Жыл қорытындысы: Үкіметтегі ауыс-түйістер мен іздеудегі шенеуніктер
2025 жылы бірқатар министрлер мен шенеуніктер түрлі жанжалдарға ілігіп, қызметінен кетті. Бұрын билік тізгінін ұстаған кейбір тұлғалар қазір шетелде бас сауғалап жүр. Осыған байланысты Nege.kz сайты Қазақстандағы биылғы ең елеулі ауыс-түйістерге шолу жасап, оларды топтастырды.
Астана, NEGE. Үкіметте жаппай кадрлық өзгерістер болмағанымен, бірқатар министр қызметінен кетті. Кейбірі жаңа лауазымға тағайындалса, енді біреулері қауесет пен қоғамдық талқылаудың ортасында қалды. Енді биылғы ауыс-түйістерге тоқталып, экс-министрлердің қызметіндегі есте қалған жайттарға шолу жасайық.
Әділет министрлігіндегі өзгеріс
9 қаңтарда Президент әділет министрі Азамат Есқараевты қызметінен босатты. Ол бұл лауазымға 2023 жылғы 4 қаңтарда тағайындалған еді.
Есқараев министрлікке басшылық еткен кезеңде 13 жылға созылған ағайынды Статилер ісіне нүкте қойылды. Үкімет, Ұлттық банк және Стати тараптары Қазақстандағы мұнай-газ активтеріне қатысты дауды болашақта қайта бастау құқығынсыз тоқтату туралы келісімге келді.
Қазіргі таңда Азамат Есқараев Қазақстанның Үндістандағы елшісі қызметін атқарып жүр.
Қорғаныс министрінің отставкасы және оның ұсталғаны туралы жалған ақпарат
Маусым айында қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов қызметінен кетті. Отставканың ресми себебі жарияланған жоқ. Дегенмен қоғам бұл шешімді әскер қатарындағы адам өлімі мен сарбаздарға күш қолдану деректерімен байланыстырды.
Қызметтен кеткеннен кейін көп ұзамай бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында Руслан Жақсылықовтың ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғаны туралы ақпарат тарады. Алайда Жақсылықов Tengrinews.kz редакторымен видеобайланысқа шығып, өз үйінде екенін көрсетті және бұл қауесеттерді жоққа шығарды.
Айта кетерлігі, қазақстандық шенеуніктің өзіне қатысты тараған қауесеттерге осылайша ашық түрде видеобайланыс арқылы жауап беруі сирек кездесетін жағдай. Кейін Руслан Жақсылықов Қауіпсіздік кеңесі хатшысының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалды.
Көлік министрінің күтпеген отставкасы
Маусым айында Президент көлік министрі Марат Қарабаевты қызметінен босатты. Бұған дейін Мемлекет басшысы көлік саласында жылдар бойы қордаланған мәселелерді ашық сынға алып, жауапты ведомстволардың жұмысын қанағаттанарлықсыз деп бағалаған еді.
- Тақырыпқа орай: Президент министр Марат Қарабаевқа сөгіс жариялады
Отставка туралы жарлық жарияланған сәтте журналист Саяна Санақова әлеуметтік желіде ұшақта отырған Марат Қарабаевтың видеосын жариялады. Осыдан кейін желі қолданушылары экс-министр қызметтен босатылғаны туралы хабарды жұмыс сапарымен Грузияға ұшып бара жатқан сәтінде, яғни ұшақта отырғанда естіген болуы мүмкін деген болжам айтты.
Мұрат Нұртілеу vs Гүлнәр Бажкенова
4 қыркүйек күні ORDA сайтының бас редакторы Гүлнәр Бажкенова сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу, бір кәсіпкер және ҰҚК-нің бірнеше қызметкері ұсталғаны жөнінде ақпарат таратқан болатын. Алайда Мәдениет және ақпарат министрлігі, Сыртқы істер министрлігі және ҰҚК бұл мәліметті дереу жоққа шығарды.
Бірнеше күннен кейін министрдің өзі парламент палаталарының бірлескен отырысына келді. Кулуарда журналистер оны жан-жақтан қаумалап, сұрақ жаудырғаны бар. Бұл оның қауесет тарағаннан кейін ел алдында алғаш ашық көрінуі еді. Министрдің сабырлы әрі нақты жауаптары тараған ақпараттың жалған екенін көрсеткендей болды.
Десе де Қасым-Жомарт Тоқаев Мұрат Нұртілеуді қызметінен босатып, оны өзінің көмекшісі лауазымына тағайындады. Ал сыртқы істер министрі қызметіне Ермек Көшербаев келді.
Кейін Orda.kz порталының бас редакторы Гүлнәр Бажкеноваға қатысты қылмыстық іс қозғалып, ол екі айға үйқамаққа алынды. Бажкенова қасақана және бірнеше рет жалған ақпарат таратты деген күдікке ілінді. Полиция таратқан мәліметке сәйкес, іс өткен жылдары жарияланған материалдарға байланысты қозғалған.
САЯСИ ТҰЛҒАЛАРҒА ІЗДЕУ САЛЫНҒАН УАҚЫТ
2025 жыл экс-шенеуніктер мен ықпалды тұлғаларға қатысты қылмыстық істердің ушығуымен де есте қалды. Бірқатар бұрынғы жоғары лауазымды шенеуніктер халықаралық іздеуге ілікті, кейбірі шетелде ұсталып, елге қайтарылу рәсімдері басталды.
Талғат Ардан
LRT жобасын салу кезінде мемлекетке 85 млрд теңге шығын келтірді деп айыпталған және осы іс бойынша сырттай 9 жылға бас бостандығынан айырылған Талғат Ардан мамыр айында Түркияда ұсталды.
Ол 2019 жылдан бері халықаралық іздеуде жүрген. Іске Interpol де тартылғаны белгілі. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері Талғат Ардан өзіне қатысты қылмыстық іс қозғалмай тұрып, шетелге кетіп үлгергенін растады.
Қазіргі уақытта оны Қазақстанға экстрадициялау рәсімдері жүріп жатыр.
Қайрат Қожамжаров
Қыркүйекте Бас прокуратура экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің бұрынғы төрағасы, Қазақстанның бұрынғы бас прокуроры Қайрат Қожамжаровқа қатысты тергеу басталғанын хабарлады. Оған «қызмет бабын асыра пайдалану» және «қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру» айыптары тағылды.
- Тақырыпқа орай: Алматыда сот Қожамжаровтың бауырына тиесілі мүлікке тыйым салды
Жыл соңында түрлі БАҚ экс-шенеуніктің Мәскеуде екенін жазып, суреттерін жариялады.
2025 жылы Қайрат Қожамжаровқа жақын адамдар деп саналатын бірқатар тұлғаға қатысты тергеу басталды.
Атап айтқанда, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының бұрынғы басшысы Талғат Татубаев пен Бас прокуратураның арнайы қызметін басқарған Олеся Кексельге қатысты іс жүріп жатыр. Екеуі де азаптау қолданды деген күдікке ілінді.
Ал бұрынғы бас көлік прокуроры Мақсат Дүйсенов қыркүйек айында Германия аумағында ұсталды.
Оған аса ірі көлемде қылмыстық жолмен ақша алу, пара алу және заңсыз табысты заңдастыру баптары бойынша айып тағылды.
Арғын Нығматулин
Қазақстандық саясатта аты жиі аталатын әулеттердің бірі – Нығматулиндер. Мәжілістің бұрынғы төрағасы Нұрлан Нығматулиннің туған ағасы Арғын Нығматулинге биыл халықаралық іздеу жарияланды. Ол Қарағанды облысында хоккей спортын дамытуға бөлінген бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді.
Арғын Нығматулин 2006-2018 жылдар аралығында Қарағандыдағы Сарыарқа хоккей клубын басқарды. Осы кезеңде клуб аймақтың спорттық брендіне айналып, мемлекет тарапынан қомақты қолдауға ие болды.