15 Сәуір 14:21

«Тфу, мә!»: Дэйв пен Мақпал, гитара мен домбыра және ...Air Astana

Компания
Фото: Коллаж NEGE

Осыдан бір ай бұрын халық әртісі Мақпал Жүнісова әлеуметтік желіде «шәпкісі» (сәукеле болса керек) мен домбырасына бола ұшақтан тағы бір жолаушы орнын сатып алуға мәжбүр болғанын айтты. 

«Құрметті халайық! Мен аэропортта отырмын, ВИП-тен өтіп жатырмын. Қарағандыда концертім. Менің домбырам мен шәпкімді өткізбей, «мұндай жүкті өткізуге болмайды, кішкентай чемоданыңызды алып өте беріңіз» дейді. Сіздер сонымен келісесіздер ме? Аэропорттың бастықтары, Эйр Астана, Флай Арыстан!», – деді әнші.

Көп ұзамай «Флай Арыстанның» өкілі әншінің жазбасына жауап берді. Әуе компаниясы «жағдайға алаңдаушылық білдіретінін, әншінің шығармашылығын сыйлайтынын және құрметпен қарайтынын» айтып, «рейс ұшар алдында «багаждың артық салмағы» мен «музыкалық аспапты тасымалдау» қызметтерін әуежайда рәсімделгендіктен, көрсетілген соманы төлеуге тура келгенін» ескертті.

Әнші
Фото: ғаламтордан

Осы оқиғадан соң қазақ тілді қоғамда кәдімгідей дүрбелең туды. «Қазақтың қасиетті домбырасын сыйламайтын бұлар кім өзі?!», – деп кіжінгендер мен «компанияға бойкот жариялауды» ұсынғандар да болды.

Қош, қазақ домбырасы мен қобызын қалай қастерлесе, орыстар – гуслиін, өзбектер – сырнайын, татарлар – қурайын, испандар – гитарасын, гавайлықтар – укулелесін дәл солай үкілеп ұстайды. Бірақ, бір нәрсені түсінген абзал: әлемдегі кез келген лоукост тасымалдаушы үшін сіздің ұлттық аспабыңыздың құны көк тиын. Олар үшін пайда – бірінші кезекте. Сондықтан да әншілеріміз алдағы уақытта «домбырама орын тауып бермеді», «қобызымды кіргізбеді», «сырнайымды сындырды» демесе екен, аспабын дұрыс рәсімдесе екен екен дейміз.

Ал егер әуе компаниясы домбыраңызды немесе сырнайыңызды сындырып қойса, кінәліні жазалаудың ұтымды жолы бар екен. Америкалық музыканттың сынған гитарасы туралы оқиғаны оқып, Мақпал жеңгемнің домбырасы есіме түсті. 

2008 жылы көп ешкім танымайтын кантри-музыкант Дэйв Кэрролл Небраскада өтетін концертіне қатысу үшін United әуе компаниясынан билет сатып алады. Билет алған кезде қосымша ақша төлеп, гитарасын салонға бірге алып кіруге рұқсат етуді өтінеді. Компания бұған рұқсат етпей, гитараны өзге жүкпен бірге жүксалғышқа жөнелтеді. Амал жоқ, Дэйв сүйікті аспабын жүк тиегіштердің қалай лақтырып жатқанын иллюминатордан көріп қана отырады.

Музыкант
Фото: ғаламтордан

Ол Небраскаға келген соң гитарасының сынып қалғанын көреді де, компанияға шағым түсіреді. Қысқасы, компания бір жыл бойы оның басын қатырып келіп, соңында «тфу, мә!» деген ғой.

Адвокатқа төлейтін ақшасы жоқ музыканттың қолынан келетіні – ән жазу ғана. Сөйтеді де, Дэйв «Юнайтед гитара сындыруды қатырады» (United Breaks Guitars) деген ән жазып, клип түсіреді. Клипті YouTube желісінде көргендер саны 22 миллионнан асады. Гитара жасаумен айналысатын Taylor компаниясы екі ғажап гитарасын сыйлайды. Осылайша Дэйв бір аптаның ішінде әлемдік жұлдызға айналып шыға келеді.

Клип жарияланған соң 4 күннен кейін Юнайтед әуе компаниясының акциясы 10%-ға құлап, шығын көлемі 180 млн долларға жеткен. Компания басшылары Дэйвті шұғыл тауып алып алдына бір парақ қағаз бен қалам қойып: «Кез келген соманы жаз, төлейміз! Сөйт те, клипті өшіріп таста», – деп ұсыныс айтады. Дэйв сонда оларға бір кездері өзіне берген жауабын қайтарып: «Тфу, мә!», – депті...

Компания
Коллаж: lada.kz

Айтпақшы, бірер күн бұрын Air Astana су тасыған аймақтарға бару-келу билетін қымбаттатып жібергені туралы ақпарат шықты ғой. Ендеше НЕГЕ осы туралы ән жазып, клип түсірмеске?..