Андрей ЧЕБОТАРЕВ: БИЛІК Назарбаевтың САЯСИ МҰРАСЫНАН арылуға ұмтылып жатыр
Бұл сайлау қатып қалған сеңді жібітті. Қоғам «кімнің депутат болатынын сайлаушылар емес, Ақорда шешеді» деген қағиданың артта қалғанына сенгісі келеді. Мажоритарлы жүйенің қайта оралуы да бұған түрткі болып отыр. Парламент және мәслихат сайлауына үмітін үкілеген үміткерлердің көптігі осыдан. Дербес дебаттар өту үстінде.
Ал саяси науқанның барысы қалай жүріп жатыр? Кімнің бағы жанып, қай партияның мерейі үстем болмақ? Үгіт-насихат жұмыстары қалай жүргіліп жатыр? Бұл жөнінде NEGE-ге «Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры Андрей ЧЕБОТАРЕВ пікір білдірді.
– Саясаттанушы ретінде сайлау науқанына қандай баға берер едіңіз? Қандай ерекшеліктерді байқадыңыз?
– Меніңше, осы сайлау науқанының көрігін қыздыратын үміткерлер – бір мандатты округтан түсушілер. Әсіресе, өзін-өзі ұсынушылар. Әрине, саяси партиялар өз бағдарламасын ұсынып та жатыр. Десе де, «бір мандаттылар» ерекше белсенділігімен көзге түсті.
Кейбір жерлерде «бір мандаттыларды» сайлауға түсуден шеттетіп отыр. Тіркеуге дейін өткізген «салық декларациясы сәйкес емес» деген құрал қолданылды. Бұл тәсілді билік 2012 жылы да пайдаланған болатын. Сондықтан танымал тұлғалардың кейбірі сайлауға қатыса алмаған-ды. Өкінішке қарай, бұл тәсіл де әлі де қолданыста.
Екінші қырынан алғанда, оңды тұстары да бар. Әйгілі журналист Әйгерім ТІЛЕУЖАНДЫ тіркеуден бас тартса да, ол сот арқылы сайлауға қатысуға мүмкіндік алды. Оның үстінен Қаңтар оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалған да болатын. Билік осылайша сайлау үдерісін реформалау және қолайсыз кандидаттарға ықпал етудің ескі технологиялары арасында теңгерімді сақтауға ұмтылып жатыр.
– Оңды өзгерістердің бірі – соңғы кездері оппозициялық көзқарастағы, билікті сын көзімен қарайтын азаматтар да еш кедергісіз тіркеліп жатқанын байқауға болатындай. Айталық, Рысбек Сәрсенбай, Инга Иманбай, Мұқтар Тайжан, Тоғжан Қожалы, Арман Шораев және басқа да азаматтар. Бұрын бұл мүмкін еместей көрінетін еді. Бұған не айтар едіңіз?
– Мажоритарлы жүйе болған кезде мүмкін болды. 2007 жылы бұл жүйе өмір сүруін тоқтатты. Ол кезде парламент сайлауын пропорционалды негізге көшірді. 2021 жылы мәслихатта осыған көшті.
Енді мажоритарлы жүйе қайта оралды. Әртүрлі деңгейде сайлау науқандары өтетін болды. Сондықтан біз республикалық ауқымда ғана емес, мәслихат үшін де қызу бәсекелестікті көріп отырмыз. Алматыны және басқа да аймақтарды алып қарайтын болсақ, қаншама танымал белсенді мәслихат депутаты болуға ұмтылып жатыр.
– Ал партиялар арасындағы бәсекелестік қандай? Олар сайлау науқанында қалай жұмыс істеп жатыр? Белсенділігімен көзге түсіп жатқан партиялар қайсы? Мүмкіндіктері жөнінде не дер едіңіз?
– Партияларға келетін болсақ, олар тек қана өткен аптада сайлауалды бағдарламаларын жасап үлгерді. Үгіт-насихат жеткілікті деңгейде жүргізіліп жатыр. Дейтұрғанмен, «бір мандаттылар» дебат өткізуде партиялардан оқ бой озық тұр.
Осы уақытқа дейін Youtube арналарда түрлі кандидаттар арасында дебаттар өткізілді. Әсіресе, алматылық үміткерлер үдеден шығып жатыр.
Партиялар арасында дебат 16 ақпанда өтеді. Орталық сайлау комиссиясының шеңберінде. Яғни, дебатты қаржыландыратын – ОСК. Олардың өкілдеріне дербес дебат өткізуге ешкім кедергі жасамайды. Олардың бір мандатты округтен түсіп жатқан кандидаттары жөнінде айтып жатырмын.
Қазір партиялардың мүмкіндіктері туралы сөз қозғау оңайға түспей тұр. Әрине, Аmanat партиясының басымдығы сақталады. «Ақ жол» және Қазақстанның халық партиясының басындағы жағдайды, олардың «ескі» және «жаңа» Қазақстан арасында абдырағанын, ҚХП басшылығы ауысқанын (Ертісбаевтың келгенін – ред.), партиялық кадрлардың өзгергенін ескерсек, 2021 жылғы қолдауға ие бола ма, жоқ па, ол жағын болжау қиын.
«Ауыл» партиясының мүмкіндігі зор. Екі кандидаты өткен президенттік сайлауға түсті. Жигули Дайрабаев пен Қарақат Әбден партиялық тізімде бар.
Экология тәрізді өзекті тақырыпты көтеріп жүрген жасылдар партиясына келсек, «жаңа дүние» эффектісі ықпал етуі әбден мүмкін. Жаңа партия ретінде сайлау науқанында белгілі бір электораттың назарын аударуы ықтимал.
Ал Республика партиясы айды аспанға шығаруы да ғажап емес. Әзірге бұл партия туралы әлі ешкім ештеңе білмейді. Үгіт-насихаттын да белсенді жүргізіп жатқан жоқ. Көбіне онлайн форматты місе тұтып отыр.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында: «Парламент және мәслихат сайлауы барынша әділ өтуі тиіс», – деп мәлімдеме жасады. Осыған орай, сайлау әділ өтеді деп айта аламыз ба?
– Биліктің ескі саяси технологияларды пайдаланғанына қарағанда, сайлаудың әділ өтуіне қатысты сауал бар.
Екінші қырынан алғанда, билік Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси мұрасынан арылуға ұмтылып жатыр. Оның үстіне, аймақтағы элиталардың өз мүддесін алға шығарып жатқанын ескерген жөн. Әкімдер де сайлауды белгілі бір дәрежеде бақылап отыр. Орталық билік аймақтардағы элитаның мүдделерін қаншалықты бақылай алатынын дөп басып айту қиын.
– Әңгімеңізге көп рахмет!