15 Маусым 12:44

«100 күндік жөтел» – Қазақстанда көкжөтелмен күрес қалай жүріп жатыр?

Көкжөтел
Фото: ғаламтордан

Көкжөтел – жұқпалы ауру, ол негізінен балалар мен жасөспірімдерде кездеседі және Bordetella pertussis бактериясынан туындайды. Көкжөтел жұқтырған адам алғашқыда оның белгілерін елемеуі мүмкін. Өйткені, ол әдеттегі тыныс жолдарының ауруларына ұқсайды. Көпшілігі суық тиіп қалған болар деп жүре береді. Кейіннен ғана жөтел күшейіп, тыныс алу қиындап, жөтел ұстамасы ұстауы мүмкін. Аталмыш аурумен ауырған адамды айлар бойы қатты жөтел мазалайды. Сонымен қатар, пневмония және энцефалит сияқты ауыр асқынуларды туындатады. Кейде оның арты өлімге алып келетін жағдайлар да кездеседі.

Вакцинаға дейінгі жылдарда балалар өліміне ең көп себепші аурулардың бірі көкжөтел болды. Кейін көкжөтелге қарсы екпе салына бастады. Екпе салу жұмыстары әлемде 50 жылдан астам уақыт жүргізіліп келсе де аталмыш ауру жыл сайын 60 мыңға жуық баланың өмірін жалмап жатыр. Соңғы 10 жылда эпидемиялық жағдай тіпті екпе салынып жатқан елдерде де нашарлады.

Көкжөтел қазақстандықтар үшін де қауіпті ауру саналады. Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми мәліметіне көз жүгіртейік.

2024 жылдың маусым айының басында 95 қазақстандық көкжөтелмен ауырған. Биылғы алты айдың көлемінде Қазақстанда көкжөтелдің 1353 жағдайы тіркелген. Статистика көрсеткендей, ауырғандардың 98%-ы 14 жасқа дейінгі балалар. Солардың ішінде 5 жасқа дейінгі балалар аталмыш ауруды жиі жұқтырады. Биылғы дерекке сәйкес, инфекция жұқтырғандардың басым көпшілігі екпе салдырмағандар. Олардың 90%-ы вакцина алмаған. Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Үкіметте өткен жиын барысында Қазақстанда 1 адамның көкжөтелден қайтыс болғанын мәлімдеді.

Өңірлер бойынша көрсеткішке көз жүгіртсек, көкжөтелмен ауырғандар бойынша Астана, Алматы және Алматы облыстары, сонымен қатар Қарағанды облысы көш бастап тұр.

Жоғарыда атап өткендей, көкжөтел байқалмай басталады. Инфекция жұқтырғаннан кейін 7-10 күн өткенде байқалуы мүмкін. Әдетте ол қарапайым суық тигізуге ұқсайды. Әдетте көкжөтел кезінде дене қызуы көтерілмейді. Алайда кетпейтін, бірақ күн сайын күшейе түсетін жөтел үрей тудыруы мүмкін. 1-2 аптадан кейін тыныс алу қиындап, жөтелдің ұстамасы басталады. Көкжөтелді басқа аурулармен шатастыру мүмкін емес. Өйткені тыныс алу қиындағанда науқастың ерні, мұрынының ұшы, құлақтары көгеріп кетеді. Қатты жөтелден адам құсып жіберуі мүмкін. Дәл осы белгілеріне байланысты аурудың бұл түрі «көкжөтел» деп аталады.

Кішкентай балалардың жөтел кезінде тыныс алуы арагідік тоқтап қалады, бұл ми тініндегі оттегі жеткіліксіздігін туындатады. Көкжөтелден болатын өлімнің ең жоғары деңгейі асқынулардың дамуына байланысты үш айға дейінгі балаларда көп кездеседі.

Ересектердегі көкжөтелдің белгілері балалардағыдай ауыр өтпейді. Дегенмен, бұл жағдайда да ауруды жеңіл деп атауға болмайды. Көкжөтел өте ұзақ уақытқа, кейде бірнеше айға дейін кетпей, мазалауы мүмкін. Сол себепті оған «100 күндік жөтел» деген бейресми атау берген.

Көкжөтел
Фото: ғаламтордан

Көкжөтелді Bordetella pertussis бактериясы қоздырады. Көкжөтел таяқшасы алғаш рет қоректік ортада өсірілді және оны 1906 жылы бельгиялық бактериологтар Жюль Борде мен Октава Чжангу анықтады. Сол себепті біраз уақыт бактерияны анықтаған зерттеушілердің есіміне атады. Bordetella pertussis бактериясын адам ғана тасымалдайды. Жануарлар зертханалық жағдайда ауруды жұқтыруы мүмкін, алайда оларда толық көкжөтел пайда болмайды. Көкжөтелді жұқтыру механизмі әлі толық зерттелмеген. Көкжөтел таяқшалары аурудың дамуына әсер ететін токсиндерді шығарады.

Әдетте ауру басталғаннан кейін 4 аптадан соң беті қайтып жазыла бастайды. Аурудың орташа ұзақтығы шамамен 7 апта. Көкжөтел бактериялары адам ағзасына ауа арқылы енеді. Токсиндердің әсерінен қабыну басталады, кірпікшелі эпителийдің қызметі бұзылады, шырыш бөлінуі күшейеді, тыныс алу жолдарының бетінде жаралар пайда болады, тіндердің некрозы (өлім) пайда болады. Көкжөтел кезінде бронх көп зардап шегеді. Көкжөтел бактериялары өзінің таралуына жол ашу үшін адамды жиі жөтелдіреді.

Жөтел
Фото: lifehacker.ru

Көкжөтелдің тұрақты маусымдық сипаты жоқ, алайда күз-қыс айларында жиі пайда болады. Өйткені ауру қоздырғышы күн сәулесінде тез өліп қалады. Көкжөтелдің 3-4 жыл сайын эпидемиялық шарықтау шыңына жетеді. Көкжөтел өте жұқпалы. Әрбір жаңа науқас инфекцияның бірінші күнінен бастап шамамен 25 күн бойы ауруды тасымалдаушы болып саналады. Егер отбасында біреу ауырса, үйдегілердің 90-100% көкжөтелді жұқтырады. Инфекция тек ауырып жатқан науқастар арқылы ғана емес, сонымен қатар жұқтырған, бірақ ешқандай симптомдары байқалмайтын адамдар арқылы да таралуы мүмкін.

Құндақтағы сәби үшін көкжөтел аса қауіпті. Нәрестелерде көкжөтел өте ауыр жүреді. Ауруға шалдыққан сәбиде тыныс алу және жүрек жеткіліксіздігі байқалады. Сол себепті кішкентай балаларда өлім-жітім деңгейі ең жоғары. Дамыған елдерде бронхопневмония көкжөтелді жұқтырған балалардың шамамен 6%-ында кездеседі, ал асқынулардың жиілігі алты айға дейінгі балаларда төрт есе жоғары. Көкжөтел кезінде балалардағы құрысу мен ұстама жүйке жүйесінің бұзылуын көрсетеді. Өлімге көбіне тыныс алу жүйесінің бұзылуы (трахея және өкпе) немесе мидың зақымдануы себеп болады.

Көкжөтел
Фото: ғаламтордан

Көк жөтел бактериялық инфекция болып саналады, сондықтан оны емдеуге арналған терапия аурудың ерте кезеңдерінде антибиотиктерді қабылдаудан басталады. Көкжөтелдің асқынған кезеңінде антибиотиктерді қолдану тиімді емес, өйткені ол дененің қалыпты микрофлорасының қорғаныс функцияларын төмендетеді. Егер ауру асқынған болса, глюкокортикоидтармен гормондық терапия қолданылады. Алайда, аурудың алдын алудың ең тиімді жолы – вакцина болып отыр. Көкжөтелге қарсы вакцинация бүкіл әлем бойынша мыңдаған баланы өлімнен құтқаруда. Вакциналардың дамуы мен таралуы көкжөтел инфекциясымен күресуде шешуші рөл атқарды. Дегенмен, вакцина алған балалардың да ауыратынын есте ұстауымыз керек. Бірақ олар вакцина салдырмаған балаларға қарағанда ауруды жеңіл өткізеді.

Қазақстанда көкжөтел инфекциясы асқынған уақытта Денсаулық сақтау министрлігі ахуалды тұрақтандыруға бағытталған кешенді іс-шараларды қабылдады. Нәтижесінде ауру жұқтыру дерегі 55 пайызға төмендеген. Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен бұрын екпе алмаған кәмелеттік жасқа толмаған балалардың арасында иммундау шарасын жүргізу үшін қаржы бөлінді. Бүгінгі таңда 200 мыңнан астам бала вакцина алды.