20 Наурыз 09:06

Димаш Құдайберген қазаққа «Оскар» алып бере ме?

Фото:

Өткен жексенбіде Лос-Анджелес (АҚШ) төріндегі Стэйплс орталығында «Грэмми-2021» сыйлығына лайық музыканттар анықталды. Кіл мықтылар тізімінде отандасымыз Иманбек Зейкенов те бар. Иманбек үміткерлер қатарына қосылғалы ел ішінде «Грэмми» жайлы гу-гу әңгіме айтыла бастады. Аты таныс «Грэммидің» заты жайлы не білеміз?

«Грэммиді» кинематографиядағы «Оскармен», телевидениедегі «Эмми» сыйлығымен пара-пар еткен не дерсіз, бәлкім?! Аталған марапатты АҚШ-тың ұлттық өнер академиясы тағайындайды. Жеңімпазды арнайы құрылған коммисия мүшелерінің дауысы анықтайды. Яғни, жүзге жуық адамның, мықты мамандардың ойы бір жерден шығуы керек.

Комиссия қатарында талантымен танылған, мойындалған әртістер, музыканттар, продюсерлер, студиялық дыбыс инженелер мен музыка, әуен әлеміне қатысы бар тұлғалар бар. Осыдан-ақ ән додасының қаншалықты тартысты өтетінін аңғаруға болады.

Биыл 63-рет ұйымдастырылған «Грэмми» премиясын алғашында фонографты ойлап тапқан Томас Эдисонның құрметіне «Эдди» деп атау ұсынылды. Кейіннен граммофон авторы Эмиль Берлинердің атынан «Грэмми» атауы туған деседі. Сол үшін де бүгінде «Грэммидің» басты белгісі – алтын граммофон. Берлинер –микрофонды да ойлап тапқан өнертапқыш. 

Грэмми

Байқаудың өзіне келсек, бастапқы жылдары премия музыканың сол кездегі барлық жанрына тағайындалған. Классика, джаз, кантри, комедия мен кино саунтректерін қосқанда, жалпы саны 28 жанр майталмандары «Грэммиге» таласатын.

Содан музыка жанры көбейіп 2009 жылы 109 номинацияға жетті. Биыл ән майталмандары 84 номинация бойынша бақ сынады. Иә, оның арасында қарапайым адамдарға мүлдем бейтаныс, кең таралмаған музыка түрі көп. Қазақстандық Иманбек соның «классикалық емес бағыттағы ең үздік ремикс» жанры бойынша алтын граммафон иеленді. 

«Батыр – ортақ, бақ – жалқы»

Қазақта осындай тәмсіл бар. Иманбектің жеңісі күллі қазаққа ортақ болғанымен бақ жалқы, жалғыз Иманбектікі. Қазақ даласында ән өнерінің маңдайалды майталмандары өмір сүрді, сүріп те жатыр десек артық болмас. Өйткені біздің ел өзгелерді ғылым-біліммен таңырқатпаса да, өнерімен таң қалдырып келеді.

Иманбек

Осы ретте, Иманбектің бағын қызғанып, «музыкалық білімі жоқ жігіт қалай әлемнің ең айтулы марапатын иеленді» деп жатқандар көп-ақ. Ол қызғану ма, қызығу ма кім білсін?! Біз, қалай деген сауалға жауап іздедік.

Димаш Құдайберген «Грэмми» премиясына НЕГЕ ұсынылмады?

Желідегі жұрттың осы бір өзекті сұрағын да жауапсыз қалдырмауға тырыстық. Сонымен, атағы дардай Грэмми премиясы төңірегінде дау көп-ақ екен. Әуелі, Иманбекке дейін қазақтың талантты әртістері неге «Грэмми» алмағанын тарқатайық.

Димаш

Жоғарыда айтқанымыздай аталған байқауды АҚШ-тың ұлттық өнер академиясы мен (NARAS) тағайындайды. Академияның үздікті анықтауға арналған жазылмаған саясатынан бөлек бекітілген талаптары бар.

Біріншіден, белгілі бір мерзім аралығында жазылған әндер байқауға қабылданады. 4-5 жыл бұрынғы әндерді сараптаймыз десе де, тізгін өздерінде.

Екіншіден, ең басты талаптың бірі – өнім Америкада жасалған, не соның атынан әлемге сатылуы керек. Және ол кең таралған болуы да маңызды.

Үшіншіден, байқауға қатысу үшін, онлайн құжат толтырып, өтініш жіберу. Айтқанға оңай болғанмен ұсынылатын құжаттардың сан алуандығы бәрін қиындататынға ұқсайды. 

«Таланттың бағын кім байлап отыр?»

Бұл сауалға осы үш талапты айтуға болады. Музыкада тіл жоқ, жалпыға ортақ болса да «грэммишілер» дегенін істетіп отыр. Премияны жыл сайын алатын қауымның басым бөлігі – ағылшынтілді. Азиядан алатындар сирек.

BTS

К-поп жанрында өнер көрсететін кореялық BTS фанаттары «Грэммиге» байкот жариялап жатыр екен. BTS – осы күні миллиондаған жанкүйері бар к-поп индустриясының беткеұстары. Осы жолы номинанттар қатарына әлемдік чарттарда көш бастаған «Dynamite» әнімен қосылды. Сол үшін де фанаттар өкпелі. Бірақ, BTS қарсыластары да осал болмады.

«Поп жанрындағы үздік дуэт» номинациясына «Rain on Me» әні үшін Леди Гага мен Ариана Гранде, «Exile» әні үшін Тейлор Свифт пен Бона Айвера, «Intentions»-ті шырқаған Джастин Бибер мен Quavo, сондай-ақ, J Balvin, Bad Bunny және Дуа Липа баршаға таныс «One Day» әнімен қосылды.

Ариана Гранде мен Леди Гага

Өзгелерге қарағанда Леди Гага мен Ариана Гранденің бағым басымдау болды. Корейлік өнерпаздардың жеңілісіне танымал музыка сыншысы Чон Мин Чже: «Олардың премияны алған-алмағаны маңызды емес. Ағылшынтілді емес топтың номинант атанғанының өзі үлкен жеңіс. Олар музыкасы мен еңбекқорлығы үшін сондай құрметке ие болды», – деп баға берді.

Сірескен сеңді бұзған қазақ

Иманбектің қазақ екені бәрімізге мақтаныш. Оның «Roses (Imanbek remix)» туындысы әлемдік чарттарда талай уақыт алдыңғы сапты бермей тұрды. Демек, «Грэммиге» әбден лайықты.

Отандасымыз ресейлік шоумен Ургантқа берген сұхбатында: «Тағы 30 рет Грэмми аламын», – деді. Егер солай болып жатса, Гиннестің рекордтар кітабына енуі ықтимал. Өйткені «Грэммиді» венгр-ағылшындық дерижер Георг Шолти ғана 31 рет алған. Бірақ, оны өкшелеп қуып келе жатқан Бейонсе Иманбекке қарсылас болуы мүмкін. Осы күні Бейонсе қанжығасында Грэммидің 28 алтын граммафоны тізіліп тұр. Оның төртеуі – су жаңа, биыл алған марапаты. Бейонсе осы уақытқа дейін 79 рет номинант атанған. 

Бейонсе

Алтын граммафонды иеленген ең жас өнерпаздар арасында Бейонсенің биыл тоғызға толған Блю Айви атты қызы барын біреу білсе, біреу білмес.

АҚШ-тың 42-президенті Билл Клинтон (аудиокітап), КСРО-ның соңғы басшысы Михаил Горбачев (аудиоертегі), сондай-ақ атақты актриса Софи Лорен де «Грэмми» сыйлығын алған. 

Жалпы, «Грэмми» тақырыбы жайлы әңгіме қайнардан аққан бұлақ сияқты шыға береді, шыға береді. Өнер адам бойына ерекше энергия беретінін ескерсек, оның дамығаны, өркендегені адамзаттың игілігіне екенін қашан да ескеруіміз керек. Қазақтың «Өнер қуып ой түзе» дегені осы болар...

Қазақтар «Көрінген таудың алыстығы жоқ» деп, әлемдік мәдениет майданына жүріс бастады. Ел тілеуін тілеп отырған Димаштың жанына Имаш қосылды. Енді олардың қатары артпаса, азая қоймас. Желідегі жұртшылық әр қазақтың жетістігіне бір қуанса, Димаштың жетістігіне екі қуанады. Олардың «Димаш неге «Грэмми» алмады» деп шыр-пыр болуы содан. Бар қазақтың бауырына, баласына, іні-ағасына айналған Димаш Құдайбергеннің де алтын граммофон алар күні алыс емес.

P.S. «Грэмми» не тәйірі, қазаққа «Оскарды» да аман болса осы Димаш алып береді. Голливудтың ең салмақты премиясында «фильмге жазылған ең үздік ән», «ең үздік музыка» атты арнайы номинация бар. Димаш та соны алуға бір табан жақын. Әзірге, уақыт керек... 

Тегтер: