23 Сәуір 19:10

Кэмерон Қазақстанға НЕГЕ келе жатыр?

Ұлыбритания
Фото: Коллаж NEGE

Ұлыбритания Еуроодақ құрамынан шыққалы өзінің халықаралық саясаттағы ұстанымдарын қайта қарап, кейбір елдермен стратегиялық әріптестікті нығайтуды қолға алған сияқты. Сол үшін кезінде Үкімет басшысы болған қазіргі Сыртқы істер министрі Дэвид Кэмеронды Орталық Азияға аттандырды. 

Осы жолғы Д.Кэмеронның Орта Азия елдері мен Моңғолияға ресми сапарларын да Brexit-тен кейінгі британиялық үкіметтің өзінің халықаралық аренадағы жаңа орнын іздеуі деп қабылдауға да болады. Кэмерон өңірдегі «ұйықтап қалған» әріптестікті қайта оятпақшы.

Осылайша, ертең Астанаға Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігінің Сыртқы істер, достастық және халықаралық даму министрі Дэвид Кэмерон ресми сапармен келеді.

Ол алдымен ҚР Премьер-министрінің орынбасары-Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеумен келіссөздер өткізеді және одан кейін Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездеседі.

Еліміздің Сыртқы істер министрлігі хабарлағандай, Ұлыбританияның бұрынғы Премьер-министрінің сапары аясында екі ел арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастық мәселелері бойынша келіссөздер жүргізіліп, сондай-ақ аймақтық, әсіресе, Орталық Азиядағы өзекті өңірлік және халықаралық тақырыптар талқыланады деп жоспарланған.

Нұртілеу
Sputnik / Болат Шайхинов

Ал сапар қорытындысы бойынша бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылмақ.

Жалпы бес күнде Орталық Азияның 5 мемлекеті мен Моңғолияға баруды көздеп, Тұманды Альбионнан шығысты бетке алған британдық саясаткер Қазақстанға келгенге дейін сапарын Тәжікстаннан бастап, бүгін Қырғыз және Өзбекстан Республикаларында жалғастырды.

Кэмерон Душанбеде Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонмен кездессе, бүгін Қырғыз елінің басшысы Садыр Жапаровпен және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен жолықты.

The Independent басылымы хабарлағандай, кездесулерде британиялық дипломат әлемдік тұрақтылық, экономика және білім беру бағыттарына айрықша басымдық беріп отыр. Жасалған келіссөздер де, талқыланған тақырыптар да осы үш негізгі сала төңірегінде өрбіп келеді.

Тәжікстандағы сапары барысында Біріккен Корольдіктің бұрынғы премьер-министрі қазіргі таңда көптеген елдер жалғыз өзі еңсере алмайтын қиындықтарға тап болғанын атап өтті. Сондықтан Кэмеронның Орталық Азияға сапарының астарында өңірдегі елдермен арадағы әріптестікті жетілдіріп, жаңа белеске шығару жатыр деп топшылауға болады.

Жапаров
Фото: knews.kg

Өйткені Британия Парламентіндегі Сыртқы істер жөніндегі комитеттің «Жол қиылысындағы елдер: Ұлыбританияның Орталық Азиядағы өзара әрекеттестігі» баяндамасында осы жағдайлар ашық айтылған. Яғни баяндамада депутаттар Ұлыбритания Үкіметіне Орталық Азиядағы өңірлік әріптестікті «олардың тәуелсіздігін ықпалды көршілерінен қорғау» бағытында өрбітуді және сауда-саттық, адам құқығы, мәдени байланыс, баламалы қуат көздері өндірісін ілгерілете түсуді ұсынып отыр.

Расында Біріккен Корольдік Орта Азия елдерін «қамқорлыққа» алуға шындап бекінген сияқты. Келіссөздердегі Кэмеронның сөздерінің астарына үңілсек, егемендік пен аумақтық тұтастық сынды қағидаттарға қауіп төндірмейтіндей тығыз әріптестік орнатуды ұсынуда. Осы мақсатта ресми Лондон 50 миллион фунт стерлинг бөлгелі отыр.

Сондай-ақ саясаткердің сапары барысында санкция мәселесі де қозғалмақ. Оның айтуынша, Орталық Азия аумағы санкцияны бұзушылар айналып өтетін «төте жол» болмауы керек.

Сонымен қатар кездесу тақырыптары арасында қауіпсіздік мәселелері де бар. Кэмеронның айтуынша, ресми Лондон Ресейдегі лаңкестік әрекетті қатаң айыптайды. Сондықтан кездесулерде өңір халқының қауіпсіздігі тұрғысында да мәселелер қозғалмақ.

Кэмеронның Қазақстанға сапарына келетін болсақ, біздің елде де экономикалық байланыстар, денсаулық, білім салаларын және ғаламдық тұрақтылықты дамыту мәселелері жан-жақты талқыланбақ. Шағын және орта бизнес үшін Орталық Азиядағы алғашқы тікелей инвестициялық қор (венчурлық капитал) құратыны да белгілі болды. Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, білім саласының өзінде кемінде 3 келісімге қол қойылмақ. Солардың бірі – Оксфорд университетінде қазақ тілін оқыту курсының ашылуы, университеттер арасындағы әріптестік келіссөздерін жүргізу.

Ұлыбритания
Фото: ғаламтордан

Бұған қоса Ұлыбритания мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы да қызу талқыланбақ. Қазір екі ел арасындағы тауар айналымы жылына 1,2 млрд долларға жетті. Бұрын біздің елге Ресей арқылы келіп отырған Ұлыбритания және еуропалық тауарлар бүгінде Қазақстанға тікелей жеткізілуде және біз арқылы Ресейге реэкспорт түрінде жөнелтілуде. Міне, осы мәселелер де жіті қарастырылып, еліміз санкциялық шараларға ұрынып қалмау жағы қарастырылмақ.

Д.Кэмеронның ертеңгі Астанада өтетін кездесуінде қандай маңызды келіссөздер болатынын барынша тарқатып жазбақпыз.

Сағадат БАҚЫТБЕК, Астана.