23 Қаңтар 18:07

«С какой СТАТИ?» МАШКЕВИЧТЕН де айлакер инвестор ҚАЛАЙ сорымызды сорпа етті?

Фото:

Қазақстан Швецияның сот залында Анатолий мен Габриель СТАТИЛЕРДЕН оңбай таяқ жеді. Енді Стокгольмдегі судья шешімімен Қазақстанның Ұлттық қорынан 76 миллион доллар сома алынып, Статилерге өтемақы ретінде берілмек.

Дәл осы жерде Люксембург сотының Стати арызы бойынша ERG корпорациясының Қазақстанға тиісті 365 миллион доллар дивидендін бұғаттап отырғанын ескеру керек. «Статилер үшін сең қозғалды» десек, демек, біз ол ақшадан да айрыламыз. Сонда бүкіл металымыз бен көмірімізді бәленбай жылдан бері игеріп, шетелге сатып келе жатқан ERG корпорациясынан бізге бір тиын да түспейтін болады.

Қазақстан Үкіметі – «ERG S.a.r.l.» трансұлттық холдингінің ірі акционері. Біздің мемлекетке акциялардың 40 пайызы тиесілі. Қалғаны 20,7% үлеспен олигарх Александр МАШКЕВИЧКЕ, 20,7%-ы Мұқадасқан ИБРАГИМОВАҒА (Әліджан Ибрагимовтың жесірі – ред.), 18,6%-ы Патох ШОДИЕВКЕ тиесілі.

ERG-ге қатысты онсыз да қордаланып қалған сұрақты Статилер ісі одан әрі ушықтырып жіберді. 2017 жылдан бері, яғни 5 жыл бойы қазба байлықтарымызды игеріп келе жатқан компаниядан осы уақыттың ішінде бізге бар-жоғы 365 миллион доллар түскені және оның өзін пайдалана алмай отырғанымыз – мүлде қисынсыз.

«Бұл қалай?» деген сұраққа, осы корпорацияда Қазақстан атынан ірі акционер болып отырған Қаржы министрлігі мардымды жауап бере алмай отыр.

NEGE коллажы.

Ұзақ уақыттан бері әліптің артын бағып, үндемей келген Габриель СТАТИ өз компаниясының statiholding.md сайтында арнайы мәлімдеме жасады.

«Соңғы уақытта ақпараттық кеңістік Стати отбасы мен біздің «Ascom Group SA» және «Terra Raf Trans Trading LTD» компанияларының Қазақстан Республикасына қарсы сот процестеріне қатысты жаңалықтарға толы болды. Швецияның апелляциялық сотының шешімі бойынша біз Швециядағы Қазақстан Республикасына тиесілі активтерден 76 миллион АҚШ долларын өндіруге бір қадамдай жерде тұрмыз. 2013 жылдың 19 желтоқсанында Стати отбасы Қазақстан Республикасына қарсы сотта жеңіске жетті. Осыған байланысты Стокгольм арбитраждық соты Қазақстанның бізден «Боранкөл» мен «Толқын» кен орындарын тартып алуын заңсыз деп таныды»

«Қазақстан 2013 жылғы 19 желтоқсандағы шешімнің күшін жоюға барынша әрекет етті. Бірақ Қазақстан сәтсіздікке ұшырады», – деп жазады Габриель СТАТИ. Олар басында Қазақстаннан 4 миллиард доллар талап еткен болатын. Бірақ Швеция соты өтемақы көлемін 76 миллион долларға дейін кемітті.

Статилер Қазақстанға инвестор ретінде 1999 жылы келген болатын. Олардың «Tristan Oil Ltd» офшор компаниясы Қазақстанның «Tolknynneftegaz» және «Kazpolmunay» компаниясын сатып алып, Батыс Қазақстанда Боранкөл және Толқын мұнай-газ кенішін игерген.

2008 жылы Қазақстан осы кеніштерді «салық төлемеді» деген айыппен Статилерден тартып алып, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басқаруына берген еді. Қазақстаннан кетіп қалған ағайындылар халықаралық сотқа шағымданып, ақыры дегеніне жеткен сияқты.

Тегтер: