АЭС құрылысы: Түбегейлі шешімді халық өзі қабылдайды
Қазақстандағы сарапшылар АЭС құрылысына қатысты референдім үстіміздегі жылдың сәуір-мамыр айларында өтуі мүмкін деп болжап отыр. Қазақстанға өз АЭС болғаны тиімді болғанымен, мемлекет президенті түбегейлі шешімді халықтың өзіне қалдырып отыр . Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында тағы айтып кетті.
Алматы, NEGE. Қазақстандағы саясатты бақылап зерттеп жүрген мамандар АЭС құрылысына қатысты референдім үстіміздегі жылдың көктем айларында өтуі мүмкін деп, болжап отыр. Осы референдумде халықтың шешімі анықталғаннан кейін, АЭС құрылысын қай елге тапсырамыз деген сауал туындайтын болады. Саясаттанушы Жандос Уәлихан референдум өткен жағдайда халықтың басым көпшілігі АЭС құрылысын қолдайды деп санайды.
«Референдум биыл болған жағдайда ол Ресейдегі президент сайлауынан кейін болады деп ойлаймын.Өйткені барлық ішкі тұрақтылығымыз да көрші елдегі тұрақтылыққа байланысты. Алайда бұл референдум АЭС салу шешіміне ғана әсер етеді. Нақты атом электростанциясы биылдан бастап соғылады деп өз басым нақты кесіп айта алмаймын, өйткені биылғы жылғы экономикада көптеген өзгерістер болғалы тұр.
АЭС соғудан бұрын бізде бюджеттегі жыртықтың жамауын толтыра алмай жатыр үкімет. Сол үшін қазір адамдардың, жалпы бизнестің көлеңкелі экономикадан шығуын біз биыл жүзеге асыруымыз керек деп ойлаймын.Биылғы бюджетісіз бізге АЭС соғуға, құрылыс бастауға да жетпейтін сияқты. Сол үшін осы референдім сәуір, мамыр айларында болуы мүмкін. Сәуір айының басында жарияланып, мамыр айында өтуі ықтимал. Ал құрылыс басталуы осы 2024 жылдың экономикалық көрсеткішіне байланысты деп ойлаймын. Экономика бес пайызға жоғары болған жағдайда құрылысы басталуы мүмкін.
Жалпы осы АЭС қатысты халықтың көңіл күйіне қарайтын болсақ, екі түрлі көңіл күй бар. Біріншісі радиофобиялық көзқарас, бұл бұрыннан бері таралып кеткен фобиялық көзқарас. Екінші жағынан әбден осы жұмыссыздықпен күйзелген, жаңа жұмыс орындарының ашылуын қалайтын, Қазақстанның тек қана шикі зат көзі болып қала бермей, өндіріс ошақтарын көп ашуды көксейтін халық та бар.Осы өндіріс ошақтарының өзі ең үлкен өндіріс қазір 21 ғасырдағы, сұранысқа ие өндіріс –ол әрине энергетика болып отыр.Біз мысалы көрші Қытаймен немесе Ресемен салыстырған кездегі жеңіл немесе ауыр кәсіппен емес тек энергетика өндірісі бойынша ғана оларға бәсеке бола аламыз.Немесе осы әлемде қазір сұраныс тек энергетика жағынан қамтамасыз ете аламыз. Басқа жағдайдағы өндіріс біздің тек ішкі сұранысымызды ғана қанағаттандырады.Меніңше осы үшін біздің халықта осыны әбден таразылап, референдум болған жағдайда сәуір, мамыр айларында пікірін білдіру керек. Референдум нәтижесінде халықтың 55 немесе одан да көп пайызы АЭС салуды қолдайды деп ойлаймын», - дейді саясаттанушы.
Атом энергиясының маңыздылығын Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында атап өтті.
«Қазақстан үшін таза атом энергиясының мәні зор. Бұл – ел экономикасының болашағына тікелей әсер ететін айрықша маңызды мәселе. Біз табиғи уран өндіру көлемі жағынан әлемде бірінші орын аламыз. Ядролық отын компоненттерін де өзіміз өндіреміз. Сол себепті мен еліміздің аумағында АЭС салу жайына айрықша мән беремін. Түптеп келгенде, энергетика қауіпсіздігі мәселесін геосаяси мүдде емес, нақты қажеттілік пен мүмкіндктер тұрғысынан қарастырып, ғылыми зерттеулер негізінде шешкен жөн.
Ел ішінде АЭС құрылысына үзілді-кесілді қарсылық білдіріп жатқандар да бар. Бұл – түсінікті жайт. Көпшілік Семей ядролық полигонының қасіретін ұмыта қойған жоқ. Мұқият назар аударуды қажет ететін басқа да күрделі жайттар бар. Мысалы, жобаның құны мен экологияға әсерін қаперден шығаруға болмайды.
Сондықтан бұл бастаманың мән-маңызын ескере отырып, АЭС құрылысына қатысты мәселені жалпыхалықтық референдумға шығаруды ұсындым. Халқымыз үшін аса маңызды осындай шешімдердің референдум арқылы ғана қабылданатыны 2019 жылғы сайлау алдындағы бағдар-ламамда нақты көрсетілді. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен Әділетті Қазақстан қағидаттарының іс жүзінде орындалуы дегеніміз – осы.
Болашақта әлі талай қоғамдық талқылау өткізіледі. Азаматтар референдумда дауыс берген кезде АЭС салуды жақтаған немесе қарсы болған сарапшылардың дәйекті пікірлерін барынша таразылап, ой елегінен өткізіп барып шешім қабылдауға тиіс. АЭС саламыз ба, салмаймыз ба – мұны халық шешеді», - деді президент.
Саясаттанушы Жандос Уәлиханның пікірінше, АЭС салынбаса, онда Қазақстана алпауыт мемлекеттерге шикізат көзі болып қала береді.
«Жалпы байқасаңыздар президент нақты иә, немесе жоқ деген өзінің шешімін айтқан жоқ. Түбегейлі шешімді халықтың өзіне қалдырып отыр. Мысалы президент тек Қазақстанның осы атом электр станиясын соққан жағдайдағы әлеуеті жоғары екенін назарға алып отыр. Мысалы біздегі уран қорының үлкендігіне және біздің осы шикі затымыз өзге алпауыт елдерге отын көзі болып отырғанына тоқталды және егер Қазақстан өзінің атом электр станциясы болып өз отынын өзі пайдаланған жағдайда экономикалық әділеттілік болады деген сияқты өзінің ішкі ойын білдірді. Алайда халықтың ішіндегі мамандар дайын екенін немесе халықтың өзі қаншалықты осы жауапкершілікті сезінуге дайын екенін референдум анықтауы тиіс деп, түбегейлі шешімді осы халыққа қалдырды. Менің жеке өз басымның алғашқы мамандығым энергетик, қазіргі кезде саясаттанушы ретінде айтатын босам, осыдан 4-5 жыл бұрыңғы жағдайға қарасақ, энергетик мамандары тапшы болатын, бірақ соңғы жылдары көптеген университеттерде 80-100 адамнан осы энергетик мамандарын даярлап шықты. Осының арқасында 3-4 мың түлек осы мамандықты игеріп шықты. Бізде қаншама түлек осы саланы «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқыды. Егерде біз осы практиканы кейінге қалдырып, тек маман жетпейді деген сылтаумен отыра беретін болсақ, онда ары қарай да алпауыт мемлекеттерге шикізат көзіне айналып, өзіміздің жер байлығымызды қолданудан мақрұм қаламыз. Сол үшін шешімді ертерек қабылдап, ары қарай осы мамандарды даярлауды түбегейлі жүзеге асыру керек, басқа елдермен келісімдерге барып. Ал енді осы референдумның өтуіне, АЭС салуға рұқсатын берген халық оны соғатын елдерді таңдауға парламент арқылы әсер етеді деп ойлаймын»,- дейді маман.
Сонымен қатар, саясаттанушы мемлекет президенті «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында екі ірі саяси сұраққа жауап берді деп санайды.
«Саясаттағы көптеген ақтаңдақтарға, қарапайым халықтың, саясаттанушылардың ойында жүрген көкейтесті мәселелерге тоқталған президент. Екі ірі саяси сұраққа жауап берілді. Мысалы «президент сайлауы кезектен тыс болады екен, соған Тоқаев тағыда қатысады», -деген алып-қашпа әңгіме болды, жаңа жылдың алдында. Тоқаев өз сұхбатында президент жеті жылға бір рет қана сайланатынын айтып, пайда болған сұраққа өз уақытында жауап берді.
Бұл саяси жағынан маңызды сұхбат. Жыл сайын төртінші қаңтар тұсында түрлі блогерлер, анонимді телеграм- арналар арқылы қаңтар оқиғасына қатысты түрлі қауесеттерді жібереді. Қоғамдық тәртіптің, тыныштықтың бұзылуын іштей тілейтін адамдар осы төртінші қаңтар алдында қоғамға түрлі ой салады. Осы ойлардың, дезинформациялардың жұмыс істемеуі үшін президент Тоқаевтың қаңтар оқиғасына берген түбегейлі жауаптары, қаңтар оқиғасы қалай болғаны жайында берген нақты жауаптары осы қаңтар оқиғасына екі жыл толудан бұрын берілгені қоғамның ойында жүрген көптеген сұрақтарға жауап болды. Әрине, қазіргі кезде біз Жаңа Қазақстанды күтіп отырмыз, саяси реформалардың біразына куә болдық, енді экономикалық өзгерістер қай жақа қарай жылжиды деген тағы бір сұрақ туды ішімізде. Сол экономикалық өзгерістердің қарапайым адамдардың пайдасына және еңбек адамдарының пайдасына өзгеретінін меңзеді осы сұхбатында Тоқаев»,- дейді сарапшы.