24 Сәуір 11:17

Мен жедел жәрдем шақыр дедім – Бишімбаев хабарласқан көріпкел сотта өз шындығын айтты

Бишімбаев соты
Фото: Жоғарғы сот

Астанада Қ.Бишімбаев пен Б.Байжановқа қатысты қылмыстық іс бойынша кезекті сот отырысы өтіп жатыр. 

Алматы, NEGE. Сот отырысында куәгерлерден жауап алынып жатыр. Бишімбаев Нүкенова ес-түссіз жатқан кезде хабарласқан көріпкел Гүлнар Ережепова сотта сол күнгі оқиғаға қатысты өз шындығын айтты.

Көріпкел Бишімбаев хабарласып мән-жайды түсіндіргеннен кейін бірден жедел жәрдем шақыру керегін айтқан. Бишімбаев көріпкелге хабарласқан кезде мас болған. 

Көріпкелдің айтуынша, «Ол ұйықтап жатыр, таңға дейін ұйықтайды» деп оған қайта-қайта хабарласып, мазасын алғаннан кейін айтқан.

Салтанаттың күні бойы тұрмай, тамақ ішпененін естігенде: «Маған не дейсіз, дәрігер шақырыңыз», – деп тұтқаны қоя салған.

Ол әр хабарласқан сайын «Жедел жәрдем шақыр» деп қайта-қайта ескерткен. Керісінше, Бишімбаевтың өзі: «Бірдеңе істесеңізші, қайдағы жедел жәрдем?» деп көріпкелдің мазасын алған.

Прокурор Айжан Аймағанова Гүлнар Ережеповадан «Салтанат ұйықтап жатыр, жақында оянады» деген хабарламасын қалай түсіндіретінін сұрады.

«Ол маған: «Оның жақсы екенін айтыңызшы, менің тыныш болуым үшін бәрі жақсы деп жазыңыз», деп тікесінен айтты. Сол күні ол адам төзгісіз болды! Қоңырау шала берді, шала берді», – деп жауап берді куәгер.