23 мая 2025 г. 11:43

«Назарбаев Үшқоңырда уахабистермен кездесіп, «әзірге тыныш жүріңдер» деп бата берген» – Ақын Светқали Нұржан

Фото: Коллаж NEGE

Көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Светқали Нұржан қашанда турасын айтатындардың санатында. Соңғы кезде әлеуметтік желіні серік еткен шайыр кез келген мәселеге үн қосудан тартынбайды.

NEGE тілшісі өзін қоғамда сопылық ілімнің насихатшысы санайтын ақынмен емен-жарқын сұхбат құрған еді.

«Той-садақаларға мен кіріп барғанда гуілдеп отырған жұрт әзірейіл көргендей жым болатын»

– Светқали аға, қоғам сізді сопылық ілімнің идеологиялық жұмысын жүргізуші, басты насихатшысы ретінде таниды. Ал сіз мұны мойындаудан ешқашан бас тартқан емессіз. Солай ғой?

– Шыны керек, өмірге келгелі сол ілімнің насихатшысы шығармын. Себебі сол ілімді ұстанатын ортада туып, ер жеттім. Кеңес үкіметі кезінде сопылық ілімді тұншықтырып, жойып, рухани орталықтарды күйретті. 1928 жылы Қазақстанда рухани білім беретін орталықтар, қазіргі тілмен айтқанда медреселердің бәрі жабылды. Тек Маңғыстауда бір ғана орталық 1929 жылға дейін жұмыс істеді. Алайда ілімді жоюға тырысқан күннің өзінде бұл қазақ халқының санасынан өшкен жоқ, өйткені ол ғасырларға созылған рухани ұстаханалардың жұмысының нәтижесі болатын, яки тұрмыс-салт, әдет-ғұрпына сіңіп, болмысына айналып кеткен өмір салты еді.

Сол жылдары Қазақстандағы ОГПУ-дің құпия бөлімін басқарған Николай Волленберг қазақты жоюдың жоспарын жасап, сол жоспар бойынша әуелі Маңғыстау өңіріндегі ақсақалдық институтты құртудан бастап, белгілі абыздардың бәрін жер аударады, қалғанын атады. Соның ішінде әйгілі би болған, жасы 90-нан асқан Мәтжан Тілеумағанбетұлы бастаған сөз шеберлеріне дейін әлгі қара тізімге іліккен. «Сөз иесі» атанған Өришан Дарқанұлы сынды жасы 75-тегі ақсақалдарымызды ұстап әкеткен. Себебі, «ақсақалдар отырған жерде ұлтты құрта алмаймыз» деген. Олар қазақтың темірқазығы болды. Ешкім олардың арқанын үзіп кете алмайды. Оны үзген адам қайта үйіріне қосылмайды. Бұрынғылардың: «Адаспа – үйіріңнен, адассаң үйіріңнен – қолың кетпес бүйіріңнен» деп тәмсілдеп жататынындай, алашқа әйгілі Қашаған ақын айтқан: «жария зікірмен» жүректерін гүл етіп», қалыптасқан ақсақалдардың көзін құрту арқылы біздің тамырымызға балта шапты.

Десе де, сол мектептің өкілдері некен-нұқан болса да қалды, үбдірім құрып кеткен жоқ. Мен де сол кеңістікте ер жеттім. Ұлы жыраулардың сарқытын көріп өстім. Арақ ішіп, «жынды» болып жүрген кездің өзінде де Совет өкіметінің күндердің бір күнінде құлайтынын біліп, сопылық ілімнің келетін уақытын күттім. Кейін сол жолда қызмет етіп, сол жолды насихаттадым. Тіпті, ел-жұртыма қауіп-қатер төнбесе де, сол жолға түсер едім. Бірақ бертін келе дін атын жамылғандардың елімізге түрлі жолдармен қабындап еніп жатқанын түсіндім. Ғалымдар және руханиятты түсінген азаматтармен тізе қосып, осы жолда күресіп, ащы-тұщы нәтижесін де көрдік.

С.Нұржан. Фото: ғаламтордан

– Сопылық ілімді ұстанып, насихаттаған топ білім ұяларында, телеарналарда жұмыс істеді. Алайда сіз «Сопылық – ата-бабамыздың асыл діні» десеңіз де, неге елімізде діни экстремистік ағым ретінде танылды?

– 2010 жылдың тамызына дейін жақсы жұмыс істедік. Соның бел ортасында өзім болдым. Сол кезде «діни экстремистік ағым» деген бәлелі атақтар жабыла бастады, қазір де бұл «жала» алынған жоқ, сол күйінде қалды.

2010 жылдың Рамазан айы болатын. 19 тамыз күні бізге шабуыл басталды. Бұл тікелей Нұрсұлтан Назарбаевтың пәрменімен болды. Әуелгіде «ол болуы мүмкін емес, бергі жағындағы салафиттер айдап салып отыр немесе солардың ықпалындағы құқық қорғау органдарының әрекеті» деп ойладық. 2011 жылдың қараша айында Назарбаевқа жасаған дұғамнан, ықыласымнан айрылдым. Оған дейін сеніп келдім. Себебі президент ретінде бірнеше жерде аузы қисаймастан «Қожа Ахмет Ясауи ілімі – біздің темірқазығымыз» деп айтқан еді. Ең соңында белгілі азаматтарды түрмеге тоғытып қойып, 2011 жылдың сәуірінде Түркістанда өткен зиялы қауыммен басқосуында «Қытайлар Конфуций іліміне сүйенсе, біз Ясауи іліміне сүйенеміз» деген әңгімені өтірік айтқанын да білеміз. Қысқасы, бұл Сауд Арабиясының ақшасына сатылған билік болды. Оның бер жағындағы Қайрат Сатыбалдыны Бекболат Тілеуханның қалай қақпанға түсіргенін де білемін. Қазір қайта сайрап жүрген Мұхамеджан Тазабеков те сол қатарда. Дегенмен, бізге үлкен алапат шабуыл жасалатынын да білдік.

Сол кезде «Үш қиян» республикалық тәуелсіз газетін шығардым. Бұлардың қатері туралы ашық әшкереледік, аяусыз күрестік. Өйткені елге келген жаудың жолын кеспесек, ертеңімізден не қайыр?! Ертеңгі күні рухани ажарымыз бен кескін-келбетіміздің қалай болып кететінін де іштей түсіндік. Өзімізді алдан қандай қатерлер күтіп тұрғанын бағамдасақ та, тәуекелге бел будық. Себебі әлемдік тәжірбиеде күллі террористік ағымдар бір ғана сценариймен жұмыс істейді. Олар әуелі елдің билеушісінің ең бір жақындарына улы қармақ жұтқызып қақпанға түсіреді, сөйтіп олардың қолымен ұлтты тұтастырып тұрған дәстүрлі сопылық ілімді құртуға кіріседі. Мысалы, Алжирден басталған «Араб көктемі» де дәл осы сыннан өткен бастап қанды тәсілмен жүзеге асты. Көптеген елдер солардың қанды дауылдарынан әлі құтыла алар емес. Қазақстанда да дәл солай болды.

Біздің қоғаммен, билікпен оң нәтижелі жұмыс істеген «Сенім. Білім. Өмір» атты қоғамдық бірлестігіне қарсы 300 адамнан тұратын тергеу тобы құрылып, 70 томдық қылмыстық іс тіркеліп, тергеу, тінту, сот процесі екі жарым жыл жүрді. Әрбір адамның соңында үш көлікпен тыңшы жүрді. Бірақ тағылған айып, бірде бір бап дәлелденген жоқ. Осынау кесапат шабуылдың нәтижесінде жасы жетпістен асқан Исматулла ақсақал 14 жылға сотталып 9 жыл отырса, ал ғалым Саят Ыбырай 12 жыл жазаға кесіліп, 8 жылдан кейін шықты. Одан басқа жігіттер де еш дәлелсіз қапасқа тоғытылды. Ең қызығы, мемлекеттен қаржыландырылатын «Хабар» телеарнасы бүкіл заңды белден басып үкім шықпай тұрып, сопыларға қарсы «Ақиқат» деген фильм-сымақты түсіріп, елге таратты. Соны Маңғыстау телеарнасы бақандай 8 мәрте көрсетті. Соның ішіндегі кейіпкердің бірі ретінде мені бүкіл Маңғыстаудың той-садақасы сөз қылды.

Исматулла мақсым. Фото: ғаламтордан

– Демек, сол кезде жұрт сізді құбыжық кейпінде көрді ме?

– Дәл солай. Той-садақаларға мен кіріп барғанда гуілдеп отырған қаптаған жұрт әзірейіл көргендей жым болатын. Тіпті, «жаңа Қазақстан» да сол дәлелденбеген айып пен қарғыны әлі алған жоқ. Биыл 15 жылға қарады. Әділетсіз шешім сол күйінде қалып, әлемде ылаң туғызып отырған қатерлі, қауіпті діни ағымдардың қатарында тұр. Тіпті, біздің ел бұл тізімнен Ауғанстан мемлекетінде төңкеріс жасап, мемлекетті басып алған «Талибан» қозғалысын да алып тастады. Бірақ Құдайдан басқа панасы жоқ, қазақтан басқа қарасы жоқ бейкүнә жастар сол қарғыны әлі тағынып жүр.

«Қайрат Сатыбалды оларды Үшқоңырға жинап, Назарбаевпен келісімге келген»

– Дүние алма-кезек демекші, бір кездері сопылық ілім тамырын кеңге жайса, кейін бұл жолды уахабистік ағымдар басқан жоқ па?

– Осы жолдың дұрыстығын, біздің төл-рухани іліміміз екенін, осымен ұлттық иммунитетті оята алатынын білген азаматтар бұл жолда жүрмесе де, жандануына барынша жұмыс істеді. Ақпарат құралдары саласында «Ғалым Доскен дәуірі» деп аталатын дәуір бар. 2006 жылы сыртқы күштер Ертісбаев деген министрді әкеліп, соның қолымен тұншықтырды. 150 шақты журналист жұмыстан босап қалды.

«Доскен дәуіріндегі» бес жылға созылған рухани майданда қазақ қандай зиян көрді? Сол хабарларды мектеп, оқу орындары көрнекі құрал ретінде пайдаланатын. Бірақ ұлт болып ұйысып келе жатқан қазақты, елдің қазынасын еркін тонау үшін мемлекетті басып алған қарақшылар сол жүйені жойып, Құдайға сенбейтін, имансыздарды тәрбиелеп шығарды. Сөйтіп, қазақ ұлтының рухани тұтастығын талқан қылды. Әлемдік жауыз күштердің әу бастағы жоспары осы еді. Шын мәнінде, бұл – еркін алшаңдағысы келген уахабистердің тапсырмасы. Әңгіменің ашығы, біз кезінде оларға жұмыс істетпей қойдық қой. Егер біз сол екпінмен тағы үш жыл қарқынды жұмыс істегенде уахабизм ағымы өзінен өзі жойылатын еді. Ұлттық сана өскен жерде олар жүре алмайды ғой, жарық бар жерде көртышқандар, егеуқұйрықтар болмайды.

– Дегенмен, жаңа Қазақстан билігі орнағалы олар да айылын жиған жоқ па?

– Олардың ешқайсысы уахабизм ағымының өріс алуына жұмыс істегені үшін сотталған жоқ. Қайрат Сатыбалды улы идеологияны қолдап, қаржыландырғаны үшін емес, экономикалық қылмысы үшін «сотталды». Қаңтар оқиғасын ұйымдастырған солар емес пе?! Сосын амал жоқ, өтірік ұстап, уақытша әйтіп-бүйтіп шығару керек болды. Сол кезде «Жаңа Қазақстан Самат Әбішті қорғау арқылы салафизмді Қазақстанда сақтап қала алды» деп жаздым.

Олар ың-шыңсыз жұмысын жалғастырып жатыр. Мешіттерге барып көрсең, көз жеткізесің. Өз басым мешітке бармаймын, себебі мешіттерде өз ұлтыңнан шығып құбыжыққа айналып кеткендер көп. Оларға «тәк-тәк» деп жатқан ешкім жоқ. Былтыр күзде заң шығарамыз деп еді, оған да жаңа Қазақстан билігінің әлі жетпей қалды. Тіпті, соңғы кезде күресіп те жатқан жоқ қой. Себебі олар мемлекеттік идеологияның басында жүргендердің маңайын торуылдап, майлы қасықтай жылпылдап жанында жүр. Одан кейін жат күштерге қарсы күрес туралы не айтуға болады?!

М.Тазабек пен Қ.Сатыбалды. Фото: ғаламтордан

– Таяуда Мұхамеджан Тазабеков сұхбатында өздеріне қарсы жұмыс істегендердің қатарында сіздер туралы айтып қалды. Сіздер бір-біріңізді тек сұхбаттарда ғана түйреп өтетін сияқтысыздар...

– Оларға бұрын да, қазір де, екі бастан қарсымын. Атымды атаса, айта берсін. Мен Тілеухан, Тазабектердің сұхбатын көрмеймін де, қарамаймын да. Себебі не айтатынын білемін. Мен де журналистерге берген сұхбаттарымда олар туралы пікірімді ашып айтамын. Сосын сыртымнан қаралап, жасырын күштерді айдап салады. Ондайға түк апшымайтын адаммын. Өз басым мұндай лас ойынға араласпаймын. Екіжүзділік – саяси күштердің, деструктивті ағымдардың әрекеті мен бет-бейнесі. Құдайдың атымен халықты алдайды, халықтың атымен билікті алдайды. Түптің түбінде, екі ортада жүріп құрдымға кетеді. Қалай болғанда да, уахабизм күші Қазақстанда салтанат құра алмайды. Мына жағыңда тұрған «аждаһа», мына қапталдағы «аю» Қазақстанда ешқашан салафиттік мемлекет орнаттырып қоймайды. Өйткені олар үшін Қазақстан – өте қымбат кеңістік. Ал егер билікке сақалдарымен жер сыпырып жүргендер келсе, олар ешқашан ел басқара алмайды, тыныштық орнамайды. «Сондықтан креслода отырғандар бүгін ойланып, бұлардың жұмыс істеуіне тыйым салсын. Әйтпесе, аяқтарын әлгі империялардың өздері-ақ аспаннан келтіреді» деп 2016 жылы сұхбаттарымда айтқанмын. Әулие емеспін, дегенмен сол ескертпелерім қаңтарда алдарынан шықты.

Бір қателіктің мың түрлі салдары болады. Бұған дейін бір қателік үшін майданға шықса, енді бірінен бірі балалаған мың түрлі қателікті жою үшін ұрпақ қан төгуі мүмкін. Бұл тарихта талай мәрте дәлелденген. Біз халықтың кешегі қаңтардағы қаһарын пайдаланып, біраз дүниені орнына қоя алмадық. Кейбіреулер «Олардың қолында ақпараттық, қаржылық ресурс көп. Егер қанды қаңтардан кейін назарбаев кланын тұншықтырып тастаса, зәбір көргендер ретінде ұлттық тұлғаларға айналып кетер еді» дейді. Бұған да келіспеймін. Халық – төреші. Азғантай топты алдауы мүмкін, тұтас халық тобырға айналып кетпесе, оларды алдай алмайды.

– Сонда уахабизм ағымының қазақ халқына тигізген зардабы көп дейсіз бе?

– Бұлар сандаған ғасыр бойы әрбір ұлт өз әулие, абыздары арқылы сомдап шығарған ұлттың күллі адами қасиетін жойды. «Отанды сүю – иманнан» деп келдік қой, ал олар «Жоқ, сенің отаның – жәннат» дейді. Себебі, жәннаттың «кілті» қолдарында-мыс. Ең бергісі, қазақтың бағзы дәстүріндегі кішінің үлкенге құрмет көрсетуі, келіннің сәлем етуінен бастап, бейсенбі-жұма күндері пісіретін жеті нан садақаға дейін соғыс ашты. Жер бетіндегі мың сан ұлттың ішінде бедеріңді айқындап тұратын тарихи тамырыңа балта шапты. Одан асқан не зиян керек?!

Мұның арғы жағында соғыс саясаты тұр. Қазақстан даласын соғыс алаңына айналдырмақ болған күштердің пиғылы осы. Қаншама жастарды Сирияға алып кетті. 2011 жылы сопылардың соты басталған күні Ақтөбенің Шұбаршиінде мемлекетке қарсы лаңкестік әрекет жасады. Одан кейін де бұл әрекет әр жерде көрініс тапты. Ал олардың бұл қасіретті әрекеттерінің бәрі Назарбаевтың немесе Қайрат Сатыбалдының тікелей пәрменімен жабылып қалып отырды. Осынау сұмырай күштің серкелерін Қайрат Сатыбалды Үшқоңырға жинап, Назарбаевпен жолықтырып келісімге келгенін де білемін. Назарбаев оларға: «Мен тұрғанда ешқандай террористік әрекетке бармай, жұмыстарыңды жүргізе беріңдер», – деп батасын берген. Бұл – шындық, себебі нәтижесі солай болып шықты.

Бұлар қазір әскерін нығайтып алды, қару-жарақ жетеді. Кезінде баласы Айсұлтан Назарбаев та өлер алдында бұлардың қандай құпия күштері бар екенін айтып кетті ғой. Соның бәрі шын мәнінде солай болды.

«Шын зәкөн күші қолымда болса, тап өзімнен бастап соттар едім!»

– Енді шығармашылыққа ойыссақ. Осы сыйлыққа келгенде бір-бірін қаралап, табалап кететін де ақын-жазушылар. Бұл дерт қайдан жабысты? Сізде де «Мына сыйлықты ала алмадым» дейтін пендеуи ой болмай ма?

– Ешқандай сыйлықтан кенде емеспін. Кеше ғана өмірден өткен Темірхан Медетбек ағам мен мемлекеттік сыйлыққа түскенде: «Мен Светқалидың ағасымын. Бірақ ол «маған дауыс беріңіз» деп айтқан жоқ. Себебі ол солай, ешқашан айтпайды» депті. Сол кезде кей жанашыр замандас ағаларым: «Тым құрығанда, комиссия мүшелеріне сыйлыққа түсіп жатырмын» деп ескертіп қой» деген. Содан екі-үш ініме түсіп жатқанымды айттым, болды. «Маған дауыс бере ғой» дегем жоқ. Енді оны әркімнің патша көңілі біледі ғой. Құдай куә, ешкімге салмақ салмадым, ешкімді қараламадым, даралаған да жоқпын. Жағымпаздық дерт менде атымен жоқ. Тек Құдайға ғана жағымпазданамын. Сыйлық, марапат «ұлттың қаймағы» саналатын қаламгерлердің бір-бірінің көңілін жаралап, бетін қаралауға тұратын нәрсе ме?

Қайбір жылы мемлекеттік сыйлық аясында дау болып, жазушы Мұхтар Мағауин Тұрысбек Сәукетаевқа араласты, оның алдыңғы жолы халық жазушы Тынымбай Нұрмағамбетовтің алғанын құптады. Бәлкім, қазақтың қабырғалы екі прозаигіне Мағауин мен халық араласпаса сол сыйлық берілмей қалар ма еді, кім білсін? 1966 жылдан бері беріле бастаған мемлекеттік сыйлық төңірегінде осындай келесіздіктер болып тұрды. Бірақ пенде ретінде оның маған қандай игілігі, жеңілдігі бар екенін білмеймін.

Атаққұмар адамдар болады. Бір белгілі ағам «Сыйлық маған керек емес, мен сыйлыққа керекпін» деп өлең жазған. Мәселен, сыйлықтың дәрежесін көтеріп тұратын тұлғалар болады. Бірақ кей кездерде билік жалпақшешейлікке салынып, сыйлық әдеби шығармаларға емес, жанры мүлдем сәйкеспейтін дүниелерге беріліп кетті ғой. Мұның бәрі сыйлықтың, түптеп келгенде, мемлекеттің, яғни биліктің беделін түсіреді.

С.Нұржан. Фото: ғаламтордан

– Өзіңіз Назарбаевтың қолынан сыйлық алған жоқсыз ба?

– Жоқ, алмадым. Баяғы 1996 жылы «Дарын» сыйлығын алу мүмкіндігі болған. Бірақ арақ ішіп, қыдырып жүріп, қабылдауға бара алмай қалдым. Ол оқиға хақында «Сыйлық туралы баллада» атты шығармам да бар. Сөйтіп оның қолынан сыйлық алу «бақыты» бұйырмады.

– Сіз әлеуметтік желіде белсенді ақынның бірісіз. Қарақұрым оқырманыңыз да баршылық. Сіз үшін әлеуметтік желі қандай құрал?

– Солай ма? Өзім әлеуметтік желіге кеш келген сияқтымын. Белсенді болу үшін емес, Фейсбук желісін күнделік ретінде пайдаланамын. Ойыма келген нәрсені, эскиздерді түртіп қоямын. Себебі аттың жалы, түйенің қомында жүріп қағазға түсіруге уақыт болмай жатады. Сосын бос уақытымда толықтырып қағазға жазамын. Біреудің жазықсыз күйіп бара жатқанын көріп отырып, әділетсіздікке шыдай алмайсың. Кейде елдік мәселелерге араласуға тура келеді. Өткенде Бекет атаның Оғыландыдағы кешені мен тауасты мешітінің қазіргі жай-күйін айтып, мемлекетке қайтару жөнінде жазба қалдырдым. Нәтижесінде көп ұзамай әкімшілік жиын өткізіп, мемлекетке қайтару жөнінде шешім қабылдады. Соған қарағанда қазір әлеуметтік желінің ықпалы бар екен.

Ұлттық кеңестің мүшесі ретінде осы жылы 1 ақпанда Астанада өткен кіші мәжілісте қоғам әдебі туралы ұсыныс айттым. Бурабайда өткен құрылтайда президент атымды атап, «қоғам әдебін қалпына келтіруіміз керек» деп айтыпты. Шынында да, тірісі мен өлісінде ешкімді қадірлей алмайтын, халық деген сипаттан айрылып, бетімізбен кеткен тобырға айналдық қой. Біреудің сүрінгенін, жығылғанын аңдып отырамыз. Ақ-қарасын ажыратпай, аяқтың астына алып, тепкілей жөнелетін қорқынышты көріністер әдепкі жағдайға айналып барады.

Мәселен, салафизмді алып келіп, біздің ата-баба дәстүріне, әулиелерімізге қарсы шабуыл жасатты. Сөйтіп темірқазығымыз саналған әулиелік институтқа нұқсан келтірді, қатер төндірді. «Асыл арна» телеарнасында Әзірет Сұлтан кесенесін отқа орап, «тозақта өртеніп жатыр» деп шығарды ғой.

Енді дінсіздер, тәңіршілдер бой көтере бастады. Асыл дінімізге, пайғамбарымызға, Құранға қарсы небір былапыт сөздер айтып, жазып жүр. Бұларға «әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа жоқ. Мемлекетке, ұлтымызға қызмет етуі тиіс, халықтың салығымен күн көріп отырған ұлттық қауіпсіздікте, құқық қорғау салаларында, министрліктерде істейтін мыңдаған адамның жұмыс нәтижесі қайда? Ұлтыңды алауыз етіп ұстап, әлгіндей идеологияларға үнсіз күш беріп, тобырға айналдыру ма керегі? Сондағы мақсат – қазақты дінсіз елге айналдыру ма? Мұның артында қандай күштер тұрғаны тағы белгілі.

– Сіз рушыл емессіз бе? Алайда сіздің рушылдық пен жүзшілдікке де қарсы сөз айтамын деп, туған жеріңізге сыймай кететініңіз де бар екенін білеміз. Біздің қоғамда рушылдықпен күресу қаншалықты қиын?

– Мен рушыл болсам, есі дұрыс қоғамда өтірік қор құрып, соның атынан өздерінше жасырын «сот» жиналысын өткізіп «Светқалиды Адайдан шығару керек» деген мәселе көтеріле ме? Қазір билік рушылдық дегенді өршітіп қойды. Қазақтың бірлігіне, тұтастығына қарсы топ көбейді. Бүгінде рушылдыққа бет алған осындай жиіркенішті тобырға қарсы күресіп жүрмін. Себебі мына жағымыздағы алпауыт Қытай да, Ресей де «Руың кім еді? Атаң асылдың тұқымы ма?» деп сұрамайды. Біз оларға қарсы қазақ болып қана тұра аламыз. Біздің алдымызда қандай дауыл күтіп тұрғаны белгісіз. Сәл болса, өрт тұтанып кетейін деп тұр. Әр төбенің басына ру-ру болып от жағып отырсаң, жан-жағымыздағы өртті кім сөндіреді? Ұлы Абай «Кімде-кім жаман болса, оған замандасының бәрі виноват» деді ғой. Қоғамда болып жатқан алауыздық, азғындық, келеңсіздік үшін бәріміз қылмыскер, күнәһармыз. Шын зәкөн күші қолымда болса, осы кеспірсіздіктер үшін тап өзімнен бастап соттар едім! Осындай ылаңды туғызып қойып, үнсіз миығынан күліп, табысын тауып жүргендердің жазасын Құдай береді.

– «Турасын айтсаң туғаныңа жақпайсың» демекші, кейде тіке, бетке айтудан бармақ тістеп, опық жеген кезіңіз болды ма?

– Қазақ «Жаны күйген адам Құдайын қарғайды» дейді. Сыртымнан жазықсыз жала жауып жатқандардың тым көптігі, бәрі де сол тіке айтқанымнан ғой. Құдайдың, қазақтың, заңның алдында да айтатын шындығым осы. Бірақ одан ешқашан опық жеймін деп ойламаймын. Мені солай жаратты, солай өлемін. Кезінде Алматыға да сыймай кеттім. Құдай пішінімді сыйымды, шап-шағын қып жасаса да, ішімде күллі әлемге сыймай жатқан алай-дүлей күш пен бұлқан-талқан мінез бар.