13 Желтоқсан 12:03
...

Ата заң – азаматтардың құқығын назарға алады

Фото:

Республикамыздың ең маңызды да, негізгі заңы  Ата заңымыздың қабылданғанына 28 жылдан асты. Еске салсақ, 1995 жылы 30 тамызда Ата заңымыз бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданып, 5 қыркүйекте күшіне енді.

Ал өткен жылы 5 маусымда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 9 бөлім, 98 баптан тұратын Конституциямызға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жобасы бойынша Республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойып, халқымыз үшін тың саяси науқан жүзеге асқан болатын.

 Міне содан бір жылдан аса уақыт өтті. Барлық заңға негіз болатын Конституцияға енгізілген 33 бабына 56 өзгеріс енгені әжептәуір көп, әрі ауқымды деуге негіз бар. Сондықтан да өзгерістердің нәтижесін де көріп жатырмыз деуге болады. Оған бір мысал, Қазақстан суперпрезиденттік басқару формасынан күшті парламенті бар президенттік формаға көшті. Оны іс жүзінде көре бастадық деп отыр кей бір сарапшылар. Тұңғыш президенттің ерекше рөлі мен артықшылықтары туралы ережелер Ата заңнан алып тасталады. Сонымен қатар, Мәжілістің депутаттық корпусы аралас сайлау жүйесі бойынша құрылып, Сенаттағы президенттік квота қысқарады, мәжілістегі ҚХА квотасы жойылды да, енді Мажоритарлық жүйе депутатты сайлаушылардың қалауы бойынша шақыртып алуға мүмкіндік беретін болды.

– «Бұл Конституциялық өзгерістер саяси партиялардың санын арттырады, саяси бәсекені күшейтеді, халық қалаулыларының жаңа легі пайда болуына септігін тигізеді», – деп ел президенті Қ.Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында айтқан болатын.

Есеке сала кетейік, Конституциядағы жаңа өзгерістерге сәйкес президенттің жақын туыстарының саяси мемлекеттік қызметші, квазимемлекеттік сектор субъектісі басшылары лауазымдарын атқаруға құқығы жоқ. Бұл дегеніміз «балықты – басынан шірітпеуге», яғни жоғарғы биліктен тамыр-таныстық пен туыстыққа жол бермеуді президент өзінен бастап отырғанын көрсетеді.

Ата заңымыздың 1-бабының 1-тармағында «еліміздің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары» екені жазылған. Бүкілхалықтың референдум арқылы қабылданған өзгерістер мен толықтыруларда дәл осы адамдардың мүдделері баса назарға алынған. Айта кетейік, Ата заңдағы толықтырулар мен өзгерістер бойынша, қазақстандықтар өз бетінше Конституциялық сотқа жүгіне алатынын да баса айта кету керек деп есептейміз. Себебі, халықтың құқығы біршама артып, мүмкіндігі кеңейді. Сонымен қатар өлім жазасына тыйым салынғаны мен ешкімнің адам өмірін қиюға құқығы жоқ деген баптардың енгізілуі де өз алдына адам құқықтарына ұмтылыс үшін жасалған шара деуге болады.

Конституцияға енгізілген тағы бір маңызды өзгеріс «Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі» декенін анықтап көрсетуі дер едік. Талан-таражға түсіп, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен қазба байлықтарымыз ендігі халықтікі екенін Корнституциямыз арқылы қорғай аламыз.

Бұл науқан халықты жаппай референдумға қатысуына және саяси белсенділігін көрсетуіне түрткі болды. Ата заңның тетігін қалауға әркім өз үлесін қоса алды.

– «Биыл біз жаңа кезеңге қадам бастық. Халқымыз жалпыұлттық референдумда саяси жаңғыру бағдарын қолдады. Конституциялық реформа Жаңа, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы аса маңызды қадам болды. Еліміздегі саяси жаңғыру енді экономикалық өзгерістерге ұласуға тиіс.   

Біз «Азамат – бизнес – мемлекет» арасындағы қатынасты түбегейлі өзгертеміз. Мемлекет, ең алдымен, бәріне бірдей мүмкіндік беріп, әділдік орнатады. Қоғам игілігіне арналған қызмет деңгейі жоғары болуына кепілдік береді. Әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы азаматтарға қолдау көрсетеміз. Мүмкіндігі шектеулі жандарға да көмектесеміз. Президент жанындағы Омбудсмен тағайындалады.   

Мемлекет экономикалық еркіндікті қолдайды. Бірақ, халықты нарық тұрақсыздығының ықпалынан барынша қорғайды. Шағын және орта бизнесті мейлінше дамытады» деген болатын Қазақстан Республикасы президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына жолдауында.

Президентіміз өз сөзінде айтып өткендей, халықтың мүддесі үшін жасалған заңдық жаңашылдықтар елдегі барша жүртты елең еткізбей қоймады. 5 маусымда өткен бүкілхалықтық референдумда 11 734 642 азаматтың дауыс беру құқығы болып, олардың 7 985 769-ы референдумға қатысты. Яғни дауыс берушілердің пайыздық үлесі – 68,05 пайыз болған. Қазақстан Республикасы азаматтарының ішіндегі референдумға қатысқандарының  77,18 пайызы, яғни 6 163 516 азамат Конституцияға өзгерістер енгізуге дауыс беріпті де, ал түзетулерге қарсы болғандар саны – 18,66 пайызды көрсетіп, 1 490 470 адамды құраған. Айта кетерлігі, бюллетеньдердің 2,58 пайызы жарамсыз деп танылды. Алайда бюллетеньдердің 1,58 пайызы дауыстарды санау кезінде ескерілмеген.

Бүкілхалықтық референдум мемлекет басшысының саяси реформалар бағ­дар­ламасын жүзеге асыру үшін қол­ға алынған өзекті де ауқымды жұмысы екенін баса айтқымыз келеді.

Тегтер: