26 Ақпан 18:10

Биыл да дихандарымыз судан қиындық көре ме?

су
Фото: Ашық дерек көзі

Алатаудың бөктерін қатар қоныстанған, төсекте басы, төскейде малы қосылған қырғыз ағайындар биыл қардың қалың түскенін, екі ел де судан тарықпайтынын айтып, шүйінші сұрап отыр. Билік те қарап жатқан жоқ, айырқалпақты ағайындармен келіссөздерді қазірдің өзінде бастап кетті. Шу және Талас өзендерінің су қоры бойынша екі бірдей кездесу өткен. Министрліктің деңгейінде. 

Алатаудың бөктерін қатар қоныстанған, төсекте басы, төскейде малы қосылған қырғыз ағайындар биыл қардың қалың түскенін, екі ел де судан тарықпайтынын айтып, шүйінші сұрап отыр. Билік те қарап жатқан жоқ, айырқалпақты ағайындармен келіссөздерді қазірдің өзінде бастап кетті. Шу және Талас өзендерінің су қоры бойынша екі бірдей кездесу өткен. Министрліктің деңгейінде. 

Бұдан бөлек, Шу-Талас комиссиясының отырысы болды. Онда екі мемлекет кәдеге жаратып отырған су шаруашылығы нысандарын күтіп ұстау, пайдаға жарату түйткілдері пысықталды. Ал сәуірде бұл комиссия кезекті бас қосу өткізбек. Су беру кестесі жасалып, суару кезеңдері айқындалып, су қоймаларының жұмыс тәртібі бекітілуі тиіс.

Былтырғы аптап ыстық пен су жетпеушілігі дихандарға оңай тимегені анық. Сондықтан биыл жаңа құрылған Су ресурстары және ирригация министрлігі ерте қам жасауға ұмтылған тәрізді. Биыл күрек, кетпенін көтеріп, ел дастарханын ас-көкке толтыру үшін мехнаттанып жүрген жандардың еңбегі еш кетіп, көңілі жарым болмауы тиіс. Осы мақсатта біраз амалды қарастырып жатыр.

Мәселен еліміздің оңтүстігінде дихандар арзан сумен қамтамасыз етілмек. Жауапкершілікті «Қазсушар» мекемесі мойнына алған. Суармалы жерде өнім өндіріп отырған оңтүстіктің шаруасы үшін биыл су беру қызметінің құны төмендетілді. Ол үшін тек қана аталған мекемемен тікелей келісім-шартқа отыру қажет. Мұның маңызы неде? Енді мәміле жұмыртқадан жұн қырқып, ортадан табыс тауып келген делдалдарсыз жасалмақ. Демек, судың да, қызметтің де бағасы арзандай түседі.

Сонымен қатар, бұл келісім-шарт дихандарды басқа қауіп-қатер мен тәуекелдерден қорғауға мұрындық болмақ. Айталық, былтырғы су тапшылығы мен аптап ыстықтан талай шаруаның ала жаздай жасаған еңбегін жоққа шығарған. Ал осы мекемемен келісім-шарт жасасқандар ешқандай әуре-сарсаңсыз өтемақы алған. Көне Тараздың төңірегіндегі дихандар бұл бастаманы қос қолдап қолдап отыр.

«Қазсушар» дерегіне сүйенсек, қазіргі таңда 1740 қожалықпен келісім-шарт жасалған. Бұл көрсеткіш тек қана оңтүстік өңірлерге тиесілі. Қалған аймақтың шаруалары күн жылып, жер қарайғанда, яғни наурыз айында шарт жасаса бастайды.

«Су ресурстары және ирригация министрлігі биылдан бастап ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен тікелей келісім-шартқа отыра бастады. Осы арқылы министрлік шаруаларға су беру қызметінің құнын арзандатуға ниетті. «Қазсушар» мекемесі 2024 жылдың вегетация маусымына 19 мыңнан астам тұтынушымен келісім-шартқа отыруды жоспарлап отыр. Барлық өңірлер бойынша сәуір айынан суармалы су беріле бастайды», – дейді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Нұрлан Алдамжаров.

Қазақ жеріне келетін ірі өзендердің бастауы көрші мемлекеттерде орналасқан. Сондықтан трансшекаралық өзендердің мәселелері Қазақстан үшін өте өзекті. Былтыр еліміз көршілес мемлекеттердің қатысқан 20-дан астам іс-шараға қатысыпты. Бұл – үлкен көрсеткіш. Су тапшылығы Қазақстанды көршілес елдермен қоян-қолтық жұмыс істеп, әр судың тамшысы үшін тартысуға мәжбүрлейді. Оңтүстікке су тек қана қырғыз жерінен келмейді. Оған жатпайтын Сырдария және Амудария өзендерінің бассейндері бар. Бұл өзендердегі судың кемері түсіп, шаруаларымызды тығырыққа тіремесі үшін Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан елдерімен қызу кеңес өткізіп, келіссөз жүргізу қажет.

Айталық, 2023 жылы алашапанды ағайындармен үш мәрте бас қосып, дихандардың мүддесі алға тартылған. Ресей мен Қытай арасындағы толассыз, қым-қуыт келіссөздер де осыған тағы бір мысал бола алады. Осы келіссөздер өз нәтижесін беріп, табиғат тосын мінез көрсетпесе, биыл дихандарымыз судан тарықпауы тиіс.