27 Қараша 17:17
...

Атамұрат Шәменов:  Қазақ бидайының орны бөлек

Фото:
Қазақстанда егістік алқаптардың көлемі артып жатыр. Мәселен, биыл шаруалар еккен егіс көлемі  24,0 млн гектарға жеткен. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 652 мың гектарға артық. Соның 7,1 млн гектары – дәнді-дақылдар. Жиын-терін аяқталып келеді. Соңғы дерек бойынша, қазірге дейін 16,5 млн тонна астық бастырылған. 13,5 млн гектардан 11,5 млн тонна бидай алынып отыр.

Өнімділігі гектарына 8,5 центнерден келеді.

Экономист Атамұрат Шәменов ауыл шаруашылығының мәселелері жөнінде NEGE-ге сұхбат берді:

Ауылшаруашылығы өнімдері туралы сөз еткенде, ішкі сұранысымызды қанағаттандырып қана қоймай, шетелге де да шығарып жатқан бірден бір дақыл – осы бидай. Біздің экспорттық әлеуетімізге қандай баға берер едіңіз?

– Қазақстанның ауыл шаруашылығы – экономикамыздағы драйвердің бірі. Ауыл шаруашылығындағы басымдық берілген бағыт – астық өнімдері. Соның ішінде бидай. Бұл Кеңес дәуірінен бері солай. Қазақстанның бидайы өте сапалы. Қатты сортты. Уыздылығы жоғары. Сондықтан Қазақстанның бидайы нан өнімдерін шығаруға өте қажет. Мәселен, Украина мен Ресейде бидай көп өсіріледі. Бірақ оның уыздылығы нашар. Сондықтан Кеңес одағының тұсында да Қазақстанның бидайын алып, ұндарына қосып, нан өнімдерін шығаратын еді. Сол үрдіс осы күнге дейін жалғасып келе жатыр. Өйткені, қазақ бидайының орны бөлек.

Егін бітік шығып, ауа-райы қолайлы болған жылдары 25 миллион тоннаға дейін бидай алып жүрдік. Қазақстан үшін 16 миллион тонна астық алу – түкке тұрмайтын іс.  Азық-түлік қауіпсіздігіне байланысты, әр адамның физиологиялық нормасына шаққан кезде, қазақстандықтар тағам ретінде ең көп дегенде 2 миллион тоннаның төңірегінде пайдаланады. Бұған тұқымдық және басқа да дүниелерді қоссақ та, одан көп болмайды. Қазақстанның экспорттық әлеуеті 6-8 миллион тонна аралығында. Орта есеппен 10 миллион тонна болып тұр. Оның сыртындағы алты миллион тонна қайда? Жақсы кездердегі 10-12 миллион тонна астықтың есебі қайда? Осындай сұрақ бар. Осының арифметикасы бізде соңғы он жылда дұрыс шықпай жатыр. Сондықтан, бұл жерде көзбояушылық бар секілді.

Келер жылдары ауыл шаруашылығын қолға алып жатыр. Мені қуантып отырған нәрсе осы. Санақ дұрыс өтсе, барлық мүмкіндігімізді, жағдайымызды ашық көруге болады.

Астық өнімдерінің экспортын дұрыс ұйымдастырып жатырмыз ба?

– Біздің астығымыз алтыннан артық. Біз соның қадірін біліп жүрміз бе? Жоқ. Қазақстанның негізгі экспорты – бидай. Біздің бидайымызды оңтүстік көршілеріміз – Өзбекстан, Қырғызстан мен Тәжікстан сатып алып жатыр. Бірақ олар астықты тек бидай түрінде алады. Терең өңдеу деген сөз бар. Қазақстанның бидайын диірменге тартып, жоғары сортты ұнды неге экспортамаймыз?

Өзбекстан экпорттық ұнға баж салығын салыпты. Сондықтан ұнды кіргізбей, тек қана бидайды кіргізеді. Өзбек ағайындар бидайды өңдеп ұн жасайтын зауыттарды салып тастаған. Қазақстанның бидайын алып, ұн жасайды. Ұнның экспортына қарағанда бидайдың экспорты арзан болып шығады. Өздерін толық қамтамасыз етеді. Содан кейін қазақ бидайын ұнға айналдырып, экспортқа шығарып, пайда тауып отыр. Мұны неге Қазақстанның өзі жасамасқа? Бұған неге жол беріп жатырмыз?

– Қызық жайт екен! Неге бұлай?

–  Биылғы жазда Өзбекстан мен Тәжікстанға сапарлап қайтқаным бар. Ойпырмай, нандарының дәмін-ай! Тандыры да, басқасы да. Түрік технологиясымен түрлі нан шығарып тастаған. Нандары тіл үйіреді! «Бұл Қазақстанның бидайының дәмі» деймін. Біз Қазақстанда осындай керемет нан жауып, арзан нан жеп отырмыз ба?

Анамның табаға пісіретін наны бар еді. Сондай керемет нанды бір кафеден ғана жедім. Ол нанның бағасы 800-900 теңге тұрады! Үстіне дән сепсе, 1000 теңге болады. Қазақстанда осындай нан алып жеп отырмыз. Кірпіш нандардың өздері 200 теңгеге таяп қалды. Біз қолжетімді сапалы нан өнімдерімен толыққанды қамтамасыз ете алмай келеміз. Қолжетімді деген сөз, әр адам үшін нан арзан болуы тиіс. Бұл – өте өзекті мәселе. Өкімет бұл мәселеге бет бұрып, қатаң қарауы керек. Онымен терең айналысуымыз қажет. Қазіргідей жол беріп қояға болмайды!

Оңтүстік өңірлерде жыл сайын жылыжайлардың саны артып келеді. Көкөністерді бұрынғыдан көп өсіретін болдық. Десе де, базардағы баға арзандамайды. Неліктен?

– Бұған қатысты да түйткіл бар. Рас, көкөністеріміз бен жылыжайларымыз бар. Бағасы қымбаттау болып шығады. Бірақ оған да қазақстандықтардың қолы жетіп отырған жоқ.

Осы әңгімені төрт жыл бұрын естігенмін. Әлі де бар. Қапшағайдың төңірегінде ірі-ірі жылыжай салынған. Оның өнімін алматылықтар жемейді. Тікелей Мәскеуге жібереді екен.

Сондықтан бізде заң болуы керек. Қазақстан өз өнімдерімен өзін қамтамасыз ету үшін, жылыжайларда шығатын өнімнің кем дегенде 50 пайызы ішкі тұтынуды қамтамасыз етуі қажет дегендей. Бұл жерде де жүйе мен тәртіп жоқ. Мұның басты себебі, өзін-өзі азық-түлікпен қамтамасыз ету туралы заң орындалмай жүр. Бұл мәселені талай көтердім. Бірақ орындалмай жатыр.

Бір сөзбен айтқанда, біз өз өнімдерімізді шикізаттай экспортқа шығарып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмай жүрміз бе?

Дәл солай. Қазір нарықтың уақыты. Кәсіпкер шығарған өнімін көп пайда табатын жерге жібереді. Айталық, Мәскеуде немесе Сібірде баға екі есе қымбат. Мұны реттеп отырған заңнама жоқ. Мәселе осында.

Бұл – әлеуметтік мәселе. Елімізде халықтың тапқан ақшасының 60-70 пайызы тамаққа жұмсалады. Сондықтан бұл түйткілді халық болып, қоғам болып шешуіміз қажет.

– Әңгімеңізге рахмет!

Тегтер: