27 августа 2025 г. 15:05

«Біз де таяқ жегенбіз...» – Елге танымал азаматтар әскери борышын қалай өтеген?

Фото: ғаламтордан

Енді Отан алдындағы боршын өтеуге тиіс әр азамат ұялы телефонға SMS жолдау арқылы шақырылады. Яғни, әскерге шақырту туралы түскен хабарлама ресми болып танылуы мүмкін. Құжат жобасы «Ашық» порталында қоғамдық талқылауға ұсынылды. 

Осыған орай тілшіміз ел алдында жүрген біраз азаматтарға хабарласты. Әскерге барудың қандай тиімді тұстары бар? Бұрын армияға барғандар не үшін өзін «авторитет» санайтын еді? Қызықты сауалнамадан біліңіз.

Сафуан ШАЙМЕРДЕНОВ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, актер:

Теңіз флотында немесе десантурада болсам деп армандадым

С.Рысбайұлының инстаграм парақшасынан

Мен мектепті бітіргеннен кейін оқуға түсіп кеттім. Ал оқулы бітірген бетте Көкшетауда драма театр ашылып, бізді тобымызбен сол жаққа жұмысқа жіберді. Сол жерде жүріп үйленіп, балалы-шағалы болған аралықта әскерге шақыртылатын жастан өтіп кеттік. Соңында бізге автоматты түрде «әскери борышын өтемеді» деген әскери билет берді. Бірақ өзім әскерге барғым келді, теңіз флотында немесе десантурада болсам деп армандадым.

Жалпы өз басым ер азаматтар Отан алдында борышын өтеу керек деп ойлаймын. Оның үстіне қазір әскер уақыты бір-ақ жыл болып қалды ғой. Есесіне, көшеде қашып-пыспай, еңсесін тік көтеріп жүретін болады.

Үлкен ұлым әскерге өзі сұранып барды, бірақ денсаулығына байланысты медициналық тексерістен өткенде «жарамсыз» деп таныды. Одан кейінгі ұлдарым әлі кішкентай, бірақ олардың да әскерге барғанын құптаймын.

Сембек ЖҰМАҒАЛИЕВ,  ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші:

Әскерге барғаннан өлген жоқпыз

el.kz

– 1977 жылы мамыр айында әскери комисариаттан шақырту алдым. Тексеріс барысында оң жақ көзімде ақау болған соң, жарамсыз екенімді айтты. Бірақ мен «барамын» деп қоймадым. Себебі қатарластарымнан қалғым келмеді. Ол кезде әскерге бармау намысыңды жанитын еді. Сөйтіп Түркменстанның Әуе қорғанысына жіберді. Онда он ай өткеннен кейін бойымдағы өнерімді аңғарғандар сол жердегі әскери ансамбльге биші етіп қабылдады. Хорда өлең айтып, түрлі аспапта ойнап, өнер көрсеттім. Бір жыл бойы бұрқыраған құмды жерде әскери гарнизондарды аралап концерт қойып, сол кезден бастап гастроль дегеннің не екенін біле бастадым. Бірақ тәртіпке бағындық, таяқ та жедік. Еден де жудык, картоп та тазаладық. Одан өлген жоқпыз.

Біздің кездегі жігіттер Қиыр шығыста жүрсе де, қатал тәртіпке бағынатын. Қазіргінің балалары өзіміздің Қазақстанның ішінде жүрсе де, артынан ата-аналары шұбырып іздеп барып жатады. Бәлкім, әскери әлімжеттіктен қорқатын болар. Бірақ біздің кезімізде де түрлі жағдайлар болды. Бір жігіттің қызы тастап кеткендіктен, өз-өзіне қол салғанын да көрдік. Бірақ қазіргідей ақпарат ашық болмаған соң ба, көпшілік ондайды көп ести бермейтін. Сондықтан болар жігіттер де әскерге барудан бас тартпайтын, керісінше, құлшынып тұратын.

Ұлым да оқуын бітірген соң әскерге барамын деп отыр. Бірақ жаңағыдай түрлі сұмдықты естіген соң ба, анасы қорқақтап, жібермеймін дейді. Бірақ ел азаматы болған соң, анасының қолтығынан шығып, борышын өтеуге барғаны жөн. Өзін еркін, еркек сезінетін болады. Бір жыл деген не тәйірі...

Серік ҚАЛИЕВ, ҚР Мәдениет қайраткері, ақын:

Отанды қорғауға дайын болған жөн

әлеуметтік желіден

– Мен тура әскерге барамын деп жүргенімде қазіргі ҚазҰУ-ге оқуға түсіп кеттім. Ал ұлдарым әлі әскерге шақырту алатын жасқа жеткен жоқ. Жасы жеткенде балағынан тартпаймыз, жібереміз.

Әскерге барған адам шынығады, піседі, соған сай ширақ болады. Дегенмен, көп ата-ананың әскердегі әлімжеттіктен қорқатыны бар. Біреу бұрынғыға қарағанда жағдай жақсы десе, ендібіреулер түрлі қорқынышты жайттарды айтады. 

Өзім әскерде болмаған соң оның ішкі тәртібін білмейді екем. Десе де кез келген азамат денсаулығы жарап жатса, борышын өтеп, Отанды қорғауға дайын болғаны жөн.

Ермұрат БАПИ, Парламент мәжілісінің депутаты: 

Уайымымыз – мемлекеттігімізді, тыныштығымызды сақтау

видеодан скрин

– Мен Камчаткада теңіз флотында әскери борышымды өтедім. Онда өткерген үш жыл мен үшін шыңдалу кезеңі саналады. Жасыратыны жоқ, соңғы он жылда біздің әскердің абыройы түсіп кетті. Ұлттық патриотизмді әлсіретуге сыртқы күштердің де әсері болды. Әлеуметтік желі күшейгендіктен, әрбір жауынгердің қолында бір-бір телефон бар. Еркектер жүрген жерде кикілжің болмай қоймайды ғой. Енді соның бәрі жалпақ жұртқа тарап кетіп жатыр. Соның салдарынан Отан қорғауға деген ерік-жігерге нұқсан келіп, әскер деген кейінгі жастарға тозақ болып көрінетін болды. Ал шынтуайтында әске барса келмес арал емес, қоғамның бір бөлшегі. Бұл мәселеге ұлттық әрі азаматтық тұрғыда қарауымыз керек. Әлемде түрлі геосаяси жағдай болып жатқанда, әскерге баруға қорқынышпен қарамайық. Біз аз ғана халық болғандықтан, елдігіміз бен тәуелсіздігімізді сақтау мақсатында бірауыздан Отанды сүюге, қорғауға жұмылуымыз керек.

Мен Парламенттегі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі болғандықтан, Қорғаныс саласының жабдықталуына, техникаларының түгелдігіне, тіпті оған бөлінетін қаражатқа уайыммен қараймын. Осы тұрғыда түрлі пікір айтсам, кейбіреулер ойымды бұрмалап, мені қазаққа жау етіп көрсетуге тырысады. Анығында, еліміздің қорғаныс саласына ерке баланың көзқарасында емес, азаматтық көзқараспен қарауға тиіспіз. Оның болашағына қоғамдық мәселе тұрғысында алаңдаушылық танытуымыз керек. 

Ел тыныштығы бәріне ортақ болғандықтан, оны қорғауға мемлекет пен қазақ қана емес, жалпы азаматтар мүдделі. Қазақстанда тұрып жатқан әрбір ұлт азаматында «Бұл менің елім, мен оны қорғауға міндеттімін» деген көзқарас қалыптастырып, оларды болашақ үшін біте қайнасатын жағдайға жұмылдырғанымыз жөн. Әйтпесе бізде әлдебір елге азу көрсететін ниет жоқ, уайымымыз – мемлекеттігімізді, тыныштығымызды сақтау ғана. Алда осы жолда жұмыс істеп, бір арнаға тоғысамыз деген сенімім бар. Ал оның алғашқы қадамы – жалтармай, әскери борышты өтеу.