Ауыт Мұқибек: Менің атым онсыз да лапылдап тұрған ат қой

«Құрмет» орденінің иегері, ақын Ауыт Мұқибектің үстінен Ақниет есімді балдызы әлеуметтік желі арқылы шағымданған еді. Оның айтуынша, жездесі зорламақ болған. Бірақ, Nege.kz тілшісіне сұхбат берген ақын Ауыт Мұқибек мұны жала деп санайды.
– Ауыт аға, интернетті, әлеуметтік желіні шулатып жатырсыз ғой. Біз естіген оқиға рас па?
– Өтірік. Ол менің әйелімнің туған әпкесінің қызы. Біз танысқанда, кейін үйленгенде бірінші сол әпкесімен танысқам. Сол кезде 12-13 жастағы қыз болатын. Ол ортаншы қызы. Менің ойымда ол бала сияқты қалып қалған. Бойы да кішкентай. Қайдан білейін, сөйтсем, ол 25-ке келіпті. Алматыда тұрады. Соңғы бір ай біздің үйде болды. Елордаға жұмысқа келдім деген. Бірақ әйелімнің айтуына қарағанда, жұмыс іздеп жүрген көрінеді.
Коллаж: ғаламтордан
Үйде жүргенде кейбір әрекеттері ұнамай салқын қабақ таныттым. Бір кездерде оны да ұмытып кетіп, жағдайын сұрай саламын. Әйелім дүкенге 10 минутқа шығып кеткен. Мен бала қарап қалдым. Сол кезде Ақниет те бір жақтан келген. Өзімнің 4 жасар Райан деген қызым бар. Інімнің Зылиха деген қызын құшақтап «Райан, менің қызым мынау» деп қызғандырып ойнайтынмын. Сосын қызым: «Әке, ол кіші атаның қызы. Сенің қызың мен» деп шырылдайды. Маған оның әрбір сөзі қызық. Сол есіме түсті де, планшетке шұқшиып отырған қызымның көңілін аулайын дедім.
Қарасам, Ақниет біреуге телефон соғып тұр екен. Сол кезде оны құшақтап: «Райан, менің қызым міне» деп ана қыздың бетінен сүйгем. Бар болғаны сол. Қызымды қызғандыру үшін істеп жүрмін ғой, қайдан білейін.
Көп жыл баласыз жүрдік. Өзім балажанмын. Маған ол да бала. Бәлкім, алдында салқын қабағыма өкпесі бар ма, білмедім. Сосын ол далаға шығып кетті. Артынша әйелім келді. Мен де жұмыстарыммен шығып кеттім. Наурыздың 19-ы ма, 20-сы ма, сол күннің бірі. Енді кеше болмағанды болды қылып жазып жатыр дейді.
– Сонда сізге жала жауып отыр ма?
– Ол бәрін әлеуметтік желідегі парақшасына орысша жазыпты. Орысша оқи алмайтынымды білесің ғой. Әйелім оқып, шет-жағасын айтып берді. «Мені сүйді, ана бөлмеге апарып бүйтті-сөйтті» депті. Ондай ештеңе болған жоқ. Ол менің қызым ғой. Мен 53-те, ол 25-тегі қыз. Бақандай 28 жас үлкенмін.
– Әйеліңіз не дейді? Кімге сеніп отыр?
– Әйелім «мына қызға не болған, жынды ма?» деп аң-таң. Кішкентайынан өзі бағып, өсіріпті. Бір уақыт әйеліммен сырласады екен. Жеке өміріне қатысты біраз әңгіме айтыпты. Тіпті, одан кейін оған «пәтер жалдап, бөлек тұрасың ба?» деп айтқысы да келген. Маған оның бәрін «сол кезде айтуым керек еді» деп кеше айтып отыр.
Ең қызығы, ол қыздың әкесі мен шешесі, яғни қайынәпкем мен бажам мейрам қарсаңында жаңа баспанамызға құтты болсын айтып келген. Қазір біздің үйде. Олар да менен қысылып жатыр.
Қызы әке-шешесін де тыңдамайды. Кеше оларға айттым: «Мына қыз сияқты бықсытып ештеңе айтпай-ақ қояйын. Оның да болашағы алда ғой. Аяп отырмын. Біреулер күш көрсететін шығар, әлде жастығы ма, басқа да себептері болар» дедім. Заң жүзінде әрекет етіп, өзімнің құқығымды қорғаймын. Кеше түсініктіме бердім, жаңа адвокатпен сөйлестім.
– Әке-шешесі қызының қылығын ерсі көріп жатыр ма, әлде қолдап отыр ма? Сіздің де қайын-жұртпен арада салқындық пайда болған шығар...
– Әрине, ерсі көріп отыр. Қызы «далада қалдым» деп шағымданған екен. Оған пәтер жалдап беріпті. Енді ата-анасы ғой. Шешесі «мына тірлігің не? Ұят емес пе?» деген, менің әйелім хабарласып ақылын айтқан. Бәрінің сөзін Инстаграмдағы парақшасына салып жатыр. Ал қайын-жұртыммен арада ешқандай да салқындық болған жоқ. Қайын әпкем де, бажам да үйде. «Жаман» қызға бола сіздерге ренжімеймін» дедім. Еркек ретінде бәрін көтеруге дайынмын.
– Жалпы, қазақта жезде мен балдыздың арасында жарасымды әзіл болған ғой. Бәлкім, әзілдеген түріңіз болар...
– Өзімнің туған жезделеріммен қалжыңдасқан адам емеспін. Еркелеп бір-екі ауыз сөз айтсам, айтқан шығармын. Ал балдыздарыма мүлдем әзілдеп, қылжақтаған адам емеспін.
– Ол қызды сізге қарсы қойып отырған біреулер бар деп ойламайсыз ба?
– Қолымда нақты факт болмаған соң ештеңе айта алмаймын. Менің көңілімде арқасына аспабын көтеріп алып, оқып жүрген кішкентай қыз болып қалған. Астанаға келген сайын бізде жүрді. Қуықтай бөлмеде, кейін бір бөлмелі пәтерде тұрғанда да қонып кететін. Үлкен үй алғанда да осында жүрді. Қонаққа келгенде ешқашан қарсы болған емеспін. Енді туған қайын жұртым ғой. Маған қарап тұрған күндері де жоқ шығар. Бірақ туыс болған соң, бәріне есігіміз ашық.
– Біреулер «Құрмет» орденін алып, «көтере алмай» қалған шығар дегенді айтып жатыр...
– Мен ол қызға «Еңбегім жанып, бағаланды. Сен де еңбек етсең түбі еленбей қалмайды» деп ауызша айтқаным бар. Ол да мені құптап «Сіздің еңбегіңіз бар ғой» деген. Енді өзім таң қалып отырмын.
– Ол қыздың телефонын берсеңіз, өзімен де бірауыз тілдесіп көрсек...
– Оны қайтесің? Менде телефон нөмірі бар. Бірақ сөйлеспеймін. Кілтті қайда қалдырғанын сұрап, бір-екі хабарласқан шығармын, болды.
– Енді «ақын» деген абыройыңызға, «Құрмет» орденінің иегері деген атағыңызға нұқсан келмей ме?
– Менің де танымалдылығым бар ғой. Абырой мәселесін заң шешеді. Бірінші, өзіме сенімдімін. Осыған бола абыройыма дақ түсті деп ешқашан ойламаймын. Өйткені, мен ақпын.
– «Атың шықпаса, жер өрте» демекші, жездесі мен балдызы келісіп жасауы да мүмкін деген пікірге қалай қарайсыз?
– Менің атым онсыз да лапылдап тұрған ат қой. Оған қарап қалған жоқпын. Құдай сақтасын, ондайға бармаймын. Ол қызға басында осыны жазғаны үшін ашуландым, енді аяп отырмын. Туысым ретінде аяймын. Бәрін заң шешеді, соны күтейік.
P.S. Осы жағдайға байланысты балдызы жездесінің үстінен арыз түсірген. Қазір екеуі де түсініктеме берген көрінеді. Енді жезде мен балдыздың арасындағы қарым-қатынастың ақ-қарасын сот шешпек.