Салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты жаңғыртқан «Қымызмұрындық»
Қазақта көктемнің соңы мен жаздың басында бие байлап, алғашқы қымыз ішу маусымын ашатын «Қымызмұрындық» жоралғысы бар.
Бұл қыстан аман шығып, аққа аузы ілінген ел мен жұрттың жайлауда малы, төскейде басы қосылғанда атап өтетін тамаша ғұрпы. Осынау игі дәстүрді ұрпақ сабақтастығына айналдырған Алматы облысы, Кеген ауданының жұрты тайлы-тұяғы қалмай «Қымызмұрындық-2025» мәдени шарасы мен «Жолан жүйрігі» республикалық ат бәйгесін тамашалауға жиналды.
Он мыңнан астам халық қатысқан әйгілі Қарқара жайлауындағы алғашқы қымыз ішу дәстүрі қазақ халқының кең пейілі мен қонақжай қасиетін паш еткендей. Ақжарма тілекті қонақтарға есігін айқара ашқан жағалай тігілген алпыстан астам ақшаңқан үйлер береке-бірлік пен молшылықтың белгісіндей көрінді. Кіреберісте күбі сапырған ауылдың келіндері келушілерді құшақ жая қарсы алып, сол күнгі дастарқанның сәніне айналған бір тонна қымыздан дәм татқызды. Анадай жерде ата-әжесінің алдына түсіп, бір-бір бауырсақ пен құртты іле кеткен балақайлардың да жүзінен ерекше жылылық еседі. Жазық жайлаудың ыстығына да қарамай, той көруге асыққан қариялардан ескен мейірім тіптен бөлек.
Ал Ұлы жібек жолы бойында сауда-саттықтың көркін қыздырған атақты Қарқара жәрмеңкесі қайта елмен қауышқандай әсер қалдырды. Мұндағы қолөнер шеберлері ұсынған ұлттық нақыштағы киім түрлері мен әшекей бұйымдарға қызықпаған адам қалмады. Одан бөлек жұрт суретшілердің, ауыл шаруашылығы өнімдері мен техникаларының көрмесін тамашаласа, қалған көрермен түрлі спорттық сайыстың сайыпқырандарымен танысты. Ашық аспан астында елімізге танымал эстрада әншілері Қарқара жайлауын әнмен әуелетсе, жергілікті жыршылар ауылдың алты ауызын шырқады. Бір сөзбен айтқанда, Қарқарадағы дүбірлі той ұлттық дәстүр мен әдет-ғұрыптың қаймағы бұзылмаған ордасына айналды.
Қымызмұрындық – тектілік пен тағылымның жарқын көрінісі
«Қымызмұрындық» фестивалінде бір топ депутаттар мен өңірдің дамуына атсалысқан азаматтар да төбе көрсетті. Шараны ресми түрде ашқан Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиевтің жылы лебізін жеткізді.
«Қымызмұрындық – береке мен молшылықтың, қонақжайлықтың, тектілік пен тағылымның жарқын көрінісі. Бұл халқымыздың тұрмыс-салты мен рухани мәдениетінен сыр шертетін ұлттық мұра. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда: «Халқымыздың ата-бабадан мирас болған мол мұрасы бар. Оны заман талабына сай жаңғыртып, барынша насихаттауымыз керек» деген болатын. Бүгінгі шараға 10-ға жуық шет мемлекеттің өкілдері, еліміздің айтулы мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі әдебиет және мәдениет майталмандары, республикалық қоғамдық ұйымдар, этномәдении бірлестік өкілдері қатысып отыр. Осының өзі қазақ халқы мен оның ұлттық мәдениетіне деген үлкен құрмет деп білемін. Қымызмұрындық елімізді танытатын рухани кодымызды жаңғыртатын мазмұнды бастама.
Қымыз дайындау тек шеберлік емес, бұл – өмір философиясы. Бие байлау, қымызды ашыту, сақтау, келген қонаққа ұсыну халқымыздың ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан ерекше дәстүрі. Біз бүгін баба аманатын орындау мақсатында заманауи технологияларды пайдаланып, қымыз өндірісі көлемін арттырып, оны сақтау, тасымалдау және сауда желілеріне жеткізу жолында еңбек етудеміз. Соның нәтижесінде халықтың ұлттық өнімге деген сұранысы жылдан жылға артып келе жатыр. Қымыз өндірісі жылқы шаруашылығыменн тікелей байланысты. Бүгінде Алматы облысындағы жылқы саны 268 мың басқа жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 6 пайызға өсіп отыр», – деген құттықтауында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.
«Бұл салт-дәстүрді насихаттайтын той ғана емес, шын мәнінде мағыналы жиын» – Нұрбақыт Теңізбаев
Елдің еңсесін тіктеп, ұлттың дәстүрін ұлықтайтын шараны екінші жыл қатарынан ұйымдастыруды қолға алған Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаевтың айтуынша, бұл салт-дәстүрді насихаттау мақсатында ұйымдастырылған той ғана емес, шын мәнінде мағыналы жиын.
«Мұның астарында ұлттық құндылықтарды дәріптеу, мәдениетті көтеру, туризмді дамыту және ұлттық спортты насихаттау мақсаты жатыр. «Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпас» демекші, «Қымызмұрындық» та сондай бірігудің нәтижесінде жүзеге асатын шара. Бұған арнайы бюджет қарастырылмаған. Облыс әкімінің қолдауы, басқарма басшылары мен аудан әкімдерінің алқалауы, сондай-ақ инвесторлардың демеушілігімен ұйымдастырылды. Биыл да жалғасын тапқан дәстүрлі мерекенің ерекшелігі сол, жылдан жылға шара ауқымы кеңейіп, қатысуға ниет білдірген қолөнер шеберлерінің саны артып келеді. Алыптар айқасы, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін этномәдени орталықтардың көбеюі – осының дәлелі. Тіпті, туризмді насихаттап жатқан кәсіпкерлердің жұмыстары да осы Қымызмұрындық арқылы көрініс табуда.
«Жолан жүйрігі» атты бәйге мен ұлттық спорттық жарыстар да осы шараның бір бөлігі. Жолан Омаров – Райымбек ауданының, Талғар ауданының әкімі болған азамат. Ұлттық спорт түрлерін, әсіресе бәйгені дамытуға ерекше үлес қосқан бауырымыздың рухына арнап, Қымызмұрындықпен бірге «Жолан жүйрігі» атты ұлттық бәйгесін өткізу де шараның маңызын арттырғандай. Бәйге жарысы Жолан Омаровтың ағасы және оның жолдастарының демеушілігімен жүзеге асты. Ал мәдени және спорттық шараларға қаржы басқармалар тарапынан қарастырылды», – деді Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев.
Аудан әкімінің пікірінше, табиғаты көркем ауданда туризмді дамыту тек Көлсай мен Қайыңдымен шектелмейді. «Мәселен, Шарқұдық, Мыңжылқы ауылдары, Қарқара жайлауы мен Тұйық өзені – туристік әлеуеті зор орындар. Бізде туристік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары тоқтаған емес. Сәтін салса, келесі жылы өтетін мәдени шара осы бағытта ұйымдастырылады».
«Жолан жүйрігі»: 2 Changan кроссовері иесін тапты
Қазақтың қай тойы бәйгесіз өткен?! Бәйге десе, делебесі қозбайтын, қаны қызбайтын қазақ жоқ шығар, сірә?! Осы мерекенің ең шешуші сәті де 2 крассовер көлігі мен 10,5 млн теңге сыйақысы бар «Жолан» жүйрігі республикалық ат бәйгесі болды. Еліміздің әр өңірінен келген 150-ге жуық ауыздығынан жел ескен жүйрік тұлпардың тұяғымен тынымсыз жер тарпып, тізгін созып ойнақтап тұрғаны да көз сүйсінтерлік.
Әуелі 9 шақырымдық құнан бәйгеде ыстықкөлдік атбегі Сталбек Жаманқұловтың «Роки» атты сәйгүлігін тізгіндеген Арсен Болотбеков мәре сызығына бірінші келіп, бас жүлде – 2 млн теңгені қанжығаға байлады. Ал екінші орын Алматы қаласынан «Айбатыр» атымен шапқан Айбатыр Сейітботқалиеке, үшінші орын Жамбыл облысының атынан қатысқан сәйгүлікке бұйырды.
31 шақырымдық Аламан бәйгеде «Айбалта» атты сәйгүлікпен шабондоз Мейір Дәулетбай құстай ұшып, бірінші жетті. Ат иесі – Жамбыл облысы, Қордай ауданы тумасы Айдар Нұрмұхаметов. Осылайша, екі Changan кроссоверінің алғашқысын жамбылдықтар мініп кетсе, мәреге екінші болып келген Қарагер сәйгүлігінің иесі – Шаабиден Тоқтосартовтың шабандозы Манас Замирбеков 2 500 000 теңгеге ие болды. Ал Алматы облысы, Балқаш ауданының азаматы Сапарғали Сатпаевтың «Отырар» атты тұлпарын тізгіндеген Арыстанбек Аңсар үшінші келіп, 1 млн теңгені олжалады.
18 шақырымдық Топ бәйгеге тігілген екінші Changan кроссовері Алматы облысы, Талғар ауданының «Қалқаман» тұлпарын тақымдаған Амангелді Нұрисламға бұйырды. Аттың иесі – кәсіпкер-атбегі Қазбеков Мағауия. Екінші жүлделі орын – 1 млн теңгені Алматы облысы, Қарасай ауданынан келген Ғарипуллин Мерей мен ат иесі Секенай Бөбекбаев, 700 мың теңгені «Мердес» сәйгүлігінің иесі, Қайнар ауылының тұрғыны Азамат Молдатайұлы қанжығасына байлады.
Бұдан бөлек зіл тасты көтеріп, ауыр арбаны сүйреп, бөренені иықпен көтерген толағайлар да, аттың үстінде өнерін көрсеткен қыз-жігіттер де осында. «Толағай» алыптар сайысында 1 млн теңгені іліп әкеткен Арыс қаласынан келген Азамат Мақұлбеков пен бүінге дейін 121 келі қошқарды 30 рет көтеріп, жеңіп алған жетісулық Айдын Нұғымановтың өзі талайды таңдай қақтырды. «Тойдан тобықтай» демекші, басқа да бақ сынаушылардың бәрі сый-сияпатсыз қалмады.
Иә, қазақта той көп. Бірақ соның ішінде Қымызмұрындықтың сәні де, мәні де бөлек. ЮНЕСКО-ның материалдық емес құндылықтары тізіміне енген осы жоралғы ұлттық дәстүр сабақтастығының жалғасы ретінде дәріптеле беруі тиіс. Кеген ауданы әкімі Нұрбақыт Теңізбаевтың да «Қымызмұрындық – тек той тойлау ғана емес, өткенімізді жаңғыртып, барымызды сақтап қалу» дегенінің түпкі астары осыған саяды.