Әбдірахман Омбаев: Мал өнімдерін өндіріп, экспортауға мүмкіндігіміз зор
Қазақ ежелден мал баққан ел. Мал шаруашылығын қолға алса, экспортқа шығарып, шаш етектен пайда көруге мүмкіндік бар. Қазірдің өзінде түйе шаруашылығымен Қазақстан әлемдік деңгейге көтеріліп отыр. Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің Мал өнімдерін өндіру сапасын басқару орталығының басшысы, Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Әбдірахман Омбаев еліміздегі мал шаруашылығының бүгін жай-күйі, болашағы және ерекшеліктері жөнінде NEGE-ге сұхбат берді.
– Елімізде мал шаруашылығының дамуы жайында түйген ойыңызбен бөліссеңіз. Ежелден халқымыз қастерлеген төрт түлікті өсірудің тәсілдерін бүгін ұрпақ ұмыта бастаған жоқ па?
– Қазақ елі, қазақ жері мал шаруашылығын өркендетуге өте қолайлы. Мен үшін бұл Алланың берген сыйы сияқты. Өйткені, мал шаруашылығына арналған 187 миллионн гектар жайылым бар. Оның ішінде 100 миллионнан аса жайылымдық жер шөлді-шөлейтті аймақта орналасқан. Халқымыздың өзі шөлді-шөлейтті аймақтарда көп қоныстанған деп есептеймін.
Мал шаруашылығын дамытуға бізде барлық қолайлы жағдай бар. Бірақ «біз осыны пайдалана алып жүрміз бе?» деген сауал мені әрдәйім ойландырады. Ата-бабамыз мал шаруашылығын тиімді пайдаланып келген. Әсіресе, төрт түлік малға баса мән берген. Мен бабаларымыздың мал шаруашылығын көне дәуірлерден бері айналысқанын айтқым келеді. Жаздың 40 градус ыстығымен, қыстың 40 градус суығына ыңғайлы малдың түрлерін қалыптастыра білген. Мұндай жүйені қалыптастырған әлемде басқа халық жоқ шығар. Басқа мемлекеттерде қысы мен жазының температурасы мұншалықты құбылмайды, алшақтамайды.
Осындай жағдайда біздің қазақ Еділбай қойын шығарған. Еділбай қойы қазақ жерінің ауа-райына төзімді малдың түрі болып есептеледі. Мұндай қой әлемде жоқ деп санаймын. Өйткені, басқа қой түрлерінің ешқайсысы да Еділбай қойы сияқты қарды тұяғымен ашып, шөпті таңдап жей алмайды. Осындай тұқымды шығаруға біздің бабаларымыз қалай ой дәрежесі жетті екен деп таңқаламын.
– Еліміздегі қойдың саны қанша?
– Жалпы, Қазақстан бойынша 17 миллиондай қой бар. 2 миллионға жуық ешкі бар. Қазақстанда қойдың 17 тұқымын өсіреміз. Бізге жаңа тұқым қажет пе, жоқ па, деген сауал бар. Меніңше, осы тұқымдардың өзі жеткілікті. Тек жетілдіре түсу керек. Үлкен бетбұрыс – етті, майлы бағыттағы қой шаруашылығы. Әрине, соңғы кездері қаракөл қойына мән берілмей кетті. Шөлді аймақтарға бірден-бір бейімделген қой – осы қаракөл. Мән берілмеудің себебі, қаракөл терісін өңдейтін Шымкенттегі зауыт сатылып, орнында ештеңе қалмады. Оны өткізетін де жер жоқ.
Таулы аймақтарда өсірілетін биязы жүнді қойлармен ғалымдар айналысып жатыр. Ең басты мәселе, оның жүнінің жіңішкелігіне мән берілуі керек. Осы бағытта көп зерттеулер жүргізілуде.
– Қазақ халқы жылқы малына ерекше қарағаны анық. Сойса – соғым, мінсе – көлік. Сонғы жылдары жылқы өсімі байқала ма?
– Жылқы малын қазақ ерекше қастерлеген. Жылқыларымыз да тұяғымен қарды тазалап, астынан қорегін тауып жей алады. Мәселен, Адай жылқылары қысқа төзімді. Әлемде мұндай жылқылар кездеспейді. Ерекшелігі, теңіз суын – тұзды суды іше алады. Ағзасы соған бейімделген.
Әлемдік деңгейде үлкен бәйгелер болып жатады. Оған Батыс пен Шығыстың небір аристократтары қатысады. 80-130 шақырым қашықтықтарда Адай жылқылары бірінші болып мәре сызығын кесіп жүр. Ұзаққа шаба алатын қасиеті бар. Тіпті, шетелдік атбегілер бойы аласа, сұлулығымен көзге түсе қоймайтын жылқылардың жүйріктігіне қайраң қалады. Өздеріңізге белгілі, араб, ағылшын жылқыларының сүйрік, сұлу болып келеді. Ата-балаларымыз осы кең байтақ жерін тиімді игеру үшін осы жылқыларды пайдаланған.
– Қазақстанда қазір шұбатқа деген сұраныс көп. Бұл түйе өсіруді, оның басын көбейтуді талап етеді. Бұл түлік туралы не айтар едіңіз?
– Әлем бойынша қос өркешті түйенің тоқсан пайызы Қазақстанда өсіріледі. Бұл түйелердің ерекше қасиеті бар. Бабаларымыз түйе сүтіне емес, сүтінің майлылығына көп мән берген. Бір өркешті түйелермен салыстырғанда, қос өркешті түйе сүтінің майлылығы 1,5 есе көп болып келеді. Қазақтың қос өркешті түйелерінің сүті өнімді, қоректі болып есептеледі.
– Сүт, май, ет беретін берекелі ірі қараның бірі – сиыр түлігі. Соңғы кездері ерекше тұқымды сиыр өсірушілер көбейген секілді. Бетбұрысты байқай алдыңыз ба?
– Соңғы кездері елімізде ірі қара малға өте қатты мән беріп жатыр. Біздің жетістігіміз, Қазақстандағы ірі қалалардың жанынан ірі қара малмен айналысатын ірі кешендер соғылды. Бұрын бізде ірі қара малдың сүттілігі 2,2 мың литр болса, ол жерлерде 12-15 мың литрге дейін сүт береді. Бұл да – біздің бетбұрысымыздың бірі. Ірі қара малды кешенде ұстау арқылы сүтпен қамтамасыз ете алатын мүмкіндігіміз бар.
Айталық, Қызылорда облысында Ырза деген шаруашылық бар. Бұл шөлді, шөлейтті жерде, құмда орналасқан. Соның өзінде де жылына 9-12 мың литрге дейін сүт береді. Ол жерде де жаңа технологиялар енгізілген.
Жалпы, біз мұнымен шектелмеуіміз керек. Сүтті бағыттағы ірі қара мал шаруашылығы бойынша өзіміздің жергілікті, жайылымға шығып жайылып келген күннің өзінде 3-4 мың литр сүт беретін сиырлардың тобын жасауымыз қажет. Болашақта ғалымдар осы бағытта жұмыс істеуі керек деп есептеймін.
Етті бағыттағы ірі қара мал бойынша, сиырлардың еттілігі өте төмен. Сондықтан шетелден сиырларды әкеліп, осы бағытта жұмыс істелініп жатыр. Алайда Қазақстанда ерекше екі тұқым бар. Осы қазақ жерінде шыққан тұқымды зерттеп, өсіріп, өркендетуіміз керек. Олар – қазақтың ақ бас сиырлары мен әулиекөл сиырлары. Бұл ірі қара малдар өте етті. Ангус, гелефордтан кем түспейді. Айырмашылықтары аса көп емес. Әрине, шетелде ангус пен гелефордқа берілетін қорегі мен шөп жемін берсе, бұл сиырлардың да етті өндіретін жағдайлары бар. Қазақстан мен Ресейдің ғалымдары қазақтың ақ бас сиырларын 1950 жылы, әулиекөлдің сиырын 1992 жылы шығарған. Әулиекөл сиырының ерекше қасиеті, мраморлық ет береді. Бізде осындай малдардың тұқымдары бар. Қазір де осы бағытта көп жұмыс істелініп жатыр.
– Мал шаруашылығымен айналысатын мамандар жеткілікті ме?
– Біз мал шаруашылығына өте қолайлы, жайлы ел бола тұрып, мал мамандарын дайындауда үлкен кемшіліктер болып жатыр. Қазақтың ұлттық аграрлық университеті – Қазақстанның аграрлық, оның ішінде мал шаруашылығы саласының көшбасшы білім ордасы. Рас, жаңа мамандықтар бойынша студенттер келіп жатыр. Бірақ мал шаруашылығын оқитындардың қарасы аздау. Келгендердің өздері – қаланың, аудан орталығының балалары. Олар еш уақытта ауылға бармайды. Ал нағыз ауылдың балаларының оқуға түсуге ұлттық бірыңғай тестілеуден алған баллдары жетпей жатыр.
Білім және ғылым министрлігіне осы мәселені көтеріп айтқан болар едім. Осы мамандықтарға ҰБТ баллын түсіргені абзал. Ұлттық университет болғандықтан 60 баллдан жоғары балл жинау керек деген талап бар. Ұлттық емес университеттерде 50 баллмен оқуға түсе береді. Бірақ олар біздердікіндей мамандық дайындамайды. Негізгі мамандықтарды кезінде Алматы зоотехникалық мал дәрігерлері институтында дайындаған. Ол институт кезінде бүкіл Қазақстан бойынша мал шаруашылығы мамандарын әзірлеген еді. Ол институт пен ауыл шаруашылығы институты бірігіп, Қазақтың Ұлттық аграрлық университеті болды.
Мал шаруашылығына түскісі келетін ауыл балаларына мүмкіндік жасап, олардың оқу түсу баллын 50-ге дейін түсірсе деген ұсынысым бар. Сонда ғана ауылдан шыққан балалар келіп, мал шаруашылығы жөнінде дәріс алып, кәсібін жетік біліп, селекцияландыру, асылдандыру, азықтандыру, биотехнология және басқа да өнім алу, өңдеу жұмыстары туралы көп мағлұмат алған болар еді. Сонда олар ауылға барып, мал шаруашылығын дамытуға үлес қосар еді. Қазір ауылдағы малдың дені – жайылып жүрген қарапайым түліктер. Олардың сапасын жақсарту бағытында жұмыс істеу керек.
Ата бабаларымыз жасап кеткен, Еділбай қойымен, Адай жылқыларымен, қазақтың қос өркешті түйелерімен селекциялық жұмыстар жасалып жатқан жоқ. Өйткені мамандар аз.
– Мал шаруашылығын дамытуға кедергі болып отырған жайттың бірі маман жетіспеушілігі екенін айттыңыз. Одан басқа қандай түйткіл бар?
– Қазір көп мал өсіргенмен, мал азығын өндіруге, базалық өндірісіне, жем-шөптің құрамына әлі мән берілмей келе жатыр. Қайбір мал болмасын, оған қор жасалуы тиіс. Қоректі заттармен толығымен қамтамасыз ету керек. Иә, қазір шетелден көп мал әкелініп жатыр. Шетелдің малына барлық қоректік заттар толыққанды беріледі. Ол мемлекеттерде барлық мүмкіндік жасалынған. Мал да өсіріледі, оның жем-шөбі мен қоректік заттары толық қамсыздандырылады. Осындай жағдайға біз әлі қол жеткізе алмай жатырмыз. Мал азығына әлі ешкім назар аудармай отыр. Мал азығы мәселесін шешсек, біздің ауылдағы жеке малдардың өзінің өнімділігін арттыруға болады.
Мәселен, егін шаруашылығында «бидай ексек, жауын-шашын болмады, өнім ала алмай қалдық» дейміз. Біз малды далаға айдап жібереміз. Шөп бар ма, жоқ па, оған көп бас ауыртпаймыз. Малдың да азығы осы жауын-шашынға тікелей байланысты. Жаңбыр аз жауған кезде жем-шөп қоры болмай, малға жағдай жасай алмай қаламыз. Болашақта мал шаруашылығымен айналысып, дамытамыз десек, алдымен маман дайындауға, сосын мал азығын дайындауға баса мән берілуі тиіс.
Қазақ жерінде мал шаруашылығын өркендетуге мүмкіндік бар. Әрі оған жеріміз өте ыңғайлы. Құдайға шүкір, мал шаруашылығына келіп, одан шаш етектен пайда тауып отырған бизнесмендеріміз де бар. Алматының іргесінде Дәулет Бекет деген үлкен түйе шаруашылығы бар. Онда бес мың түйе бар. Әлемдік деңгейге шықты. Қазақстанды түйе шаруашылығымен әлемде алдыңғы орынға шығады деп кім ойлаған? Түйе шаруашылығын барлық технологиясы бар. Өсіріп, күтіп бағып, өнім алып, сүтін шұбатқа айналдырып, шұбаттың өзін ұнтаққа айналдыруға дейінгі деңгейге жеткізді. Мұның бәрі де қолдан келетін шаруа. Сондықтан технологияларға баса назар аударған жөн.
Қазақстанда өсетін малдарды тұқымдық малға айналдыруымыз керек. Болашақта әлемдік стандарттарға сай ете білу қажет. Ет, сүт өндірсек те, мал өсірсек те, ол малдың тұқымы болуы шарт. Онсыз ауылдағы малымызды апарып, етін шетелге сата алмаймыз. Өйткені, стандарты да, сертификаты да болмайды.
– Мал басы өсіп жатыр. Экспортқа шығарып жатырмыз. Десе де, бізге дайын ет өнімдерін өндіру мәселесі ақсап тұр. Сарапшылар оның базасы жоқтың қасы екенін айтады. Мұнымен келісесіз бе?
– Әр заманның өзінің өнім өңдейтін технологиялары болады. Тағы да ата-бабамыздың кәсібіне тоқталғым келеді. Олар құрт, сүзбе жасады. Мал өнімдерін өңдеді. Ол заман бір бөлек. Қазіргі заманда өндірілген өнімдерді өңдеуге баса назар аудары қажет. Өңдеу мәселесі бізде кенже қалып қалды. Ең алдымен, қолдағы бар малмен халықты сүт өнімдерімен қамтамасыз ете алып отырмыз ба? Жоқ. Бар-жоғы елу-алпыз пайыздың төңірегінде ғана. Ет өнімдерімен қамтамасыз ете аламыз ба? Шындап қарайтын болсақ, 85-90 пайыздың төңірегінде ғана қамтамасыз етіп отырмыз. Экспортқа шығару үшін өңделген өнім бар ма? Соған да мән беруіміз керек. Қолға алса, мұны жасауға болады. Болашақта үлкен жұмыс істелуі тиіс. Осыған арналған кешендер салыну қажет. Мал өнімдерін өңдеп, шетелге шығаруға мүмкіндік ашылуы керек.
– Адамзаттың саны өсіп жатыр. Болашақта азық-түлік тапшылығы болады деген болжамдар бар. Қазақстанның аграрлық держава болуға мүмкіндігі бар ма?
– Қазақстанда потенциал өте жоғары. Мал шаруашылығын өркендетіп, мал өнімдерін өндіріп, экспортауға мүмкіндігіміз зор. Өйткені, Қазақстанда 187 миллион гектар жайылым жер бар. Бұл дегеніңіз мал өсіруге барынша қолайлы. Бірақ ол мүмкіндікті қалай пайдаланамыз, тетіктері жасалған ба? Әрине, әлі жасалған жоқ. Кеңестік дәуірдегі технологиялар қалып қалды. Оны әрі қарай дамытпадық.
Қазақтың ежелден келе жатқан Бетпақдала, Сусамыр жайлаулары және басқа да жайлаулар игерілмей жүр. Мысалы, кезінде Қызылорда, Жамбыл және Түркістан облысының шаруашылықтары жазда Бетпаққа кетіп қалатын. Малдарды Бетпаққа жайып, семіртетін еді. Семірген мал қыстан жайлы шығатын еді.
Бізге малдың басын көбейтпесе болмайды. Десе де, қойдың басын елу миллионға жеткіземіз деп әлекке түсудің де қажеті жоқ. Қазақстанда қойдың басын отыз миллионға жеткізу жеткілікті. Өйткені, табиғаттың заңдылығы бар. Оны ешқашан бұзуға болмайды. Өсімдік әлемінің мүмкіншілігі мен мал шаруашылығының мүмкіндігін теңестіру керек. Мал басын көбейтуге өсімдік әлемінің мүмкіндігі бар ма, жоқ па, соған да мән берген абзал. Мал мен өсімдіктің таразы басы тең түсуі қажет. 50 миллион мал өсірсек, ол малдың саны жазда қозысымен 80 миллион болады. Онда малдың тұяғы жерімізді тықырлап тастап, өсімдік қорын жасай алмай қалсақ, онда екінші мәселе туындайды.
Жайылымға қатысты зерттеулер бұрын болған. Қазір олар ескірді. Мемлекет тарапынан жаңаша көзқарас қалыптасып, жайылымдарға жаңа зерттеулер жүргізуге қаражат бөлініп, ғалымдарды қалыптастыру керек. Қазір бұл бағыттағы ғалымдар жоқтың қасы. Жақсы мәлімет бере алатын ғалымдар саусақпен санарлық қана қалды.
– Әңгімеңізге көп рахмет!