Әлемнің 100 елін аралаған алғашқы қазақ қызы: «Менің тамырым туған жерге байланған»
Әлеуметтік желіде «Рабиға Медет» атымен танымал Рабиға Түгелбаева Маңғыстау облысы Шетпе ауданының тумасы. Маңғаз өлкеден осындай батыл да, жарқын қыздың шығуы көпті таңғалдыруда. Ол кәсібін Астана және Алматы қаласында жүргізсе де, барлық кәсіпті Маңғыстауға тіркеген. Бұл жердегі мақсаты салыққа төленген қаражат туған жеріне түсіп, Ақтау қаласының өркендеуіне жұмсалсын деген патриоттық ниеті екен.
– Сізбен танысқаныма қуаныштымын. Кәсіпкерлік жолыңыз бен қызметіңіз туралы айтып өтсеңіз...
– Қазақстанның көп жерінде жұмыс жасадым. Басқа аумақтан қаржы тауып жатсам да, туған жеріме деген махаббатымнан кәсіптерімді осы жерге тіркедім. Мұндағы себеп салыққа төленген ақша Ақтаудың бюджетіне түссін деген мақсат. Яғни, бюджет дегеніміз – мектептер, жолдар, балабақшалар және т.б. Қаламыздың өркендеуіне аз да болса үлесім тисе екен деп ойлаймын. Әрине, бұл мақтаныш емес, менің пікірімше, туған жеріне жаны ашитын әрбір адам солай жасауы тиіс.
– Саяхатты өз еліңізден бастадыңыз ба, әлде шет ел көбірек қызықтыра ма?
– Әлемді аралауға қызығушылым өте жоғары. Тек қана шет мемлекеттер емес, мен әуелі өз еліміздің кең даласын, ауыл-аймағын араладым. Тау-тасын, өзен-көлін көріп, көкжиегімді кеңейтіп, елімнің табиғаты мен тарихына қанық болған жанмын. Содан кейін ғана әлемге алғашқы қадам басуды ниет етіп, Малайзия елінен бастадым. Бірақ қанша басқа орта, басқа мәдениет, басқа табиғаттан дем алып, тынығып келсем де, Ақтауыма бүйрегім бұрып тұрады. Тіпті ұнатқан мемлекетінде қалып, отбасымен көшіп кетіп жатқан жерлестеріміз де бар. Ал мен тек қана саяхаттау, тану, білу мақсатын ғана ұстанамын. Өйткені, менің тамырым туған жеріме байланған. Ақтаудан басқа жерді мекендеу менің жүрегіме жақпайды.
– Барған елді тануға неше күн жұмсайсыз? Қанша уақытта туған жерді сағынасыз?
– Бір елді зерттеуге аз дегенде екі апта уақытым кетеді. Ол үлкен ел болса оған үш-төрт рет қайта барамын. Өйткені, бірден үлкен мемлекеттің барлық тыныс-тіршілігін осынша уақытта танып білу мүмкін емес. Еуропалық елдердің қыр-сырын біліп, халқымен танысуға екі апта жеткілікті. Ал Индия секілді үлкен елдерге бірнеше рет барамын. Индияға бірінші рет қырық күнге барғанмын. Тағы бір штатын қарауға екі апта уақытым кетті. Мұның барлығын көзбен тамашалап қана қоймай, әлеуметтік желіде оқырмандарыммен бөлісемін. Парақшамда сол елдің артықшылығы мен кемшілігі, туризм саласындағы ерекшелігі мен осал тұстарын ажыратып, ой қорытамын. Кәсіпкерлікті бөліскенді жөн көрмесем де, осы саяхаттар жайлы ақпарат таратқан ұнайды.
– Байқағанымыздай сізді қызықтыратын сала – туризм секілді...
– Дұрыс айтасыз. Көріп келген жаңалықтар мен сұлулықтарды Маңғыстауда да жасалғанын ойша армандап қана қоймай, Маңғыстау туризм басқармасына барып ұсыныстарымды жеткіземін. Мейлі менен сұрасын сұрамасын, туризм бойынша кеңесімді айту азаматтық борышым деп санаймын. Сонымен қатар, Ақтау қаласының депутатымын. Өз мүмкіндігіме сай барынша әрекеттер жасаудамын. Мысалы, шетелде кішкентай ғана бір тасты аңызға айналдырып жіберген. «Бұл тасқа Артур отырған» деген секілді аңыздарына өздері сеніп, басқаларды да қызықтырып, туристер ағылып келеді. Кішкентай ғана ауыл солай әлемге танылып, сол ауылдың экономикасын бір тас көтеріп отыр. Жылына миллиондап туристер келіп, қонақ үй қызметі жұмыс жасап, сувенирлер сатылып, ауыл экономикасы дамып тұр. Бұл кішкентай ғана мысал. Ал біздің Маңғыстаудың әр бұрышы тылсым, әр басқан қадамың құпияға толы емес пе?!
– Дәл осы тұста Ақтауда нені өзгерту керек, не жасалу керек деп ойлайсыз?
– Туризм бойынша қызмет көрсету сапасын жоғарылату керек. Интернет жүйесінде Ақтау қаласы жайлы, жалпы Маңғыстау жайлы толық ақпарат болуы керек. Өйткені, шетелге баратын болсам, өте қатты дайындаламын. Ағылшын тілін білмесем де, әлемнің 100 елін еркін саяхаттадым. Өйткені алдын-ала интернеттен сол елде қай қонақ үй жақсы, қандай автобусқа отырамын, қай дүкенге барамын, қай көшеден кереметті көремін, қандай көлік қанша теңге, билет бағасы қандай, қай уақыттарда жұмыс жасайды дегендей барлық ақпаратты біліп, жоспарлап барамын. Және саяхатым дәл солай өтеді. Ал біздің Ақтаудағы тұрмыс-тіршіліктің хабарын интернетке жазу арқылы біле аламыз ба? Бізге келген туристер арнайы жоспар жасай ала ма?! Міне, осындай сұрақтардың жауабы табылғанын қалаймын.
– Жалғыз алыс жолға шығудан қорықпайсыз ба? Шет елге шығар жолдас табыла ма?
– Жалғыз саяхаттау да ұнайды, қорықпаймын, олай да ел аралағанмын. Алайда достарыма өз жоспарыммен бөлісемін. Бірге барып ел аралаған жақындарым, таныстарым өте көп. Көбіне балаларыммен де саяхаттаймын. Олар менімен бірге саяхаттап, 30 ел көрді. Үлкен ұлыма әлем тамашалау ұнайды. Мына қоғамды, жалпы өмірді жеңіл әрі белсенді түрде қабылдауына бұл саяхаттар әсер етті деп ойлаймын. Ал қызым үш айлық кезінен менің қасымда жолда жүрді. Қазір жасы алтыда, оның аты туғаннан «саяхатшы». Сондай өмірге құштар жан. Менің саяхатым – жиханкездік. Бір жерге барып, қонақ үйде демалу менікі емес. Барған жермен толық танысу, білу ұстанымым, яғни, мен барған саяхат үнемі қозғалысқа толы.
– Жасырын және жария қайырымдылықпен айналысатыңызды білеміз. Осы жерде жария тұстарын айтып өтсек.
– Кәсіпкерлер болып, ауылдың балаларына көмектесеміз. Президентіміздің «Мектепке апарар жол» бағдарламасы бойынша киімдер, оқу-құрал жабдықтарын алып береміз. Оның бәрін камераға түсіріп жарияламау себебіміз, балаларға да ыңғайсыздық тудырмау керекпіз. Ал әкімшілік білетін қайырымдылық – балаларға ноутбук сыйлаймыз. Әрбір мектептегі жақсы оқитын және көпбалалы отбасынан шыққан балаларды таңдаймыз. Былтыр Өмірзақ мектебіне 100 компьютер сыйладық. Туған жерім Шетпе кентіне барып балаларды ноутбукпен қуанттық. Бұл жерде қарапайым арзан ноутбук емес, оның ішінде арнайы жады бар. Әлемнің төрт-бес елінің тілін тегін үйренетін жады бар. Кейін ештеңені ақылы түрде жүктеп әуре болмайды. Сонымен қатар, ол жадының ішінде тоқу, сурет салу, тігін тігу, оқу курстары бар. Бала керегін таңдап, қызыққан ісімен айналыса алады. Бұларды өз қаражатымызға сатып алып, ноутбуктардың жадын көбейтіп, бағдарламалар құйып, дайын күйінде таратамыз. Бұл өсем деген балаға үлкен мүмкіндік.
– Кәсіпкерлікті қашан қолға алдыңыз? Ал саяхаттауды кәсібіңіз алға жылжығаннан кейін бастадыңыз ба?
– Өте орынды сұрақ. Өйткені, әлеуметтік желіде де ақшасы болған соң саяхаттайды деп жазып кететіндер бар. Алайда бұл өте қате пікір. Кәсіпкерлікті бастағаныма енді 10 жыл болды. Ал саяхатты алғаш 27 жасымда қарапайым қызметкері болып жұмыс істеп тапқан табысыма бардым. Бір айлығыма билеттің ақшасын, бір айлығыма қонақ үйге төлеп, келесі айлығыма қыдыратын ақшаны бөліп, солай төрт ай дегенде саяхатқа шығатынмын. Бұл жерде бастысы ниет. Егер ниетіңіз дұрыс болса барлығына жетесіз.
– Жастарға қандай кеңес бересіз?
– Жастарға оқу керек, білімдерін арттыру керек. Тек өз ауылымыздан шықпасақ, әлемде осынша ғажайып барын біз қалай білеміз?! Өзіміз білмеген тұста туған жерімізді қалай дамыту жайлы ойлана аламыз?! Сондықтан барлық, үлкен мен кішіге бірдей кеңесім – барынша саяхаттау.