«Балаң бостандыққа шықсын десең, тыныш жүр!»
The New York Times басылымы Қытайдың Коммунистік партиясының ішкі құжаттарын жариялады. Көлемі – 400 беттен асады. Онда Шыңжаң-ұйғыр автономды ауданындағы азшылық мұсылмандарды қайта тәрбиелеу шаралары жайлы біраз мағлұмат бар. Қытай басшылығы өкілдерінің бірі бұл мәліметтерді жасырын түрде жинап, аталмыш басылымға табыстапты. Құжаттың ең сорақы тұсы – жергілікті шенеуніктерге берілген арнайы нұсқаулар.
Мәселен, туыстары жоғалып кеткен (қайта тәрбиелеу лагеріне қамалған) адамдарды іздеп, билікке наразылық білдірсе, оларға қандай жауап берілуі керектігі ашық жазылған. «Олар үкімет құрған оқыту мектептерінде, ол жерден кетуге болмайды», «қамақтағылардың қашан шығатыны отбасыларының қылықтары мен тәртібіне байланысты болмақ», «егер оқып, білім алып, әзірліктен өтпесе, діни экстремизмнің қауіптілігін ешқашан толық түсінбейтін болады», – деген әңгімелер айтылуы тиіс. Яғни, шенеуніктер азаматын іздеген елге осылай деуі керек.
Бұдан бөлек, жария болған құжаттарда Бас хатшы Си Цзиньпин мен Шыңжаңдағы ҚКП бірінші хатшысы Чень Цюаньнің құпия жеке нұсқаулары да бар көрінеді. Чень Цюань мұсылмандарды қайта тәрбиелеу компаниясының басты идеологы аталып жүр. Ол «ұстау қажет болғандардың бірін қалдырмай ұстау керек» деп үндеу тастаған. Си Цзиньпин болса, 2014 жылғы терактілерден кейін «содырлар секілді «қатаң және аяусыз» әрекетке көшуді» бұйырған. Алайда Си Цзиньпин «исламды түбегейлі жоюдан аулақпыз» дегенді айтқан көрінеді.
Жалпы, Бейжің үшін басты қауіп – Қытайға бағынышты аз ұлттардың сепаратизмі. Қытай билігіне қарсы қарулы қарсылық көрсетіп жүргендердің түпкі мақсаты – бостандық алу. Шыңжаңның байырғы тұрғындары – ұйғыр ұлты «миллиард халықтың ішінде жұтылып кетпеудің бір амалы – ислам дінін берік ұстану» деп білетіні жасырын емес. Қытайдың дінге шүйлігуінің мәні осында. Саны аз қазақ пен қырғыз, мұсылман болғандықтан, қосақ ішінде кетіп отыр. Қытайға өзіміз әзер ажырататын ағайын халықтар – ұйғырың кім, қазағым кім, қырғызың кім, бәрібір.
Бейжіңнің Шыңжаңда жүргізіп жатқан қатаң саясаты Нұр-Сұлтанға да да оңай соқпады. Түрлі алпауыт елдердің мүдделерін тоғыстырып, мейлінше көпвекторлы саясат ұстануды көздейтін Қазақстан билігіне жоқ жерден үлкен проблема туғызып отыр. Ежелден келе жатқан синофобияға, экономикалық қуатының экспансиясымен қатар, Шыңжаңдағы қандас бауырларға көрсеткен қысымы қазақ қоғамы алдында Қытай «құбыжық» ретінде көрінетін болды.
Қытайда хабар-ошарсыз кеткен туыстарын іздеген Қазақстан азаматтарының зары қоғамды бей-жай қалдырған жоқ. Шекара асып, бас сауғалап, жан сауғалап келіп жатқан қазақтар көбейді. Қытай қазақтары Мұрагер Әлімұлы мен Қастер Мұсаханұлы, Сайрагүл Сауытбай оқиғалары осыған дәлел. Бұл жайлы қоғамда түрлі кереғар пікірлер айтылуда. «Қашып келіп жатқандарға «алпауыт көрші арасына сына қағушылар, Қытайда қалған қазақтардың басына бұдан да үлкен апат әкелушілер» ретінде қарайтындар да жоқ емес. Десе де, «Бас сауғалап келген өз қазағымызды қорғай алмасақ, несіне тәуелсіз елміз? Бізден пана таппаған қазақтарға Батыс елдері саяси баспана беріп отыр», – деген наразылардың қарасы қалың.
Шыңжаңдағы ахуалға қатысты журналистердің сауалына Қытайдың елшілері: «Бұл – біздің ішкі мәселеміз, сіздердің араласатын жөндеріңіз жоқ» деп зілмен жауап бергені есте. Тіпті, АҚШ пен Батыс елдерінің «адам құқығын, сенім бостандығын бұзып жатырсыңдар» деп қатты сынға алуына Бейжің пысқырып та жатқан жоқ.
Сөз арасында айта кету керек, Қытайды зерттеп жүрген қай қазақстандық сарапшыны алсаң да, баспасөзге пікір білдірген кезде өте сақтық танытады. Басқа елдер туралы ашық айтылатын пікір алуандығы Шығыс көршіге келгенде сап тыйылады. Кілең күмілжіген, тура сауалдан жалтарған әңгімелерді естисіз. Оларды да түсінуге болады. Онсыз зерттеу объектісі – Аспан асты елінің есігі мәңгі жабылатыны сөзсіз.
Бүгінде қазақ билігіне қоғамдық пікір мен ел экономикасының басты инвесторы арасында таңдау жасауға тура келіп отыр. Сарапшылардың айтуынша, Қытайға қарсы көңіл-күй беделді қазақ шенеуніктерінің арасында да аз емес.
Айта кетерлік жайт, қыркүйек айында, Қытай билігі мешіттер мен мұраларын қирата бастады. Хэнань, Ганьсу, Ішкі Монғолия және Нинся-Хуэй автономды аудандарында құрылыстар қиратылған. Маусым айында Қытай лагерьге қамалған мұсылман-ұйғырларға, қазақтарға зорлық-зомбылық көрсетіліп жатыр деген ақпаратты жоққа шығарған-ды. «Бізде ілім беру және кәсіби әзірлік орталықтары бар. Оны концентрациялық лагерь ретінде суреттеу дұрыс емес», – дегендей. Тіпті, қазақ журналистерін Шыңжаңға шақырып, осы орталықтарды көрсетіп, пресс-тур өткізген.
БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитетінің деректеріне сүйенсек, 2008 жылдың тамызында Шыңжаңдағы жабық лагерьлерде миллионнан аса аз ұлттардың өкілдері болған. Адамдарды революциялық рухтағы әндер айтқызып, ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің идеясын оқытып, қытай тілінде сөйлеуге мәжбүрлеп жатқан көрінеді. Бейжің мұны аймақтағы террорлық әрекеттің алдын-алу шаралары ретінде түсіндіреді. Ал қайта тәрбиелеуден өткен адамдар лагерьде зорлық-зомбылық көргендерін айтады.
Шадияр Өстемірұлы