25 Мамыр 18:12
...

Балғабек Мырзаев: Рухани тамырынан қол үзу – өз ұлтына қарсы шығу деген сөз

Фото:

Дін – нәзік мәселе. Алайда, адамның наным-сеніміне тікелей әсер ететін факторлар аз емес. Тіпті, тура жолдан тайып, экстремизм мен радикализмнің шырмауына арбалғандардың бетін бері қарату да оңайға соқпайды. Бұл туралы кеңірек NEGE тілшісіне «Исламдық зерттеулер орталығы» қоғамдық қорының атқарушы директоры, дінтанушы Балғабек Мырзаев Әбдіқайымұлы айтып берді. 

   – Балғабек Әбдіқайымұлы, қоғамда діни ахуал тұрақты емес. Діни радикализмнің алдын қалай алуға болады?

   – Біздің  халқымыз ықылым заманнан бері Исламның Ханафи мазхабын ұстанады. Бұл көне дәстүрімізбен тығыз сабақтасып жатқан объективті, рационалды бағыт. Осының арқасында Ислам Орталық Азияда әрдайым бейбітшілік пен толеранттылықтың, жасампаздық пен үйлесімділіктің діні болып танылды. Қолда бар алтынның қадірін білу өте маңызды. Өйткені, бүгін бүкіл әлем этникалық, діни, мәдени, әлеуметтік тұрғыдағы бөліністердің дағдарысын бастан кешіріп отыр. Кейде осы алауыздық ашық айқастарға да ұласып кетіп жататындығы өкінішті. Дінді алға тартып, терроризм мен экстремизмді насихаттап жүрген кейбір «қой терісін жамылғандардан»  абай болуымыз керек.

Қазақстан бай мәдениетке, салт-дәстүрге, тарихқа бай мемлекет. Сондықтан фанатизмге, діни консерватизмге, дәлелсіз қағидаларға беріліп кетпей, тура жолдан таймай, дінді дұрыс қырынан насихаттай білуіміз керек. Сондай-ақ, біз жас ұрпақтың дүниетанымын дұрыс қалыптастыруымыз керек. Қазіргі жастар өз пікірін ашық айта алады. Олар бәсекеге қабілетті, білімге құштар.

  – Жастардың жат ағымдарға қарсы иммунитетін қалай қалыптастырамыз?  

  – Статистикалық мәліметтер бойынша, дінге қызығушылық білдірген азаматтардың 73 пайызы қажетті мағлұматтарды ғаламтор желісінен іздейтінін «Қазақстан Республикасындағы терроризм және экстремизм мәселелерін зерттеу орталығы» қоғамдық қоры айтып отыр. Бұл көрсеткіш еліміздегі жастардың басым бөлігі діни сауатын ең алдымен ғаламторда ашатынын көрсетеді. Яғни, қазіргі интернет сайттары, видеохостингтер, әлеуметтік парақшалар, блог-платформалар және басқа да байланыстырушы масс-медиа құралдары әлемде жаңа мүмкіндіктермен қатар, жаңа қауіптердің туындауына септігін тигізуде. Осы орайда радикалды діни ағымдар идеологиясының ең жағымсыз ықпалы дәстүрлі рухани-діни құндылықтарды ыдырату арқылы діни сананы өзгерту үдерісі болып отырғанын атап өту қажет. Өйткені, кез келген жат ағым қоғамда қалыптасқан құндылықтарды күйрету арқылы өзін орнықтыруға жол ашады. Ал бұл өз кезегінде дәстүрлі құндылықтармен бірге ішкі тұрақтылықтың әлсіреуіне алып келеді. Сондықтан ұлтты қалыптастырған құндылықтарды қорғау – елдің ішкі тұрақтылығы мен мемлекет іргесінің бүтіндігін қорғау.

 Дәстүрлі құндылықтардың әлсіреп, рухани жұтаңданудың күшеюі, діни сауаттың төмендігі радикалды идеологияның таралуына түрткі болатын басты факторға айналып отыр. Рухани тамырынан, дәстүрлі құндылықтарынан қол үзіп қалған бүгінгі буынның бірқатар өкілдері осындай шетін идеологияға алданып, өз ұлтының салт-санасына, дәстүрлі құндылықтарына қарсы шығуда. Ал өз ұлтына қарсы шығу – өз отанына, мемлекетіне қарсы шығу деген сөз.

Еліміздің тарихымен, мәдениетімен, рухани құндылықтарымен қабыспайтын жат діни көзқарасты насихаттап жүрген кез келген ағым қазақстандық қоғамның дәстүрлі ұстанымдарына, ішкі тұрақтылығына нұқсан келтіреді. Қазіргі таңда ғылым мен технологиялардың қарқынды дамуы ақпараттық және медиакеңістіктің құрылымдарын күрделі ойындар алаңына айналдырды. Нәтижесінде кез келген қоғамдық пікірдің қалыптасуына бүгінде ғаламторды пайдаланатын миллиондаған адамдардың белсенділігі ықпал етіп келеді. Өкінішке қарай, мұндай белсенділердің арасында экстремистік және террористік ұйымдардан құралған деструктивті күштер осы кеңістіктің барлық мүмкіндіктерін өз қызметінде оңтайлы пайдаланып отыр.

Ақпарат алмасудың әр түрлі заманауи тетіктерін шебер қолданатын деструктивті ағым идеологтары оқу, хат алмасу, бейне және аудио материалдар арқылы радикалды көзқарастарды таратуда.

   –​ Діннің адам санасына ықпал етудегі әлеуеті жоғары. Осыған орай теріс пиғылды халықаралық ұйымдардың медиа-студиялары және басқа да ақпараттық насихат құралдары әртүрлі қаржылық көздер арқылы қаржыландырылып отыр. Бұл туралы пікіріңіз қандай?

   – Аз уақыт аралығында деструктивті идеяларды тарату арқылы тұрақты біртұтас мемлекетті соғыс алаңына айналдырып, елді ыдыратып жіберуге болатынын Ливия, Сирия, Ирак және Йемен елдерінің тағдырынан айқын көруге болады. Деструктивті діни ағымдар барлық тарихи кезеңдерде қоғамды ыдыратушы құрал ретінде өз белсенділігін жоғалтпаған. Саяси мүдделер мен қаржыны мақсат еткендіни ағымдар бүгінде технологияның жетістіктері арқылы прозелитистік әрекеттерін жаһандық деңгейде жүзеге асыруға қол жеткізді. Солардың ішінде псевдосалафизм идеологиясына негізделген Қазақстанда тыйым салынған «ИГИЛ», «аль-Каида» секілді халықаралық экстремистік ұйымдар қажетті қаржылық және адам ресурстарымен жабдықталған, трансұлттық деңгейде қанатын кең жайған дербес жүйеге айналып отыр.

Кез келген теріс пиғылды діни топ көздегеніне тез жету үшін әрі қатарын жаңа адепттермен толықтыру үшін өзінің шынайы мақсатын жасыруға және зұлымдықтарын ақтауға тырысатыны белгілі. Осыған орай деструктивті ағым өкілдері өз уағыздарында бұрмаланған әр түрлі діни дәйексөздерді келтіре отырып, өздерінің жолын әділ әрі ақиқат етіп көрсеткісі келеді. Алайда бейбітшілік пен бауырмалдылыққа үндейтін шынайы діни сенімде адамдарға зұлымдық пен әділетсіздік танытуға, нақақтан жан иесін өлтіруге жол берілмейді. Бұл қағидат Құранда тайға таңба басқандай жазылған.

   –​ Шын мәнінде, діни радикализмнің белгілерін қалай білуге болады?  

  – Радикалды діни ұйымдардың идеологиясын шынайы діни сеніммен байланыстыруға болмайтынын мынадай айырмашылықтардан көруге болады:

   - деструктивті ағымдар ымыраға келмейді және өзге дін өкілдерімен өзара келісім орнату мәселесін жоққа шығарады;

    - деструктивті топ идеологтары адамдар арасында орныққан бауырластық, достық, туыстық және отбасылыққатынастарды бұзуға үндейді;

    - радикалды топ мүшелері мақсаттарына жету үшін дінде тыйым салынған әрекеттерді жасаудан тайынбайды, тіпті көптеген бейкүнә адамдар мен эмиссарларды, соның   ішінде БАҚ өкілдері мен елшілерді жазықсыз өлтіруде;

    - радикалды ағымдар саяси және қаржылық мүдделер үшін мемлекеттің тұрақтылығы мен тұтастығын бұзуға, жергілікті халыққазаңсыз өз үстемдігі мен билігін жүргізуге әрекеттенеді;

    - діни заңнамаларда бекітілген нормаларды сақтамай өз нәпсілеріне еріп, қылмыстық жазаны жүзеге асырады.

Деструктивті діни ағымдар өз қатарын мейлінше көп адаммен толықтыруға асығады. Сол үшін мұндай ұйымдардың өкілдері арбау жұмыстарында өтірік айту, мәліметті бұрмалап жеткізу, арнайы психологиялық айла-тәсілдер қолдану секілді жолдармен неофиттердің санасына ықпал етеді. Теріс пиғылды ұйымдар қоғамға өздерін діни, емдік, сауықтыру, мәдени, саяси немесе білім беру орталықтары ретінде көрсетуге әрекеттеніп, жақтастарының санын көбейтуге тырысады.

Адам санасын улайтын деструктивті ұйымдардың басты қаупі – бұл ортаға сенім білдіріп келген адамның дербес ойлана алу, сын көзбен қарау, өз бетінше шешім шығара алу, қалаған өмір салтын таңдау қабілеттеріне шектеу қойылады. Яғни, азаматтың жеке бас бостандығы мен құқықтарына қол сұғу орын алады.

  – Деструктивті топтың мүшелігіне кіру барысында тұлға әртүрлі психологиялық кезеңнен өтеді екен. Осы туралы айтып берсеңіз...

  – Бұл кезеңдерде адам қате діни ұстанымдарды шынайы сенім ретінде қабылдайды. Ол кезеңдерді шартты түрде төртке бөліп қарастыруға болады. Біріншіден, алғашқы байланыс орнату кезеңі адамның жалған діни ағым өкілдерімен танысуымен басталады. Осы кезде радикалды идеологтар өз ұстанымын таңу үшін бұрмаланған ақпараттарды ұсынып, қызметін адал әрі дұрыс деп көрсетеді. Бастапқы кезеңде идеологтар арбайтын адамының бойында дінге қызығушылықты ояту үшін өздерінің діни сенімге беріктігін, әрқашан көмек көрсетуге дайын екенін дәлелдеуге тырысады.

Екіншіден, екінші кезеңде адам арбаушыларға толыққанды сенім білдіріп, неофит ретінде діни ұйымның мүшелігіне кіреді. Осы кезде идеологтар неофитке «біздің ұстанатын діни сеніміміз ғана ақиқат», ал «шынайы бақытқа тек топ ішінде ғана қол жеткізуге болады» деген ойларды таңады. Сондай-ақ, осы кезде неофит басқа жолдармен келетін ақпараттардан оқшауланып, ой-өрісі, санасы идеологтар көрсеткен бағытпен қалыптаса бастайды. Нәтижесінде идеолог жеке өмірін толыққанды бақылауға алған неофиттің әрбір қадамын бағалай отырып, оның кез келген мәселеде ақыл-кеңес сұрайтын ұстазына айналады.

Үшіншіден, бұл кезеңде деструктивті топ ішінде психологиялық өңдеуден өткен, сыртқы ақпараттық және әлеуметтік байланыстардан оқшауланған адам топ мүшелеріне бауыр басып, өзінің өмірін толығымен осы топтың мүддесіне арнауға дайын болады. Деструктивті топтан тыс тұрған туысқандардың, қоғамның, мемлекеттің барлығы арбаудан өткен адам үшін жат болып келеді. Ондай адам топтағы адамдарды ғана өзіне шынайы дос тұтып, ұйымдағы басшысының әміріне көзсіз бойсұнады.

Төртіншіден, соңғы кезеңде идеологтардың ықпалымен адамның өмірге және айналасындағыларға қатысты ұстанымдар қалыптасады. Өзгелерді өзінен артық көрген адамға жалған сенімге негізделген идеялар мен көзқарастар таңылып, мұндай адам ұйымның мүддесі үшін өзінің жанын да, малын да құрбан етуге дайын тұрады.

Демек, кез келген діни ағымның деструктивтілігі оның мақсаттарынан және іс-әрекетінің нәтижесінен аңғарылады. Теріс пиғылды ағымның арбауына түскен адамның жеке өмірінің деңгейі, сондай-ақ оның әлеуметтік, физикалық, экономикалық, рухани және моральдық жағдайы бұзылады. Соның салдарынан отбасы мен қоғам зардап шегіп, мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келеді. Деструктивті және экстремистік топтар тарапынан жүргізіліп отырған кең көлемді насихат жұмыстарының мақсаты ортақ – әрбір шаңырақта өшпендiлiк пен алауыздық отын тұтату және қоғамдағы ауызбіршілікті жою, сол арқылы мемлекеттiң ұлттық қауіпсiздiгі мен қорғаныс қабiлетiне нұқсан келтiріп, елдің конституциялық құрылысы мен аумағының тұтастығын бұзу.

Ал, қазақ халқының ұлттық мәдениеті мен руханияты, өмірлік ұстанымдары мен салт-дәстүрі, ойлары мен көзқарасы, дүниетанымы осы діннің құндылықтарымен сабақтаса қалыптасты. Сондықтан шеттен келген теріс пиғылды күштердің ықпалына төтеп беретін ең тиімді жол – ұлттық кодты, ұлттық құндылықты, елдік мақсат пен мемлекеттің ұлттық құрылымын, қазақ елінің тарихи мұраларын жаңғырту.

Жаһандық деңгейде әрекет ететін деструктивті ағымдардың ықпалымен күресте қоғамда ұлттық және діни-рухани құндылықтарды кеңінен насихаттау арқылы ғана біз бүгінгі қоғамды және келешек ұрпақты жат идеологиялардың кері әсерінен қорғауды қамтамасыз ете аламыз.

Ұлы даланың рухани мұралары дәстүрімізбен сабақтасып кеткен Ислам қағидаларын құрметтейді. Дәстүрлі дініміз ата-бабамыздың көпғасырлық даналығына негізделген. Әл-Фараби, Яссауи, Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп ұстанған дәстүрлі қазақ мұсылмандығына басты негіз ретінде соқыр сенім емес, ақыл-парасат алынған. Біздің топырағымыздан шыққан ұлы ойшылдар Құран мен сүнетті де жетік меңгерген. Сондай-ақ олар гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдарын алға жылжытқан ғаламат білім иелері еді. Әбу-Насыр әл-Фараби, имам әл-Бухари,  имам әл-Термизи, Қожа Ахмет Ясауи озық ғылыми ойдың әлемдік тарихына есімдері алтын әріптермен жазылған тұлғалар. Атадан қалған мұраны, аманатты сақтау – біздің міндетіміз.

– Сұхбатыңызға рақмет! 

Тегтер: