17 Наурыз 12:09
...

Айбек БАРЫСОВ: Біздің экономикаға ҰЛТШЫЛДЫҚ жетіспейді

Фото:
Биыл

қаңтарда құрылған Экономикалық ұлтшылдық қозғалыс өкілдері заңды тұлға ретінде тіркеуге құжаттар тапсырып, 6 наурызда тіркеу туралы анықтама алған еді. Алайда, 3 наурызда бірлестік қызметін тіркеу тоқтатылғаны белгілі болды.

Қозғалыс өкілдері Алматыда баспасөз жиынын өткізіп, Әділет министрлігінің заңды өрескел бұзып отырғанын мәлімдеді. Бұл туралы қозғалыс жетекшісі Айбек БАРЫСОВТЫҢ пікірін сұрадық.

– Қозғалысты тіркеу неге қиындық туғызды?

– Шын мәнінде «Экономикалық ұлтшылдық» деген ұғым бағзыдан келе жатса да, жоғарыда отырғандар «ұлтшылдық» деген сөзден қорқатын сияқты.

Экономикалық ұлтшылдық бұл – әлемдік экономикалық иерархияға қарай бағытталған даму стратегиясы. Мысалы, Түркия ең алдымен өз елінің кәсіпкерлері шығарған тауарларға басымдық береді, Германияда да солай. Бүкіл әлемде солай. Ал бізге Әділет министрлігі «ұлтшылдық» деген сөзді басқа сөзге ауыстыруға кеңес берді. Сонда ғана тіркейді-мыс. Біздің түсінгеніміз, қозғалысты тіркеудің күшін жойғандар экономикалық ұлтшылдық пен этностық ұлтшылдықтың ара-жігін ажырата алмайтын секілді.

Сол себепті де біз қозғалыстың тіркеуін жою заңсыз деп есептейміз. Сондықтан азаматтық құқығымызды пайдаланып, сотқа жүгінеміз.

Қозғалыстың басты мақсаты қандай?

– Біріншіден, Экономикалық ұлтшылдық қозғалысы ұлттық өндірушіні қорғауды және импортты алмастыруды қолдайды. Өйткені біздің экономикамыздың «әміршісі» импорт екенін жасыра алмайтын жағдайға жеттік.

Екіншіден, біз ұлт пен этникалық тиесілікті ажырата білуге міндеттіміз. Осылайша, «ұлтшылдық» дегенде, этникасына қарамастан, Қазақстанның бүкіл халқының – мүддесін қорғауды меңзеп отырмыз.

Егер біз экономикалық ұлтшылдық ұғымын енгізер болсақ, қазіргі дағдарысты, ертеңгі күнге деген сенімсіздікті, әлеуметтік әділетсіздікті, басқа да мәселелерді қысқа мерзімде шешіп аламыз.

Біздің экономикаға ұлтшылдық жетпейді. Егер экономикалық тұрғыдан келсек, экономикалық рухтың өзегі – осы.  Экономикалық ұлтшылдық – еңбек және капитал экономикасының қалыптасуы кезеңінде қолданылатын термин. Біз нарықтық ортада, бизнес ортада жайлы бизнес-инвестициялық климат қалыптасу үшін экономикалық ұлтшылдық жүйесіне басымдық беруді және енгізуді жақтаймыз. Бұл салық жүйесін, кеден ісі саясатын, бизнесті, отандық кәсіпорындарды қолдау саясатын тазартады.

Тағы бір қадап айтатын нәрсе мынау: экономикалық ұлтшылдықты жаппай енгізу керек. Бұл – отандық өндірісті ымырасыз қолдау, ұлттық мүддені қорғау, отандық кәсіпкерлердің жұмысына демеу беру деген сөз. Еліміздің кәсіпкерлері мемлекеттің негізгі тұлғасына айналуы керек. Өйткені олар ел дамуының басымдықтарын айқындайды.

– Бізде кәсіпкерлердің құқығын қорғауға тиіс «Атамекен» деген ұйым бар емес пе?

– Біздің Экономикалық ұлтшылдық қозғалысын құру әрекетіміз «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының орнына таласу сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ олай емес.

«Атамекен» палатасы құдды бір Бизнес министрлігі сияқты. Олар өздерін осылай танытты. Демек, оның бағыт-бағдары үкіметке тәуелді. Ал біз құрған қозғалыс өз ойын ашық айта алатын жүздеген мың кәсіпкердің билікпен ашық сұхбаттасуына мүмкіндік беретін мінберге айналмақ.

Бізге бизнестің жоғары жаққа жете бермейтін проблемасы жақсы таныс. Мемлекеттің халық алдындағы әлеуметтік жауапкершілігінің салмағының қандай екенін бизнес өкілдері жақсы біледі.

Мысалы, мемлекеттік тапсырыс туралы заңда нені өзгерту керектігін немесе баға белгілеу ережелерінде қандай баптарды өзгерту қажеттігін білеміз. Бизнеске қатысты кез-келген құжаттың артында кімдердің мүддесі қылтиып тұрғаны бізге белгілі.

– Қазақстан экономикасына нақты не керек?

– Бізге базар емес, зауыт керек. Яғни, біз өзіміздің технологиялық базамызды дамытып, жаңа өндірістер салу үшін барлық мүмкіндікті пайдалануымыз керек.

Біз 30 жыл бойы тек шикізатты сыртқа сатумен айналысып келе жатырмыз. Осы уақыт ішінде жекелеген тұлғалар үшін «жайлы  экономика» бағдарламасын жүзеге асырып, олиголопиялық жүйе құрдық. Экономиканың барлық саласында 100 пайыз импортқа тәуелдіміз.

Мысалы, машина жасау саласында  импорттың үлесі 96 пайыз. Экономикамыздың қаншалықты осал екенін кешегі пандемия көрсетті. Біз бұл жүйені әлеуметтік-экономикалық диалог арқылы ғана өзгерте аламыз.

Ол үшін парламенте жаңа тұлғалар болуы керек. Байлардың, олигархтардың мүддесін қорғайтын қалталы парламент емес, Үкіметті, қажет болса, Мемлекет басшысының «қалғып кетуіне» жол бермейтін кәсіби Парламент бізге аса қажет.

– «Ескі Қазақстанның» өкілдері әлі де болса күшті. Олар осындай қозғалыс құруға мүмкіндік бере ме?

– Биліктің кейбір тармағында отырған қолы ұзын, көлеңкеде әрекет етуге әбден үйреніп алған шенеуніктердің бизнес климатты тұншықтырып жатқанына куә болып отырмыз. Осыған төзе алмағандықтан да ұлттық қозғалыс құруға мәжбүр болдық.

Олар отандық бизнесті өгей бала ретінде қабылдап келді. Осы күнге дейінгі саясаттың кері жаңғырығының әсері барлық жерде сезіліп жатыр. Ұлттық инвесторлар класын  қалыптастыра алмадық.

Шенеуніктер отандық өндірушіні қолдаудың сыртқы түрін ғана көрсетуді мақсат етіп отыр. Сол себепті нормативтік құқықтық актілерді дайындауға бизнес қауымдастықтың өкілдері тартылуы керек. Бізді дағдарыс қыспағынан шетелдік инвесторлар емес, ұлттық инвесторлар ғана құтқара алады.

Қозғалыстың тіркелуіне сіздің сайлауға қатысып жатқаныз да кедергі болып тұрған сияқты...

– Әбден мүмкін, жалғыз мен ғана емес Астанада, басқа да аймақтарда мәжіліс пен мәслихат үшін сайлауға түсіп жатқан әріптестеріміз бар. Әділет министрлігінің әрекеттері қозғалыстың саяси белсенділігімен де байланысты деп санаймын. Қозғалыс мүшелері елдің саяси және қоғамдық өмірінде белсенді араласа бастады.

Тіркеуді жоюдың тағы бір себебі – шенеуніктердің құқықтық және функционалдық сауатсыздығынан деп білеміз.

Парламентте бизнес өкілдері отырғанын қалаймын. Ұлттық экономиканың мүддесін ашық қорғайтын күштер саясаттан шеттеп қалды. Экономикамыздың ұлтшылдық  сипатының кемшін түсіп жатқан себебі де осы.

Тегтер: