18 Желтоқсан 19:37
...

Ақпарат кеңістігі жаңа интернет порталмен толықты

Фото:

  Елімізде жаңа медиа жобаның тұсауы кесілді.  

  Алматы, NEGE. Qaz365.kz интернет порталы 2021 жылы құрылған Medialab коммуникация агенттігінің аясында іске қосылды.

«Qaz365.kz – еліміздегі және әлемдегі маңызды оқиғалар туралы хабардар ететін қоғамдық-саяси және ақпараттық-сараптамалық интернет-басылым.  Басты мақсатымыз – жедел әрі сапалы ақпарат беру. Экономика, саясат, бизнес, қоғам және халықаралық жаңалықтар туралы  жазамыз. Әр жаңалыққа объективті қарау − біздің басты ұстаным», – дейді интернет басылымның бас редакторы Бауыржан Карипов.

Сайт редакциясы ұсынған контент қазірдің өзінде YouTube, TikTok, Instagram, Telegram және Facebook аудиториясының сұранысына ие болып үлгерген. Мәселен, жақында Екібастұздағы жағдай туралы «Екибастуз сливать или не сливать?» атты репортажын әлеуметтік желі тұтынушылары «ең әділ материал» деп бағалады.

Таныстырылым барысында белгілі журналист, қоғам белсендісі Ғалия Әженова, журналист, жазушы Айгүл Аханбайқызы, журналист, публицист, Minber.kz сайтының бас редакторы Есенгүл Кәпқызы, «Қазақстан КВН Одағы» Республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің Президенті Есен Елеукен, блогер Алмас Тоқабаев, inbusiness.kz сайтының бас редакторы Нағашыбек Алдан жаңа медиа жобаға сәттілік тіледі.

Биыл құрылып, қазақ тілді сайттардың басын біріктірген Qazaq Media Association жеке кәсіпкерлер және заңды тұлғалар бірлестігінің өкілдері, Dalanews.kz сайтының бас редакторы Думан Бықай мен Adyrna.kz сайтының бас редакторы Арман Әубәкір жаңа жобаның қауымдастық құрамына қабылданғаны туралы құжат табыс етті.

 «Бір жарым жыл бұрын бір медиа, коммуникация саласында еңбек ететін бір топ маман қазақ аудиториясы мен бизнестің, биліктің арасын жалғайтын агенттік құрсақ, деген бастаманың төңірегіне жұмылғанбыз. Қазір медиа контентті қазақ тіліне аударудан бастап, кез-келген түрдегі контентті өндіру,  тарату, орналастыру, БАҚ-пен байланыс, БАҚ, блогерлер арқылы медиа сүйемелдеу, имидждік жобалар жасау бағытында қызмет көрсете бастадық», – деді агенттік директоры Ришат Асқарбекұлы.

Айта кету керек, агенттік бұған дейін Jusan банкпен бірлесіп, қаржы тақырыбында жазатын журналистер үшін тренинг ұйымдастырса, таяуда ғана Талдықорғанда белгілі журналист, марқұм Бейсен Құранбектің құрметіне арналған мини-футболдан турнирдің өтуіне қаржылай көмек көрсетті.

Тегтер: