Партия төрағалары неге қатарынан ауысып жатыр?
Қазақстанның саяси кеңістігінде кезекті кадрлық ротация жүріп жатыр. Құрылтай сайлауы қарсаңында бірқатар саяси партиялардың төрағалары ауысып, олардың орнына жаңа басшылар келді.
Астана, NEGE. Кадрлық ауыс-түйістің көшін «Ақ жол» партиясы бастап берді – 15 жыл бойы партия тізгінін ұстаған Азат Перуашев орнын Дания Еспаеваға босатты. Көп ұзамай «Ауыл» партиясының жетекшісі Серік Егізбаев та қызметінен кететінін мәлімдеген еді. Партия жетекшілігі Қайрат Айтуғановқа өтті. Қоғам назарын аудартқан ауыс-түйіс Қазақстан Халық партиясында да өтті. Партия төрағасы және экс-президенттің кезіндегі сенімді адамдарының бірі болған Ермұхамет Ертісбаев өз еркімен қызметінен кететінін жариялап, орнына орынбасары Нұрсұлтан Шоқанұлын ұсынды. Делегаттар оның кандидатурасын бірауыздан мақұлдады.
Бір қарағанда, бұл қалыпты кадрлық өзгеріс сияқты көрінеді. Дегенмен ротацияның шынайы мақсаты қандай? Неліктен саяси салмағы бар тұлғалар үнсіз кетті? Ал жаңа келген буыннан не күтуге болады? Осы мәселелер жөнінде белгілі саясаттанушы Нұрболат Нышанбайдың пікірін сұрадық.
Кездейсоқтық па әлде жүйелі жоспар ма?
Саяси алаңдағы мұндай өзгерістерді кездейсоқ құбылыс деу қиын. Саясаттанушы Нұрболат Нышанбайдың пікірінше, Құрылтай сайлауы секілді маңызды саяси іс-шара қарсаңындағы партиялық ротация биліктің саяси күн тәртібін алдын ала үйлестіруге бағытталған қадам болуы мүмкін.
«Мұндай өзгерістерді жай кездейсоқтық деп бағалау қиын. Бұл өзгерістерді жаңа саяси кезеңге бейімделу және партиялардың рөлін қайта айқындау әрекеті ретінде қарастыруымызға болады. Жаңа саяси құрылымның қалыптасуына алғышарт жасап отыр», – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, мемлекет жаңа саяси кезеңге жаңарған кадрлық құраммен кіргісі келеді.
Элита ішіндегі консенсус пен жүйелік кадрларға сұраныс
Осы уақытқа дейін қоғамда саяси салмағы мен амбициясы болған партия жетекшілерінің ешқандай шусыз, тып-тыныш қызметтен кетуі де көптеген сұрақтар туғызды. Ашық тартыстар мен саяси дебаттардың болмауы нені білдіреді?
«Біздің саяси жүйемізде кадрлық ауыс-түйістер көбіне ішкі келісімдер негізінде жүзеге асады, ашық саяси тартысқа ұласуы екіталай. Сондықтан жетекшілердің тыныш кетуі саяси мәдениеттің ерекшелігімен қатар, элита ішіндегі консенсустың сақталғанының көрінісі деп қабылдауымызға болады. Мүмкін, қандай да бір ортақ келісімге келген болуы шығар», – дейді саясаттанушы.
Одан бөлек, жаңа тағайындалған кадрлардың профиліне үңілсек, олардың бойынан радикалды саяси амбициядан гөрі прагматикалық менеджерлік қасиет көбірек байқалады. Бүгінгі саяси конъюнктура харизмалы көшбасшылардан бұрын ұйым жұмысын үйлестіре алатын басшыларға басымдық беріп отырған секілді. Саясаттанушы да осы құбылысты байқаған.
«Мұндай жағдайда партия жетекшілерінен жеке саяси харизмаға қарағанда, ұйымды тиімді басқару және белгіленген міндеттерді орындау қабілеті көбірек талап етіледі. Бірақ бұл жаңа басшылардың дербес саяси ұстанымы жоқ дегенді білдірмейді. Керісінше, олардың нақты саяси салмағы уақыт өте келе, қабылдайтын шешімдері арқылы бағаланады. Себебі жаңа мәселелерді шешу үшін жаңа көшбасшылар легі қажет».
Төраға ауысқанымен, жүйе өзгере ме?
Сарапшы жаңа төрағалардың келуі партиялардың ішкі саясаты мен шешім қабылдау тәсіліне ықпал ете алады деген пікірге сақтықпен қарайды. Оның айтуынша, төрағаның ауысуы партияның қызметін түбегейлі өзгерте алмайды. Себебі, Қазақстандағы партиялар белгілі бір дәрежеде институционалдық құрылым ретінде қалыптасқан. Сондықтан олардың жұмысы жеке тұлғаның саяси амбициясынан бұрын партияның жарғысы мен ішкі тәртібіне сүйенеді.
Дегенмен жаңа басшылар басқару стиліне немесе менеджментке өзгеріс енгізуі мүмкін. Алайда партиялардың қызметін түбегейлі жаңарту үшін кең ауқымды институционалдық реформалар қажет.
Сонымен қатар қоғамда бұл ротацияларды халықтың жаңару сұранысына жауап ретінде жасалған символикалық қадам деп бағалайтындар да бар. Саясаттанушы бұл пікірдің негізсіз емес екенін айтады. Себебі кадрлық ауыс-түйіс қоғамға «өзгеріс жүріп жатыр» деген сигнал берудің классикалық құралы болуы мүмкін. Ал оның қаншалықты шынайы өзгеріске айналатынын уақыт пен нақты іс көрсетеді.
«Егер бұл өзгерістер нақты реформалармен қатар жүрсе, онда бұл тек символикалық қадам емес, саяси жүйенің эволюциясының бір бөлігі ретінде қабылданар еді. Нақты нәтиже жаңа басшылықтың жүргізетін саясаты мен партиялардың іс жүзіндегі белсенділігіне байланысты», – деп қорытындылады Нұрболат Нышанбай.
Жаңа менеджерлер партияларды халыққа жақындата ала ма, әлде тек аппараттық жұмысты күшейтумен шектеле ме? Оның жауабын Құрылтай жасақталғаннан кейінгі нақты істерден көретін боламыз.