен төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері жұмылдырылды. Сонымен қатар әскери бөлімнің шынжырлы өрт сөндіру машиналары тартылды. 16 адам қаза тауып, 98 адам зардап шеккенін, үш кісінің хабар-ошарсыз кеткені белгілі болды.  

Суицид оқиғасы көп тіркелген жыл

Алматыда 28 жастағы әйел үш баласымен бірге тоғызыншы қабаттың терезесінен секіріп кетті. Оқиға Жетісу ықшамауданындағы көпқабатты үйлердің бірінде болған. 28 жастағы әйел 2015, 2016 және 2019 жылы туған үш кішкентай баласын 9-қабаттан лақтырып, кейін өзі секірген. «Әйел мен екі бала оқиға орнында, тағы бір бала жедел жәрдем көлігінде көз жұмды», – деп хабарлады полициядан.

Қайғылы оқиғаның себептері мен басқа да мән-жайын анықтау үшін полиция департаменті жедел-тергеу тобын құрды. Бұл факті Қылмыстық кодекстің 105-бабы («Өзін-өзі өлтіруге жеткізу») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне алынды. Бұған дейін және кейін жасөспірім мен жастар арасында дәл осындай бірнеше қайғылы оқиға қабырғамызды қайыстырды.   

Айта кету керек, бір Алматының өзінде соңғы алты айда 38 суицид тіркелді.

Абай шахтасындағы жарылыс

7 қараша күні таңғы 08.30-да Абай шахтасында көмір мен газ жарылысы болып, 6 адам қаза тапты. «Бұл кезде жер астында 64 адам болған. Қазір 52 адам жер бетіне шығарылды. Алдын ала ақпарат бойынша 6 адам қаза тапты. 2 адамның жағдайы ауыр. Қазіргі уақытта ВАСС Көмір күштері құтқару жұмыстарын жалғастырып жатыр. Қаза болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтамын», – деп жазды Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек.

Абай кенішінде болған мұндай қайғылы оқиға бірінші рет емес. 2008 жылы 11 қаңтарда мұнда жарылыс болып, 30 кенші қаза тапты. Қайғылы жағдайға шатырды отырғызу кезінде ұшқын шығып, технологияның бұзылуы себеп болып отыр.  

Санаққа іліндік пе?

Биыл он жылда бір рет өтетін санақ 1 қыркүйек пен 30 қазан аралығында жүзеге асты. Желтоқсан айының басында оның алғашқы нәтижесі жарияланды.

Премьер-министр Асқар Маминнің мәліметі бойынша,  қазақстандықтардың жалпы саны – 19 169 550 адам. Отандастарымыздың 48,71%-і – ерлер, 51,29%-і әйелдер. Қазақстан халқының орта жасы 31,94 жас деп көрсетілген. Жалпы халықтың 33,97%-і – 17 жасқа дейінгі балалар, 19,72%-і – 14-28 жас аралығындағы жастар. Еліміздегі қазақтардың үлесі – 70,18%-ке жеткен. Халықтың 59,05%-і, яғни 11 320 410 адам еңбекке жарамды деп танылған.

Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде халық санағы үшінші рет өткізілді. 1 қыркүйекте басталған биылғы санақтың ерекшелігі – шарада алғаш рет цифрлық технологиялар қолданылады. Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов онлайн сауалнамадан халықтың 42,5%-і өткенін, жаппай аралап шығу арқылы санақпен 57,5% адам қамтылғанын мәлімдеді. Оның сөзінше, санақтың қысқаша қорытындысы 2022 жылдың шілдесінде шығады жоспарланған. 2023 жылдың бірінші тоқсанында санақтың толық қорытындысын жарияланады.

Цой қызметінен кеткен күн

20 желтоқсан күні Мемлекет басшысының Жарлығымен Алексей Цой Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау министрі лауазымынан босатылды. Ол бұл қызметке 2020 жылдың 25 маусымында тағайындалған.  Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой онлайн баспасөз маслихаты кезінде өзінің отставка кетуіне қатысты пікір білдірді.

Журналистер Алексей Цойға «Мемлекет басшысы берген бір ай уақыттың ішінде қанша адам вакцинацияланса, сіз отставкаға кетпейсіз?» деген сұрақ қойды. Министр бұл мәселені мемлекет басшысы өзі шешетінін, қазіргі мақсат – қолдан келгенше халықты вакцинациялау екенін айтты. 

«Бұл жерде ең басты нәрсе халыққа вакцина жеткізуді қамтамасыз ету. Ал вакцинациялау қаншалықты жүйелі жүзеге асқанына мемлекет басшысы өзі баға береді. Нақты осынша адам вакцина алу керек деген талап жоқ. Біздің мақсатымыз – Қазақстанға вакцина алып келіп, вакцина салу орталықтарын ұйымдастыру. Біз осы тұрғыда жұмыс істеп жатырмыз. Мұның барлығы вакцинаның нарықтағы қол жетімділігіне байланысты болмақ. Біз тиісті нәтижеге қол жеткізіп, халықты толық вакцинациялауға тырысамыз», – деген Алексей Цой. 

Айта кету керек, Үкіметтің ке­ңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев вакцина салу науқаны сәтсіздікке ұшыраса, ДСМ тиісті шара қабыл­дамаса, министр Цойдың лауазы­мынан айырылатынын қатаң ес­керткен еді. ДСМ бас­шысы сон­дай-ақ Мәжіліс депутат­тарының да қатаң сынына ұшы­рады. Осы жағдайдың бәрі Цой мырзаны лауазымды қыз­меттен кетуге итермелегенге ұқ­сайды.

2021 жыл әлеуметті титықтатқан жыл болды. Азық-түлік, жанармай бағасы күн санап қымбаттады. Жылдың басы зейнетақы қорындағы артық ақшаны алумен басталғаны сол еді, тұрғын үй бағасы да шарықтап кетті. Бір сөзбен айтқанда, вирустың беті аздап қайтып, қымбатшылық қысқан жыл ретінде есте қалғандай.  

Тегтер: