24 Сәуір 13:57

Ақмола облысында есірткі сатқан мектеп жаттықтырушысы 10 жылға сотталды

сот
Фото: ғаламтордан

Аршалы ауданының Балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебінің шаңғы спорт жаттықтырушысы есірткі заттарын заңсыз сатқаны үшін сотталды, деп хабарлайды Kazinform.

Алматы, NEGE. Ақмола облысы соты баспасөз қызметінің мәліметінше, ер адам Астана қаласынан Аршалы ауданында сату мақсатында есірткі тасымалдау кезінде ұсталған. Оның автокөлігін тінту кезінде жүк салғыштан жалпы салмағы 39 кг-нан асатын 4 пакет гашиш табылып, тәркіленді.

Осылайша, ер адам Қылмыстық кодекстің 297-бабының 3 бөлігі 3 бөлімшесі бойынша (есірткі заттарын, сату үшін аса ірі мөлшерде заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау) қылмыс жасаған.

Сотталушының кінәсі оның автокөлігін тінту және есірткі заттары салынған пакеттерді алу хаттамасымен, сарапшылардың қорытындыларымен, тіркелген қоңыраулары бар ұялы телефонды тексеру хаттамасымен, бейнекамералардың жазбаларымен, тінту хаттамаларымен және куәгерлердің айғақтарымен дәлелденді.

Жаза тағайындау кезінде сот жеңілдететін мән – жайларды, яғни, сотталушыда кішкентай балаларының барын және ауырлататын мән-жайлардың болмауын ескерді.

«Ақмола облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотының үкімімен ер адамға 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Тәркіленген есірткі құралдары жойылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ», - деді ведомстводан.