10 Қараша 15:02
...

«Аудан әкімдерін сайлау халық пен әкімдердің өзара сенімін арттырады»

Фото:
Қазақстанда биылғы жылдың қарашасы

– ерекше саяси науқан өтетін ай. Себебі, елімізде аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің сайлауы тұңғыш рет пилоттық режимде өтіп, ал 2025 жылдан бастап жаппай өткізіле бастайды.

Айтып өтсек, 5 қарашада сайлау өткен аудандар саны – қырық екі, ал облыстық маңызы бар қалалардың үшеуі әкімдерін өздері сайлап алды. Аудан әкімдерін сайлау бойынша Ақмола, Қостанай, Түркістан облыстары көш бастап тұр. Ал, Абай және Ұлытау облыстары тек бір-бір ауданның әкімін сайлаған. Тізімге енген өңірлер қоғамдық-саяси жағдайына және тағы да басқа талаптарға байланысты таңдап алынған. 

Аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін сайлау елімізде демократиялық қоғам құруға бастайтын бірден бір жол екенін парламент мәжілісі депутаттары айтып отыр.

Мысалы мәжіліс депутаты Болатбек Нәжметдинұлы бұл сайлау халық пен билік өкілдерінің арасында сенім орнатуға үлкен мүмкіндік беретін науқан деп, мұндай саяси шара жалғасын табуы керек деп есептейді.

– Өте көп кандидат ұсынылып, қырықтан аса әкім сайланды, оның ішінде облыстық маңызы бар үш әкім бар. Сайлау тыныш, дұрыс өтті деп санаймын. Аудандар мен ауылдар әкімдерін сайлау менің туған жерім Түркістан облысы, Созақ ауданында да өткізілді. Ол жерде бұрынғы аудан әкімі жеңіске жетіп, қайта сайланды. Жергілікті тұрғындар мұндай бастаманы дұрыс деп есептейді.

Б.Нәжметдинұлы

Менің пікірімше, бұл – демократиялық жолымыздағы бір сатымыз. Ендігі бұл үрдіс жалғасын тауып, жақсы өзгерістер болады деген ойдамын. Сайлау тәртібі әкімдерді халықтың алдында жауапкершілігін арттырады. Әкім жұмысын дұрыс атқармаса, халық «бізге уәде бердің ғой, уәдеңді орында», «біз сені сайладық қой» деп талап ете алады. Сайлаушылар өздері сенген кандидатты әкім етіп сайлайтындықтан қызметіне кіріскен әкім де барынша сенімді ақтауға тырысады. Халықтың әкімге сенуі бір жетістік болса, әкімнің халық алдындағы жауапкершілігін сезініп өз жұмысын атқаруы екінші жетістік дер едім, – дейді депутаты Болатбек Нәжметдинұлы.

«Барлығы өзімізге байланысты» деген депутат Мақсат Толықбай Аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін сайлау арқылы халықтың саяси белсенділігі артатынын айтып отыр.

– Аудан әкімдерінің сайлауы өтті. Қалай болар екен деп сырттай бақылағанымыз рас. Бірақ мен жүз пайыз көңілім толады деп айта алмаймын. Себебі көп жерде сол бұрынғы әкімдер қалды. Қателеспесем, батыс жақтан азаматтар: «Мен осыған қатысқым келіп еді, бірақ қудалауға ұшырап, салығын дұрыс төлемедің деп отыр», – деген секілді Фейсбуктан бір-екі видео да көріп қалдым. «Міне, аудан әкімдерінің сайлауы өтіп жатыр» деген белсенділік байқай қойған жоқпын. Жетісай, Мақтаарал жақта қызу өткен сияқты көрінді. Ал басқа өңірлерді білмеймін.

М.Толықбай

Жалпы барлық нәрседе қоғам өзі белсенді араласып, белсенді қатысқаны жөн. Ауыл әкімдері мен аудан әкімдерін сайладық, бұйырса, енді міне, облыс әкімдерін сайлаймыз. Мұның бәрі соның алғышарты ғой. Азаматтық қоғам мықты болмай, мемлекет ешқашан мықты болмайды. Қандай да бір өзгерістердің болуы өзімізге байланысты. Біреу келіп өзгертсін деп отыра берсек, қозғалмай отыра береміз. Сондықтан қоғам болып өзіміз өзгеріске талпынуымыз қажет. Менің пікірімше азаматтық қоғамның белсенділігі өте жақсы. Сондықтан жақсы өзгерістер күтемін, – деді депутат Мақсат Толықбай.

«Саяси өзгерістер біртіндеп жүре бастады» деп есептейтін мәжілісмен Әділ Жұбанов ауыл, аудан және қалалардың әкімдерін халық сайлағаны оң бастамалар мен нәтижеге әкеледі және өз жемісін алдағы уақытта береді деп санайды.

– Өз басым мұны үлкен ілгерілеу деп есептеймін. Бұл туралы Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында да айты. Қазіргі демократиялық бағыттағы реформалар рет-ретімен жүргізіле бастады. Осы уақытқа дейін ауыл әкімдері сайланған, сосын, аудан әкімдері сайланып, енді алдағы уақытта ірі қалалардың әкімдерінің сайлауы өтпек.  Сондықтан да бұл жақсы үрдіс. Әзірге бұл бастапқы жолы. Әкімнің қолында бюджеті аз болса, әрине қолбайлау болады. Бірақ бастамасы дұрыс. Мен қолдаймын, – деді депутат бізге берген сұхбатында.

Ә.Жұбанов

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтардың бюджет мәселесіндегі дербестігін арттырып, жергілікті бюджетке жиналатын салыққа қатысты жеңілдіктерді анықтау құқығын аймақтардың өзіне беру мәселесін қарастыру керек деп мәлімдеген болатын. Өткізілген сайлау соның көрсеткіші десе болады.

Естеріңізде болса, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII шақырылымдағы ҚР Парламентінің бірінші сессиясының ашылу салтанатында биыл елімізде алғаш рет 45 аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерінің сайлауы өтетінін мәлімдеген болатын.

– Биыл алғаш рет 45 аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлау өтеді. Содан кейін еліміздегі барлық аудан әкімдерін сайлайтын боламыз. Осылайша, биліктің барлық институттары жаңарып, тың қарқынмен жұмыс істей бастайды. Біз саяси үдерісті демократияландырып, азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейте береміз, – деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде.

Қазастан Республикасы Ұлттық Экономика Министрлігінің мәліметі бойынша, сайлау өткізудің жалпы кезеңі шамамен 60 күн, оның ішінде сайлау қорытындыларын шығаруға және нәтижелерді белгілеуге бөлінген күндерді есептемегенде 50 күнді құрайды. Сайланатын әкімнің өкілеттік мерзімі – 4 жыл болады.

Тегтер: