Арапа күні ораза ұстағанның сауабы көп

Бұл күнді барша мұсылман қауым асыға күтеді, себебі мол сауап жинауға мүмкіндік беретін сый деп есептейді.
Алматы, NEGE. Арапа уақыты – Құрбан айттан бір күн бұрын. Бұл күні екі жылдық күнәлар кешіріледі
Осы күні ораза ұстаған адамға Адам атадан Қиямет сырнайы үрленгенге дейін өмір сүрген барлық адам санының екі есесіндей сауап жазылады екен.
Құрбан айттың бірінші күнінің алдындағы күн – Арапа күні. Ал Арапа түні – осы күн мен құрбан айттың бірінші күні арасындағы түн. Бұл түнді мұсылман қауым ерекше қадір тұтады. Себебі осы күні ораза ұстаған кісілердің екі жыл бойғы күнәсіне кешірім беріледі деп саналады. Соның ішінде өткен жыл мен келер жылдық күнәлар.
Жалпы Зульхижжә айының бастапқы күндері берекелі күндер деп есептеледі. Ал қажылыққа бармаған адамның осы күні ораза тұтып, дұғада болуы, намаз оқуы үлкен сауапті іс саналады.
Ерте заманда бұл күні қажылық парызын өтеуге сапарлатқандар түстен кейін ертеңгі таң намазына дейінгі аралықта Арафат тауына барып тұрақтайтын болған.
Құран Кәрім хадистерінде Арапада жасалған дұға қайырлы дұғалардан делінген.
Арафат тауы – мұсылмандар Аллаға сыйынып, қажылық жасайтын мекен. Ал Арапа күні – Жаратушының дұғадағы құлдарына берген тартуы. Иман келтірген жандар осы күнді шын ниетімен күтіп, тілектері мен дұғаларын айтып сұрауы керек. Арапа күні шын мұқтаждарға көмек беріп, туған-туыс, көрші-қолаң, дос-жекжаттарға хабарласып, мол сауапқа кенелу қажет.
Арапа оразасының уақытын намаз кестесінен білуге болады. Ауыз бекіту уақыты таң намазы басталатын уақытпен тұспа-тұс. Таң намазына 10 минут қалғанға дейін сәресі аяқталғаны дұрыс.
Ауыз ашу уақыты ақшам намазы кірген уақытпен есептеледі. Әдетте дұға жасай отырып, ауызды сумен, құрмамен ашады.