1 Қыркүйек 17:38
...

Әли Бектаев, сенатор: Биылғы жолдау ауылшаруашылығы саласына тың серпін бермек

Фото:
Астана, NEGE.

 «Мемлекет басшысының жыл сайынғы жасалатын халқымызға Жолдауы - өткенге есеп беріп, келешекке бағдар жасайтын, сонымен қатар, тұтас мемлекеттік аппараттың өзара үйлесімді жұмыс жасауына үлкен септігін тигізетін маңызды шара. Қасым – Жомарт Кемелұлының Жолдауды жыл сайын Парламент палаталарының жаңа сессияны бастайтын бірлескен отырысында жасауы осы күні игі дәстүрге айналып отыр.

Бүгінгі жолдау Президенттің елімізді дамыту жолындағы бастамаларының заңды жалғасы болды деп айта аламын. Соңғы бір жарым жылдың көлемінде мемлекетімізде іргелі саяси трансформация жүзеге асып, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты толықтай жүзеге асты. Оның барысында өмірімізге енген оң өзгерістерге халқымыз куә деп ойлаймын. Ең бастысы – азаматтарымыздың мемлекетті басқару ісіне қатысу белсенділігі күрт артты. Бұл сөзсіз оң үдеріс.

Бұл жолғы Жолдауда алдыңғы реформалар кешені барысында даярланған саяси негізге арқа сүйей отырып, әлеуметтік – экономикалық реформаға басымдық берілді. Нақты айтар болсам халықаралық қауымдастықта қалыптасқан геосаяси ахуалды негізге ала отырып, мемлекетіміздің серпінді дамуын жалғастыратын – «Жаңа экономикалық үлгіге» біртіндеп көшу жайы сөз болды. Және оны жүзеге асыруда, Мемлекет басшысы «Әділдік, инклюзивтік және үнемшілдік» қағидалары бағдарымыздың өзегіне айналуы қажет екендігін жеткізді.

Жолдауда сөз болған салалар ауқымы әрине өте кең. Мен, Парламент Сенатының депутаты «Ауыл» партиясының төрағасы ретінде Президенттің Жолдауда көтерген жекелеген бастамаларына тоқталып өткім келеді. Олар: отандық агроөнеркәсіп кешеніне және су мәселесіне қатысты тұжырымдар.

Жолдау барысында Мемлекет басшысы «Агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасауымыз керек» дей        келе еліміздің айналасында сала өнімін өткізетін өте үлкен нарықтардың бар екендігін тілге тиек етті. Сонымен қатар, «Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек ең алдымен өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз керек. Онсыз болмайды. Біз алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуіміз керек. Бұл нақты міндет» деп атап өтті. Бұл аграрлық әлеуеті өте үлкен, ал халқының 40 пайызға жуығы ауылдық жерді мекендейтін біздің мемлекет үшін аса маңызды әрі қажет қадам. Президент бұл тұрғыда, бір жағынан, өнім экспортын ұлғайтуды сөз етсе, сонымен бірге ішкі нарықты да отандық өніммен қамтамасыз ету қажет екендігін айтты. Ол дегеніміз, әрине халқымыздың азық – түлік қауіпсіздігі назарда болу керек деген сөз.

Жолдаудағы көтерілген, қарапайым шаруа үшін аталып өтілуі тиіс маңызды бастамалардың бірі – саладағы тауар өндірушілерді ынталандыру мақсатында салық саясатын қайта қарау мен ауылшаруашылығы техникалары паркін жыл сайын
8 -10 пайызға жаңалап отыруды тапсыруы болды. Біз депутаттар өңірлерді аралап, шаруалармен кездесулер барысында олар тарапынан салаға қатысты оңтайлы салық саясаты мен техниканы жаңалау ұсыныстары көп айтылатын. Сондықтан, Президенттің бұл бастамаларын уақтылы жасалған, ауылшаруашылығы саласының бойына сөзсіз қан жүгіртетін маңызды қадамдар деп білемін.  

Су мәселесіне тоқталар болсам, жаһандық ауа – райының жылдам өзгерісінен  аталған мәселенің күрт ушығып тұрғаны рас. Ахуал әсіресе трансшекаралық өзендерден су алатын еліміздің оңтүстік аймағында өте күрделі.

Бүгінгі Жолдауында Президент су саласындағы мәселелер кешенін, одан келер қатерді дәл бағалап, шешу жолдарын ұсынды. Атап айтқанда, ортақ трансшекаралық су ресурстарын көршілерімізбен бірлесе пайдалану, суды үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу, суды көп тұтынатын дақылдардан біртіндеп бас тарту, тозығы жеткен ирригациялық жүйелерді жөндеу, көктем мен күз уақытында болатын артық суды жинақтау мақсатында 20 жаңа суқойма салу, қолданыстағы 15 суқойманы жөндеуден өткізу және т.б. тапсырмалар берілді. Ең бастысы осы жұмыстарды бір қолдан ұйымдастырып, үйлестіретін орталық орган – Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылатын болды. Бұл стратегиялық маңызы бар су нысандары түрлі мекемелер мен құрылымдардың қарамағында қалып, шешім қабылдауда бюрократтық кедергілер көп болған салаға сөзсіз оң өзгерістер алып келетіне маңызды бастама.

Мемлекет басшысының Жолдауында көрсетілген, ел дамуына тың серпін беретін бастамаларды бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып қолдай отырып, оларды іске асыру үшін нақты қадамдар жасауымыз қажет. ҚР Парламенті тарапына Президент тапсырмаларын орындауды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету бағытында да атқарылар жұмыстар көп болары анық», – деді сенатор.

Тегтер: