Бас бермес баға Смайыловты «аттан аударып» тастауы мүмкін
Қазақстан азық-түлікке көп ақша жұмсайтын елдердің көшін бастап тұр. Халық тіптен айлығының жартысынан көбін ас-ауқатқа төлейді. Ал күн сайын өсіп жатқан бағаны ескерсек, халық тек қана күнкөріс үшін ғана жұмыс істеп жатыр деуге болады.
2018-2019 жылдармен салыстырғанда, әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасы екі есеге қымбаттаған. Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанда азық-түлік тағы 40-50 пайызға қымбаттауы мүмкін.
LS сайты ұсынған мәліметке сүйенсек, әрбір қазақстандық орта есепппен айына 2 келіден астам сиыр етін, 3,8 келі картоп пен 2,6 келі нан жеп, 1,2 литр сүт ішеді. Ал соңғы мәліметтерге сүйенсек, көкөніске қарағанда ет өнімдеріне деген сұраныс артқан. Жаз шықса, тосап қайнататын халық қант бағасының қымбаттап кеткеніне де наразы.
Қазақстан биыл көкөніс экспортын арттырған. Мәселен, 2022 жылдың қаңтар-ақпан айларында бұрыш экспорты бірден жылына 19,1 есеге, 380,5 тоннаға дейін, қияр – 65,3%-ға, 412 тоннаға дейін, пияз – 20,4%-ға, 10,8 мың тоннаға дейін өскен. Бұл ретте картоп (73,9 есеге, 698,3 тоннаға), сәбіз (38,6 есеге, 20,7 тоннаға), қырыққабат (4,4 есеге, 399,6 тоннаға), қызанақ (3,3, есеге, 1,2 тоннаға дейін) сияқты тауарлар экспорты төмендеген.
Сәуір айында сауда орындарында картоптың келісінің орташа бағасы 180 теңге, қырыққабат – 277 теңге, пияз – 137 теңге, қызылша – 283 теңге, сәбіз – 186 теңге, қияр – 707 теңге, қызанақ – 944 теңге болған.
Бір жарым айда ғана пияз 16,2 пайызға, қырыққабат 9,8 пайызға, қызылша 9 пайызға, сәбіз 8,5 пайызға, картоп 5,9 пайызға қымбаттады. Ал қызанақ пен қияр, керісінше, 6,2% және 11,2%-ға арзандады.
Nege тілшісі Алматы қаласындағы сауда орындарын аралап, базарлардағы бағаларды салыстырып көрді. Тілшіміз ең алдымен «Алтын Орда» базарына барып қайтты.
«Алтын Орда» базары
Жұрт азық-түлікті арзан бағада алғысы келсе, дәл осы базарға жүгіреді. Алайда, бұл жердегі баға да арзан деуге келмейді. Саудагерлер болса, бағаның күн сайын қымбаттап жатқанын айтты.
Сәуір айында 180 теңге болған картоптың бағасы қазір «Алтын Орда» базарында келісі 230-290 теңге аралығында сатылып жатыр. Ал сәбіздің бағасы 350 теңгеден асады. Болгар бұрышы осыдан екі жыл бұрынғы бағамен салыстырғанда, екі есеге қымбат.
Құлпынайдың келісі 700 теңгеден басталады, ал шиенің бағасы келісіне – 1200-1500 теңге. Ал өрікті 500-600 теңгеге табасыз.
Биыл қант бағасы Қазақстанда өткен жылдармен салыстырғанда 2 есеге өскен. Күзге қарай қант бағасы тағы 1000 теңгеге дейін көтеріледі деген болжам бар. Базарда қанттың бағасы 700 теңгеден сатылып жатыр. Қантпен қатар ұнның бағасы да өскен. Жоғары сұрыпты ұнның келісі 240 теңгеден сатылады. Ал 25 кг ұнның бағасы 7000-9000 теңге.
Күріштің бағасы 350 теңгеден жоғары. Ал сұйық май 600 теңгеден аса бағаға сатылып жатыр.
Еттің бағасы соңғы екі айда 2%-ға қымбаттаған. Тарқатып айтатын болсақ: сиыр етінің келісі – 2600-2800 теңге, қой етінің келсі – 2300 2500 теңге, жылқы етінің келісі – 3000 теңгеден жоғары сатылып жатыр.
Тауық етінің келісі – 1100 теңге, ал жұмыртқаның бір данасын 43-50 теңге аралығында табасыз.
Алматы қаласындағы арзан базарлардың бірі «Алтын Ордада» баға осындай. Сатушылардың айтуынша, баға қымбаттағанмен келушілердің қатары сиремеген. Халық өлместің күйін кешсе де, күнделікті ас-ауқатына жеткілікті ақшаны талшықтап отыр.
Көтерме сауда базары (Оптовка)
Бағаларды зерттеуді ары қарай жалғастырып, бағытымызды Көтерме сауда базарына бұрдық. Бұл орын Алматы қаласы бойынша ең арзан базар болып саналады. Тіпті, шағын дүкендердің өзі осы жерден азық-түлік тауарларын арзан бағада алып, үстіне қосып сатып күн көріп отыр.
Көтерме сауда базарында картоптың бағасы 100 теңгеден басталады. Сәбіздің бағасы келісіне 320-400 теңге. Пияздың келісін 120-теңгеден табуға болады.
Саудагерлер қазір сауданың жақсы жүріп жатқаны, бағаның да айтарлықтай көтерілгенін ескертті. Күнделікті нәпақамыз деген сатушылар үстіне болар-болмас ақша ғана қосып отырғанын айтты.
Бұл базардағы жеміс бағасы да «Алтын Орда» базарымен бірдей. Қазір жеміс маусымы болса да, баға арзандамаған.
Қант бағасы бұл базарда 600-700 теңге болса, 25 кг ұн бағасы 7000-8000 мың теңге төңірегінде.
Күріштің бағасы 380-400 теңгеден сатылып жатыр. Сұйық майдың бағасы 630-800 теңге.
Сиыр етінің келісі – 2500-2900 теңге болса, қой етінің келісі – 2300 2500 теңге.
Жылқы етінің келісі – 3000-3200 теңге. Қазы мен жаяның бағасы – 4000 теңге. Тауық етінің келісі – 1100 теңгеден жоғары.
Көтерме сауда орталығына келген Әлия есімді тұрғынды сөзге тартып көрдік. Әлияның айтуынша, ол айына бір рет осы базарға келіп, азық-түлік сатып алады.
«Отбасымыз үлкен. Сол себепті айына бір рет қажетті азық-түлікті алып қоямыз. Қазір мен шамамен 60 мың теңгеге сауда жасадым. Оның өзінде там-тұмдап ең қажетті деген азық-түлікті ғана сатып алдық. Баға ма? Баға күн сайын өсіп жатыр», – деді ол.
«Көк базар»
Көк базарда да тіршілік қайнап жатыр. Базар сыртында сауда жасап жүрген халықтың қарасы қалың. Сөйтсек, сыртта сауда жасап отырғандардың тауары 100-200 теңгеге арзан болып шықты. Мысалы, базардың ішінде сатылып жатқан шиенің бағасы 1500 теңге болса, базар сыртынан 800 теңгеден тауып аласыз.
Көк базардағы ұн бағасының алдыңғы екі базардан айырмашылығы жоқ. Жоғары сұрыпты ұнның келісі 240 теңгеден басталады.
Күріштің бағасы да сұрыпына байланысты 380-700 теңгенің арасы. Сұйық май 680-750 теңге тұрады.
Ал көкөністің бағасына байланысты суреттер сөйлесін. Картоптың бағасы 200-280 теңгенің ортасы. Сәбіз де 350 теңгеден жоғары.
«Көк базардан» арзан жеміс-жидек таба алмадық. Тек базардың сыртында ғана арзан бағада сатылады.
Қызанақ пен қиярдың маусымы басталды. Көктемнен бері баға 6,2% және 11,2%-ға арзандаса да, қалтаңызды қағып түсері анық.
Еттің бағасы төмендегідей:
Сиыр еті – 2600-2800 теңге;
Қой еті – 2300-2500 теңге;
Жылқы еті – 3000-3500 теңге.
«Magnum» супермаркеттер желісі
Алматының тұрғындары азық-түлікті арзанға алғысы келсе базарға барады, егер базарға үлгермесе, жұмыстан қайтып бара жатып Магнумға соғады. Ол – қаладағы ірі дүкендер желісі. Бұл жердеге бағалардың жайын да салыстырып көрдік.
Супермаркетте бөлке нанның бағасы 150 теңгеден сатылып жатыр. Ал ұнның бағасы келісі үшін 320-400 теңгеден жоғары.
Макарон өнімдері де айтарлықтай қымбаттаған. 5 кг макаронның ең төменгі бағасы – 945 теңге.
Күріштің бағасы келісіне 259-309 теңге, ал қарақұмықты 679 теңгеден аласыз.
Жеміс-жидек, көкөністің бағасы базардағы бағадан 100-200 теңгеге қымбат.
1 литр сұйық май 650 теңгеден басталады. 5 литр сұйық май аламын десеңіз, 4000-5000 теңге шығаруға дайын болыңыз.
Магнумда сәбізді 525 теңгеден сатып аласыз. Ал картоп дүкенде мүлдем жоқ. Супермаркетте картоптың жоқ болғанына аптадан асыпты, сөресін мүлдем алып тастаған. Магнумның өзге де дүкендер желісінде жағдай солай дейді.
Халық Магнумнан 5 келі қантты 2500 теңгеден сатып алып жатыр. Демек, қанттың келісі 500-550 теңге. Алайда бір адамға тек 5 келі қант беріледі. Одан артығын сатып ала алмайсыз.
Супермаркетте 10 жұмыртқаның бағасы 500-800 теңге тұрады. Тауық етінің келісі 1200 теңге.
Қазақстанда азық-түлік бағасы тағы 40-50 пайызға қымбаттауы мүмкін екенін жоғарыда айттық. Экономист Андрей Чеботаревтің пікірінше, импортқа тәуелді кез келген ел сияқты, Қазақстан да тұрақсыз логистикадан зардап шегуі мүмкін. Алайда бұдан қорқудың қажеті жоқ. Сарапшы бұл жағдайға қарамастан, Қазақстан халқына аштық қаупі төнбейтінін айтып жұбатты.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, елде азық-түліктің жеткілікті қоры бар. Бұған дейін әлеуметтік маңызы бар өнімдердің қоры 1,4 млн тонна шамасында екені айтылған.
Солай болған күнде де күн санап көтіріліп жатқан «асау» баға Премьер-министр Әлихан Смайыловты «аттан аударып» тастауы ғажап емес. Онсыз да Смайыловтың отставкасы туралы ауық-ауық айтылып қалып жүр.