Әділбек Қозыбақ: Сирек кездесетін жануарларды Қызыл кітапқа енгізгенмен, оң нәтиже байқалмады

«Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының – «Табиғат» бағыты бойынша қандай шаралар атқарылып жатыр? Сондай-ақ сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жануарлардың санын қалпына келтіру үшін қандай жұмыс күтіп тұр? Бұл туралы NЕGE тілшісіне ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Қоғамдық кеңесінің мүшесі, «Табиғи орта» Батыс Қазақстан үкіметтік емес ұйымдары өңірлік ассоциациясының кеңес төрағасы, «EcoJer» қауымдастығы Маңғыстау облысы бойынша аймақтық экологиялық кеңесінің мүшесі Әділбек Қозыбақов айтып берді.
– Әділбек Мұстажепұлы, «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасында сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жануарларды қорғау, санын қалпына келтіру мәселесі көтерілген. Маман ретінде қандай ұсыныс айтар едіңіз?
– Сирек кездесетін, яғни жойылып кету қаупі бар жануарларды қалпына келтіру бойынша мынандай ұсынысым бар. Біріншіден, жануарларды қорғау жұмыстарына тек құзырлы органдар, табиғатты қорғау инспекторлары ғана емес, қарапайым халық пен бүкіл қоғам болып араласып, бәрі соған мүдделі болса ғана санын қалпына келтіре аламыз. Ол үшін не істеу керек? Екіншіден, қызығушылық тудыратын материалдық стимул беру қажет. Кеңес үкіметі кезінде браконьерлікке қарсы үлес қосқан азаматтарға әр жануар бойынша табиғатқа келген залалдың 37 пайызын бөліп беретін. Яғни, бұл жай азаматтарға ғана емес, инспекторларға да берілді. Тіпті, қазір 37 пайыз емес, 30 пайызын берсе де жаман емес. Қырғызстан осы жүйені қайтарғанына бес-алты жылдай болды. Нәтижесінде көрсеткіш жақсарып, жойылып бара жатқан аңдар мен құстардың саны қалпына келуде. Егер бізде 30 пайыз енгізілсе, бұл үкіметке ешқандай шығын алып келмейді.
Себебі, бұл ақша браконьердің қалтасынан төленеді. Яғни, браконьер ұсталған соң қылмыстық жаза боп есептеледі де, не үлкен көлемде айыппұл салынады, не абақтыға жабылады. Айыппұл бюджетке кетсе, ал браконьер қалтасынан төленетін 30 пайыз қылмыскерді ұстауға көмектескен адамға беріледі.
Қазір ауылды жерде жұмыссыздық белең алған. Егер осы соманы төлеу жүйесін енгізсе, жұмыссыз жүрген жігіттер қуана-қуана браконьерлікке қарсы күреске белсене кірісер еді. Қазіргі таңда олар керісінше, сырттан келетін браоконьерлерге қолдау көрсетіп, пайда тауып жүр.
Ал мына жүйені енгізсек, жағдай керісінше өрбиді. Яғни, браконьерлік жойылады және өздеріне қаржылай көмек. Бұл сыбайлас жемқорлықпен айналысатын инспекторларға да қосымша үстемақы болады. Айталық, браконьер аулаған аңның сомасы 10 млн теңгеге жетсе, онда соның 30 пайызы 3 млн. Міне, соны браконьерді ұстауға күш салған топқа берсе, жақсы емес пе? Меніңше, заңнамаға қоғамдық инспекция деген түсінікті енгізіп, бекіту керек.
– Бұған дейінгі жүйе ешқандай нәтиже берген жоқ па?
– Нәтиже бермеді. Бүгінде Қазақстанның Қызыл кітабына 56-дан астам құс енгізілген. Олар жоғалуына, санының азаюына байланысты бірнеше санатқа бөлінеді. Алайда, аңдар мен құстарды Қызыл кітапқа енгізгенмен, оң көрсеткіш байқалмады. Керісінше, сол сирек кездесетін жануарлар одан әрі жойылып барады. Мысалы, қарақұйрық, ителгі болсын, жақында Қызыл кітапқа енген Каспий теңізінің итбалығы болсын, оларды қорғау әрекеті қолға алынды ма? Әзірге нәтиже жоқ. Себебі, Қызыл кітапқа енген сирек кездесетін жануарларға арналған мемлекеттік бағдарлама керек. Соның аясында әлгінде айтқан ұсысыныстарды енгізіп, жүзеге асуын қадағаласа, сонда ғана олардың санын қалпына келтіре аламыз.
Оның үстіне жергілікті тұрғындар экологиялық туризмді дамытатын еді. Егер браконьерлік әрекет жойылып, аң-құстар көбейсе, олар адамнан да үркімейтін болады. Сонымен қатар қазір киік малы көбейіп барады. Оны аулау үшін жергілікті тұрғындарға, яғни аңшылық шаруашылық субьектісіне үкімет тарапынан міндеттеме жүктеледі. Яғни, бұл субьекті сол жердің аумағын қорғауға, мониторинг жасап, санақ жүргізуге, биотехникалық іс-шараны жүзеге асыруға міндетті болады. Бір сөзбен айтқанда, сол аумақтағы аң-құстарды көбейтуге атсалысуы тиіс. Осы іс нәтиже бергеннен кейін үкімет квота белгілеп, сол бойынша аңлауға рұқсат береді. Бұл жергілікті қоғамдастыққа ғана емес, үкіметке де, табиғатқа да, тіпті өздеріне де пайдасын тигізер еді.
– Қазір экологиялық ағарту мәселесі қалай жүзеге асып жатыр?
– «Экологиялық ағарту» деген кең ауқымдағы түсінік. Мұны кейбіреулер экологиялық бағыттағы газетке немесе журналға бір жылға немесе жарты жылға жазылу деп түсінеді. Бар жасаған әрекеті сонымен шектеледі. Мысалы, экологиялық ағартумен айналысатын қаншама тәуелсіз сарапшылар, үкіметтік емес ұйымдар бар емес пе? Соларды тартып, неге бірлесіп жұмыс істемеске?
Ол ол ма, биоалуантүрлілікті сақтау бойынша жер қойнауын пайдаланушыларды неге тартпасқа? Олардың барлығы экологиялық қауіптіліктің бірінші санатына жатады. Жыл сайын міндетті түрде қаражат бөліп, қоршаған ортаны қорғау бойынша іс-шара жүргізіп тұрады. Мұнда флора мен фаунаны қорғау және экологиялық ағарту бойынша биоалуантүрлілікке қатысты екі маңызды тарау бар. Сол тарауды үкімет, мемлекеттік органдар тарапынан нақты ешкім қадағалап жатқан жоқ. Яғни, «осындай ақша бөлінеді» деп бір соманы көрсетеді. Мысалы, ителгі мен фаунаны қорғау дейді де, өздерінің аумағындағы жасыл желектерге бөлген ақшаны көрсетеді.
– Сұхбатыңызға рақмет!