2 Сәуір 12:44

Шымкентте аудан әкімінің бұрынғы орынбасары сотталды

Антикор
Фото: Антикор

Шымкентте аудан әкімінің бұрынғы орынбасары және осы әкімдіктің бас маманы, сондай-ақ мердігер ұйымның өкіліне қатысты сот үкімі шықты. 

Алматы, NEGE. 2024 жылдың 1 сәуірінде Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты сотталғандардың бұрынғы әріптестерінің қатысуымен Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары Е. Тіленшинге, осы әкімдіктің бас маманы А. Балқыбековке, сондай-ақ мердігер ұйымның өкілі А. Манатқа қатысты үкім жариялады.

Аталған адамдарға тиісінше 11, 10 және 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Олар алдын ала сөз байласуы арқылы мегаполисті абаттандыру жөніндегі мемлекеттік сатып алу келісім шартын орындау кезінде кәсіпкерден қамқорлығы үшін 60 млн теңге мөлшерінде пара алғаны, сонымен қатар зираттарды күтіп ұстауға бөлінген 28 млн теңге бюджет қаражатын жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды.

Сондай-ақ, сотталғандар өмір бойы мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.