USD
USD
USD

Азғындарды НЕГЕ асырауға тиіспіз?

Педофилия – бүкіләлемдік дерт. Оның дауасын дүниенің дәрігерлері мен саяси қайраткерлері таппай келеді. Алайда, «шығанға шығып, дамып кеткен мемлекеттердің өзі мұның мәселесін шеше алмай жатқанда, бізге не жорық?!» деген сыңайда отыра беруге тағы да болмайды. Еуроодаққа, халықаралық ұйымдарға елеңдеп жүріп-ақ, біз бұл дертті елімізде асқындырып алдық...

Азғындарды НЕГЕ асырауға тиіспіз?
Фото: NEGE.kz

Бала зорлау қылмысы күнен-күнге «балалап» барады

ТМД елдеріндегі барлық мемлекеттер, қарап отырсаңыз, педофилиямен тек 2010-нан бері қарай ғана күресе бастапты. Оның өзінде, гумманизмге сүйеніп, халықаралық талаптарға сай заң қабылдаймыз деп жүргенде, бір буынды педофилияның құрбанына шалып жіберген. Статистикалық мәліметтерге қарасаңыз, жан түршігеді. Бестеп-ондап емес, айналасы 5-6 жылда сәби аңдыған сұмырайлардың саны мыңнан асып жығылған. Ол ресми тіркелгені ғана, қолға түспей, миы құрттап, жасөспірімдерді сырттай бағып жүрген қанқұйлылары қаншама?!

Жыл басынан бері Қазақстанда кәмелетке жасы толмаған жасөспірімдерге қатысты зорлық жасау әрекетінің 589 қылмысы тіркеліпті (!). Қазіргі таңда елімізде 1350 педофил мен 2831 зорлықшыл қылмыскер ресми тіркеулі тұр. Бұл дегеніңіз – кез келген уақытта, кез келген жерде қылмыс жасалып, жас өмірдің қыршынынан қиылу қауіпі өте жоғары деген сөз!

Ішкі істер министрлігінің өкілдері кейінгі кезде педофилияның күрт көбейіп кеткенін ресми мойындай отырып, Қазақстан түрмелерінде жасөспірімдерге сексуалды шабуыл жасағаны үшін 1575 қылмыскердің отырғанын айтады. Олардың ішінде 11 оңбағанға химиялық кастрация жасау үкімі шыққан. Жалпы, 2019 жылы 88 педофилге және 2020 жылы 71 педофилге химиялық кастрация жасауға қаржы керек. Неге екені белгісіз, былтыр бөлінген 9 млн 629 мың теңгені «химиялық кастрация жасау қажеттілігі жоқ» деген желеумен бюджетке қайтарып берген. Жасөспірімдерге сексуалды шабуыл жасаушыларды кастрациялауға 2018 жылдың 1 қаңтарында ресми рұқсат беріледі де, талай жантүршігерлік қылмыс болып, қылмыскерлер ұсталып, мойындалып жатса да «қажеттілік жоқ!» деп, бұл дертпен күреспейді. Мәселен, биыл бала зорлаушы жауыздардың нәпсісін тыюға 11 млн-ның үстінде қаржы бөлінген. Жылдың аяғы болды, әлі бір де бір педофилге шара қолданылмады. Осындай «әсірегумандықтың» салдарынан талай бүлдіршіннің тағдырына балта шабылып жатыр.

Қылмыспен күресудің Қазақстандық үлгісі

Биыл шілде айында Шымкент шаһарында 40 жастағы педофилге қатысты сот үкімі шықты. Оның нағыз қаныпезер екенін арнаулы психиатриялық сараптама анықтап, 17 жылға бас бостандығынан айырып, мәжбүрлі түрде химиялық кастрация жасауға кесті. Таңқаларлығы сол, бұл қанішер осыдан 16 жыл бұрын дәп осындай қылмысы үшін 10 жылға сотталып, 2008 жылы мерзімінен бұрын босап шыққан екен. Тіпті, сол аралықта үйленіп, бала сүйіп те үлгерген. Тағы бір оқиға, 2018 жылы кәмелетке жасы толмаған сәбиді зорлағаны үшін сотталған Төле би ауданы тұрғынын әуелі химиялық кастрация жасауға үкім шығарады да, 2 айдан кейін ол үкімнің күшін жояды. Себеп: қылмыскер бала зорлап сотталған кезінде 1997 жылғы ескі кодекс бойынша айыпталған, ал кастрация туралы заң 2018 жылы ғана күшіне еніпті. Ақыр аяғында, 2008 жылы 10 жылға сотталған педофил «өзіне кесілген уақытты толық өтеп шыққан» дейді де, босатып қоя береді. Қазір ол Шымкентте тұрады...

Біздегі педофилиямен күресті – күрес деп атауға келмейтін сияқты. Бәрі заң аясында, бәрі қағаз жүзінде. Ал заңымыздың әлсіз екені аздай, жағалай жемқорлық жайлап алған. Барлық саладағы басшылық деңгей нақты цифр мен шынайы ахуалды көрсетпей, жалған ақпар беруге әуес. Қылмыстың түрі ауырлаған сайын, тұмшаланып, жасырылады да, әншейін жеңіл-желпі қателіктерді «қылмыс» ретінде көрсетіп, жазалап жатады. Сырт көзге, әрине, бұл дамыған қоғам секілді көрінуі мүмкін. Бірақ, мұның бәрі не үшін, кімге ыңғайлап жасалған жағдай?

Қыркүйектің басында президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жасаған өз жолдауында педофилияға қатысты заңды қатаңдандыру керектігін шегелеп тұрып тапсырған. Сол кезде біздің заң шығарушы һәм қабылдаушы органдардың шектен тыс гуманизмге ұрынып, қоғамға қауіпті дертті асқындырып алып жатқанымыз да айтылған. Сөйте тұра, бізде әлі де нақты шешім мен тиімді заң қабылданбай келеді.

Химиялық кастрация дегеніміз не?

Педофилді химиялық жолмен әтектендіру дегеніміз – кісінің нәпсілік құмарлығын азайту үшін антиандрогендік дәрі қолдану тәсілі. Қазақстанда бұл методты жүзеге асыру үшін «Андрокур-депо» («Ципротерон») деген препарат тіркелген. Заңгерлер де, медицина қызметкерлері де бұл препараттың әсерсіз әрі сенімсіз екендігін растайды.

Педофилия деген сондай дерт, оны ұлттық мәдениет те, дін де тоқтата алмайды. Яғни, бала зорлаушы азғынға анау-мынау тосқауыл әсер етпейді. Сол үшін де әлемдік ғалымдар оны психологиялық ауытқу ретінде қарап, педофилдерді ұзақ уақытқа қоғамнан аластатуды сұрап отыр. Оның үстіне, бұл аурудың қоздырғышы тікелей әлеуметтік ахуал. Бай мен кедейді таңдап жүріп қонбайтын бұл ауру жетіспеушілікке ұрынған жарлының да, мейманасы тасыған дәулеттінің де ішінен шыға салуы ғажап емес.

«Ципротерон» деген препарат – қуық ауруының асқынған түріне қолданылатын дәрі. Оның өзінде ауруға 6 айдан артық қолдануға болмайды. Кісінің сексуалды құмарлығын уақытша бәсеңдетіп, тестостеронның деңгейін белгілі уақыт аралығында ғана төмендете тұру үшін ұсынылған дәрі. Ципротеронды қолдануды тоқтатқан кезден бастап, оның қуаты 3 күннің ішінде несеп жолы арқылы шығып кетеді. Сондай-ақ, бұл дәрі миы шайқалған адамдарға, психикалық ауытқуы бар, сексуалды маньяктарға әсер етпейді. Оның үстіне ципротеронның күшін жою үшін құрт ауруына арналған антибиотиктерді, зеңге қарсы жақпа майды немесе алкогольді ішімдікті бірнеше күн тұрақты тұтынса жетіп жатыр, адам ағзасында оның ізі де қалмайды. Ал бізде атын дабырайтып «химиялық кастрация» деп қолданғалы жүрген бұл дәрісі – әрі қымбат, әрі әсерсіз.

Педофилдерді жазалаудың әлемдік тәжірибесі

Украинада азғындарды мәжбүрлі түрде химиялық кастрация жасап, 15 жылға соттайды. Және жаза мерзімі толық өтеледі, мерзімінен бұрын босап шығу деген жоқ.

Польшада химиялық кастрация мен педофилдерді тіркеген арнайы сайтта ашық реестр бар. Барлық педофилдер мен ауыр қылмыс жасаған қылмыскерлердің тізімін, аты-жөні мен суретін, мекен-жайын құқыққорғау, мектеп, балабақша, ауруханалар мен пансионаттардың басшылары арнаулы сайттан еркін көре алады.

АҚШ-та 1996 жылдан бері химиялық және хирургиялық кастрация жасау қолданылады. Бір ерекшелігі, оларда қылмыскерді түрмеден шыққаннан соң, міндетті түрде кастрациялайды. Және балазорлау бабымен сотталғандарға мектеп, балабақша, балаларға арналған аялдамалар мен ойын алаңына жақын маңда тұруына, жүруіне тыйым салынған. Ол аз десеңіз, педофилдер туралы толық ақпарат арнайы ашық сайттарда жарияланады.

Ресейде педофилдерді қылмыс деңгейіне қарай 4 жылдан 20 жылға дейін соттайды, егер екінші мәрте қайталанса – өмір бойы түрмеде отырады. Статистика бойынша, ресейлік педофилдердің 97%-і түрмеден шыға салысымен жаман жүрісіне белсене кірісіп кетеді екен.

Германияда қазіргі таңда 50000-нан 250000-ға дейін педофил бар. Жылына 15 мыңнан аса бала шабуылға ұшырап жатады. Немістер азғындарды қылмыстық деңгейіне қарай 6 айдан 10 жылға дейін соттайды. Тек зорлық үстінде кісі шығыны болса ғана өмір бойғы түрме жазасы кесіледі.

Қытайда, Таяу Шығыста, Африкада, Латын Америкасы мен Иранда, Иракта, Оңтүстік Кореяда, Сауд Арабиясында педофилия үшін ең ауыр жаза – өлім жазасы.

Қалай күреспек керек?

Кешегі Тараздағы сұмдық оқиғадан кейін, бізде педофилиямен күрес тақырыбы қайта жанданып, қылмыскерлерге жаза түрін қатаңдату ұсыныла бастады. Қоғамға қауіп төндірген азғындарды өмір бойына түрмеге отырғызу мен осындай қылмыстарды жасырушыларды да 6 жылға дейін соттау ұсынылды. Дұрыс-ақ. Сонда дейміз, кісішошырлық қылмыс жасалмағанда, депутаттар маужыраған қалпы, құқыққорғаушылар қалғыған бойы жүре берер ме еді? Әулиеата жері тітіркеніп үлгерген жоқ, артынша келесі күні Алматыда бір қанқұйлы маньяк төменгі сынып оқушысына пышақ кезеп мектепке дейін қуып барған.

Педофилия деген – психикалық ауру. Арнайы зерттеулер педофилдерде белгілі бір геннің, тестостеронды шамадан тыс тез өндіретін ағзаның өзге адамдардан көбірек екенін дәлелдеп отыр. Сонымен қатар, педофилдердің санасы мүлдем бөлек қалыптасқан. Олар басқа адамдарға қарағанда, кей жағдайларды өзгеше эмоционалды түрде қабылдайды. Егер миына құрт түскен азғын өзінің дертті нәпсісін қоздыратын ортаға тап болса, онда бітті дей беріңіз.., ол өзіне есеп бере алмай қалады. Кейінгі кезде осы ауруды індете зерттеп жүрген ғалымдар болашақта бұл дерт тұқым қуалауы мүмкін деп дабыл қағып отыр. «Гуманизм», «мәдениет» деп жүріп түрлі сексуалды-психологиялық сұмдықтарға тап болған Батыс елдерінің статистикасы шошытса керек.

Біздің «химиялық кастрация» деп дәтке қуат етіп жүргеніміздің шикі шаруа екенін айттық. Қылмыстық жауапкершілікті арттыратын заңды қабылдай салу да оңай емес. Оның үстіне бізде әрбір сотталушыны түрмеде ұстап отыру үшін тәулігіне 3000 теңгеге жуық қаржы, «химиялық кастрация» үшін әрбір педофилге 125 мың теңгедей ақша кетеді. Одан да сол иен ақшаны неге санасы уланғандарды бақылап отыру үшін электронды браслет жасатуға, күдіктілерді психологиялық қолдау көрсете отырып емдейтін орталықтар ашуға, қазақстандық арнайы реестрлік сайт жасауға қолданбасқа?! Әрине, жасөспірімдерге қатысты зорлық-зомбылықты жазалайтын заңды күшейту, барынша қатал ету – екібастан міндетті мәселе!

PS. Педофилиямен күресте миллиондаған қаржыны желге шашып отырған Ресейде апталап мыңдаған порно-сайттарды бұғаттап тастаса да, күніне пәлен сайт қайта ашылып, тәулігіне 200-ден аса жасөспірімдерге сексуалды зәбір көрсеткен видеолар мен фотосуреттер шығып жатады екен. Бала ұрлаумен, жасөспірімдерді азғындарға астыртын сатумен, интернет желілерінде жасөспірімдердің қатысуымен түсірілген порнофильмдер таратумен айналысып, педофилияны ақша табу көзіне айналдырып алған астыртын қылмыстық топтардың жылдық айналымы шамамен 3 млрд долларға жететін көрінеді...

Қанат Ескендір

Қазір оқып жатыр

«Ересектермен бірдей жазаға тартылады»: ІІМ ата-аналарға ескерту жасады

Есірткі қылмысы

«Кастетпен ұрған»: Таразда тоғызыншы сынып оқушысын жеті қыз жабылып соққыға жыққан

қыз

Астана мен Алматыда пәтер бағасының өсуіне не әсер етеді?

Астана

Мұнай бағасы тағы өсті

Мұнай