1 Маусым 18:48
...

Ресей депутаттарының тілі қысым құралы ма?

толстой
Фото: Петр Толстой. Комсомольская правда |

«Украина мәселесі шешілмесе, Ресей мен Қазақстан арасында проблема туындайды». Ресейдің Мемлекеттік Думасының депутаты Петр Толстой осындай мәлімдеме жасап, Қазақстанға тағы да бір шүйлігіп өтті. Қазақстан тарапы жау шақырған депутаттың мәлімдемелеріне мән бермеуге ұйғарған секілді. Сарапшылар Ресей депутаттарының ауызы әлдеқашан қысым құралына айналғанын айтады. 

«Қайдағы жоқ қазақ мемлекетін құрып жатыр»

Алдымен, мәселенің егжей-тегжейіне тоқтала кетейік. «Комсомольская правда» радиосына сұхбатында журналист Владимир Ворсобин мен депутат арасындағы әңгіме былай өрбіді:

– Біздің мәселелеріміз шаш етектен. Біз Украина тақырыбын жаппасақ, онда Қазақстанмен де, Армениямен де және бізді қоршап тұрған басқа да елдермен проблема туындайды.

Тіпті, Қазақстанмен де ме?

– Әрине! Қазақстанда не болып жатқанын қараңыз. Қайдағы жоқ қазақ мемлекетін құрып жатыр. «Тәуелсіздікке», латын һәрпіне көшуге қатысты ұлттық мифология гүлдену үстінде. Мұқият қарасаңыз көп қызықты көресіз.

– Қазақстанға жиі барамын. Әдетте, ұлттық мемлекет осылай қалыптасады емес пе? 

– Біле білсеңіз, олар Павлодардағы мектеп мұғалімін «орыстар бұл қаланы салған» деген сөзі үшін кешірім сұрауға мәжбүрледі. Мен Алматы қаласының «Верный» деп аталатын орыс қаласы екенін ұмытқанына қарсымын. Бұл – біздің орыстың, казактардың бекінісі. Ресейден іргесін аулақ салу үшін тарихты ойдан шығарудың қажеті жоқ.

Петр Толстойға Қаңтар оқиғасына қатысты Ақорданың ресми ұстанымы ұнамайтыны байқалады. Қазақ билігі «Қазақстанды ешқандай бөтен ел сырттан келіп құтқарып қалған жоқ. ҰҚШҰ – өз әскеріміз», – деп ашық айтқан болатын. Мұны ескерместен, ресейлік депутат «Ресейдің Қаңтар оқиғасы кезінде «бізді» құтқарып қалғанын» тағы да бір мәрте еске салып өтті.

«Бір идиоттың сөзіне түсініктеме бермеймін»

Бапи
kaztag.kz

Бірақ бұл мәлімдемеге қатысты Қазақстанның сыртқы істер министрлігі де, депутаттарымыз да ешқандай қарымта жауап бермеді. Толстойдың қазақстандық әріптестеріне хабарласып, түсініктеме сұрағанымызда, дені жауап беруден жалтарудың жайлы амалындарын жасады. Бірі естімегенін айтты. Бірі сілтемесін сұрап,  хабар күтуді сұрады. Қайта хабарласқанымызда телефон тұтқачын көтермеді. Тек қана Ермұрат Бапи ғана: «Бір идиоттың сөзіне түсініктеме бермеймін», – деп қысқа қайырды.

Саясаттанушы Серік Белгібаевты ресми биліктің ұстанымы қатты таңқалдырып отыр.

«Толстойдың мәлімдемесіне ресми билік, соның ішінде Сенат төрағасы – мемлекеттегі екінші тұлға Мәулен Әшімбаев: «Бұл – оның жеке пікірі» деп жауап берді. Егер бұл сөздерді блогерлер, журналистер айтса, басқа мәселе. Тіпті, қатардағы депутаттар болса да бір жөн. Ал Толстой – Мемлекеттік Думаның вице-спикері. Ресейдің жоғарғы заң шығару органының өкілі. Оның мәртебесіне қарай басқаша пікір білдіру керек еді», – дейді сарапшы.

«Қазақстан ұдайы ығына жығыла кетеді»

серік
Жеке мұрағаттан

Серік Белгібаевтың пікірінше, жоғары лауазымды адамдар нені айтуға болатынын, нені айтпау керек екенін өте жақсы біледі. Одақтас, жақсы қарым-қатынастағы елге қарата өз бетінше олай сөйлей алмайды. Демек, жоғарыдан берілген тапсырма немесе қандай да бір келісім бойынша осындай мәлімдеме жасауы әбден мүмкін.

«Ресейдің Президенттері және басқа да лауазымды иелері мұндай мәлімдеме жасай алмайды. Депутаттары еркіндеу. Қазақстанға және басқа елдерге қысым көрсету үшін соларды пайдаланады. Мұның бәрі – қысым көрсету элементі. Қарым-қатынас нашарлап, айтқаны болмаған кезде олар ұдайы осындай әдіс жасайды», – дейді саясаттанушы.

Саясаттанушының пайымдауынша, бір жаман жері, Қазақстанға келгенде, Ресейдің бұл қысымы жақсы жұмыс істейді. Қазақстан ұдайы ығына жығыла кетеді. Сондықтан осы тәсілді пайдаланып отыр.

«Назарбаев дәуірінен бері солай. Қазақстанға территориялық талаптар, орыстардың мәселесі, Қазақстанның саясаты және басқа да түйткілдер депутаттарының аузымен айтылады. Ресей Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде Қазақстанның терең интеграцияланғанын қалайды. Қазақстанның көпвекторлы саясатына қатысты да алауыздығы бар. Ресейдің қазіргі ахуалы Қазақстанға қауіппен қарауға итермелеп отыр. Сондықтан қазір осындай қысым жасалып жатқанын байқап отырмыз. Лайықты жауап берілмегені Ресейге серпін беріп, осы тақілеттес мәлімдемелерді үдете түседі», – деп есептейді Серік Белгібаев.

Қазақстан мен Өзбекстанның мұндай арандатушылыққа қарсы реакциясындағы айырмашылық жер мен көктей екен. Былтыр желтоқсан айында Өзбекстанның Сыртқы істер министрлігі «Справедливая Россия – Патриоты – За правду» саяси партиясының тең төрағасы Захар Прилепиннің айтқан сөзі үшін Ресейдің елшісі Олег Мальгиновты шақыртқан болатын.

«Прилепин Мемлекеттік Думаның депутаты да емес. Қазақстаннан басқа кез келген елде вице-спикердің мұндай мәлімдемелері дау-дамайға, екі ел арасындағы қарым-қатынастың нашарлауына түрткі болар еді», – деп түйіндейді саясаттанушы.