1 Наурыз 09:02
...

Ассамблеяға рақмет!

Фото:

Карикатурист Ғалым Смағұлдың бірер минутта иректете салған суретінің мағынасын түсіну үшін кейде бір күн ойлануға тура келеді. Мәселен, мына дүниесі нені меңзеп тұр деп ойлайсыз?

Жасыратыны жоқ, «рақмет» деген жазуды біз басында «ақымақ» деп оқыппыз. Еее, бір ақымақ сынған домбыраны қамшы ретінде пайдаланып жүр екен ғой дегенбіз. Сөйтсек, бұл пәлекетің андағайлап көптің төбесіне шығып алған тәрізді. Мұны кейінірек байқадық. «Қамшы-домбыраның» ұшы тиген жер бомба түскендей будақтап жатыр ма, не пәле?!  

Осының бәріне жеке-жеке үңілген соң ғана «ақымақтың» біз ойлаған ақымақ емес, «рақмет» екенін түсіндік. Ал неге рақмет? Не үшін? Кімге? Міне, осы сауалдар қаперімізге келіп, қауашағымызды «қыздыра» бастағанда ғана «Алғыс айту күні» кеп қалғаны есімізге түсті.

Сонымен қош дейік, Ғалекең мұнымен не айтқысы келді? Оны түсіну үшін Nege.kz порталының карикатуристін жақсылап танып алу керек. Айталық, Ғалекең өте көпшіл жігіт. Сол көпшілдігінен ғой, 130 ұлт мекендеген Қазақстанда «сыймай», кейде қарындашын «қолтықтаған» күйі шетел асып кетеді. Дөңгеленген дүниеде қанша ұлт пен ұлыс бар, соның бәрін білетін бір адам болса, ол – осы жігіт. Әрі сол қаптаған халықтың бәрін жақсы көреді, олардың салт-дәстүрін сыйлайды. Сол себептен де шығар, Ғалекеңнің кейбір туындыларынан өзге ұлт өкілдерінің мінез-құлқы да менмұндалап тұрады. Қайсібір дүниелерін былайғы жұрттың түсіне алмай, дал болатыны да содан-ау деп топшылаймыз.

Ғалекеңді көп жылдан бері білетін әріптесі ретінде енді бұл суретті біз сөйлетіп көруге тырысайық. Әсілі, карикатура кейіпкері соншалықты жаман жігіт емес секілді. Мысалы қараңыз, ол 130 ұлтты ұйытып, құйқа тамырды шымырлатар бір әдемі күй тартып бермек болуы да мүмкін ғой. Күй күмбірі халықтың құлағына тегіс естілу үшін домбыраны қай жерде тартқан дұрыс? Әрине, биікте! Ал Қазақстанда көптің төбесінен биік қай жер бар? Демек «күйші» концерт беретін орынды дұрыс таңдаған. Тек саусағын домбыра пернесіне апарар тұсты ерекше әсерлі көрсеткісі келіп, тікке шапшыған тәрізді. Өз ойында аяғы жерге тиер-тиместе артындағы аспапты айналдырған күйі алдына әкеліп, шертіп-шертіп жіберуі тиіс-тін. Бірақ олай болмай қалды? Неге?

Негесі несі, домбыра сапасыз жасалған. Көрмейсіз бе, «талантты» жігіттің шалт қимылына шыдамай, ортасынан үзіліп кетіп отыр ғой. Ал анау бұлқан-талқан ашуланудың орнына «рақмет» деп түр. Демек, көргенді кісінің баласы. Міне, мұндай адамға қалай алғыс айтпауға болады? Қазақтың «кемшілігін» бетіне баспай, «рақмет» деген кісіден қалай ғана айналып кетпейсің?!

Негізі «Алғыс айту күні»  – Қазақстандағы ең ұтымды ойластырылған мереке. Ұтымды болатыны, «үзілген домбыра» да, «бүлінген Қордай» да мейрамның сәнін кетіре алмайды. Домбыра сынбақ түгілі, дүние төңкеріліп кетсе де, барлық ұлт пен ұлыс өкілдері бір-біріне «рақмет, рақмет» деп, алғыс жаудырудан жаңылмайды.

Енді Сіз мұның сыры неде екенін білесіз бе? Себебі, 1 наурыз Ассамблеяның «аспаннан түскен» күні. Қазақстандағы барша ұлт пен ұлысты бір шаңырақтың астына ұйыстырып, бір үйдің баласындай «тәрбиелеп» келе жатқан осы ұйым, осы ұйымның тәңір жарылқағыр мүшелері.

Демек Ғалекеңнің «іші пысып» отырғанда сүйкей салған дүниесі - осы Ассамблеяға айтқан алғысы әрі Ассамблеяның өлшеусіз еңбегіне «тұрғызылған» ескерткіші. Әманда ел бірлігі бекемделе беру үшін әр алғыстың қайтарымы болғаны жақсы-ақ. Мұны басқалар ұғынбаса да, Ассамблея жақсы білуі тиіс.

Біз бүгін-ертең Nege.kz редакциясына «Қазпочта» арқылы Ассамблеяның «рақметі» кеп қалар деп үміттенеміз. Ол енді қарындаш бола ма, әлде «сапалы домбыра» бола ма, ол жағын Ассамблеяның мырзалығы біледі.

Тегтер: