Жол ережесін бұзғандарға сақтандыру ақысы артады
Қазақстанда жол жүру ережесін бұзғандардың сақтандыру полисі ұлғаяды, ал ұқыпты жүргізгендерге қосымша жеңілдіктер берілмек.
Алматы, NEGE. ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне сақтандыру қызметін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» агенттік басқармасының қаулы жобасын әзірледі.
Құжатта ұсынылған басты өзгерістер міндетті автокөлік сақтандыруы бойынша «бонус-малус» жүйесін жетілдіруге қатысты болмақ. Бұл жүйе клиенттің сақтандыру жағдайларына қарай төлем құнын есептеуде қолданылады. Еш апатсыз жүру кезінде «бонус-малус» классы артады және клиент кінәсінен апат болған жағдайда төмендейді. Тиісінше, «бонус-малус» классы неғұрлым жоғары болса, сақтандыру құны соғұрлым арзан болады.
Қазіргі «бонус-малус» жүйесі Қазақстанда 2007 жылдан бері қолданыста және 15 класстан (13 негізгі және «0» мен «М» класстары) тұрады.
«Агенттік «бонус-малус» жүйесін 15-тен 18 сыныпқа дейін кеңейтуді ұсынады және жаңа «М1» және «М2» класстары қосылады, олар жол-көлік оқиғаларына жиі тап болатын жүргізушілерге қолданылады. Бұл сыныптар бір жылда 3 және одан да көп жол-көлік оқиғасын жасаған жағдайда қолданылады. Ең жоғары «13» сыныпта көтерілген, бес жылдан астам уақыт бойы жол апатына ұшырамаған ұқыпты жүргізушілер үшін сақтандыру құны төмендетіледі», - деп түсіндірді агенттіктен.
«Бонус-малус» жүйесінде сақтандыру жағдайларының санын ғана емес, келтірілген залалдың ауырлығын да ескеру маңызды жаңалық болып отыр.
«Бұл бұрыннан бар жүйе, тек жол-көлік оқиғасының ауқымына назар аудару керек. Егер сақтандыру компаниясы өтейтін шығын мөлшері 200 АЕК-тен (2024 жылы 738 400 теңге) аз болса, бұл «бонус-малус» жүйесіне көп әсер етпейді. Ал егер шығын көлемі шектік сомаға жетсе, онда келесі жолы полис рәсімдейтін сомасы екі есеге өседі. Жүргізуші ұзақ жылдар бойы заң бұзбаса, онда оған тағы қосымша жеңілдік беріледі», - деп түсіндірді Қазақстан сақтандырушылар қауымдастығының төрағасы Виталий Веревкин.
Жаңа жүйе көлік жүргізу кезінде жол қозғалысы ережелерін сақтауды да ескереді. ЖКО жасаған жүргізушіде мысалы, жылдамдықты 40 км/сағаттан асырғаны, қозғалыстың қарсы бағытына шығып кеткені немесе авариялық жағдай туғызғаны үшін айыппұлдары болса, онда келесі сақтандыру келісім-шартын жасағанда оның «бонус-малус» классы автоматты түрде төмендейді. Сонымен қатар, әкімшілік және қылмыстық құқықбұзушылықтар тек сақтандыру кезеңінде, яғни жыл ішінде үш және одан да көп жол қозғалысы ережелерін бұзғанда ғана ескеріледі.
Мұндай тәжірибе әлемнің көптеген елдерінде жүргізушілерді ұқыпты жүргізуге және көлік жүргізу ережелері мен мәдениетін сақтауға ынталандыру үшін қолданылады. Сондай-ақ, «бонус-малус» жүйесін сақтанушының немесе сақтандырылған адамның қатысуымен көлік жүргізетін жүргізушілерге, соның ішінде каршерингке тарату ұсынылған.
Жобаның толық мәтінімен ашық нормативтік құқықтық актілердің «Ашық НҚА» интернет-порталынан және Агенттіктің ресми интернет-ресурсынан «Нормативтік құқықтық база» бөлімінде танысуға болады.