28 Ақпан 12:00

Жасөспірімдердің жиі суицид жасауына не себеп?

Суицид
Фото: ғаламтордан
Жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсауы – әлемді алаңдатып отырған мәселе. Әр адамның өміріндегі ең қиын кезең – жасөспірімдік шақ болып саналады. Бұл кезде адам тұлға болып қалыптасатын кезеңді бастан өткізеді.

Таным-түсінігі қалыптасып, құндылықтарды бағалай бастайды. Бұл кезеңде әр бала өзіндік МЕНін іздеп, болашақты бағдарлай бастайды. Сонымен қатар жыныстық даму басталады, гармондар өзгереді. Өтпелі кезеңде жасөспірімдердің мінез-құлқында өзгерістер басталады. Депрессияға тез салынғыш, агрессияға бейім болады. Сол себепті де бұл кезең адам өміріндегі ең қиын кезең болып саналады. Өз-өзіне қол жұмсау әрекеттері де осы кезеңде жиі жасалады.

Суицид – адамның қасақана өз өмірін қиюы. Белгілі бір өмірлік жағдайларда кейбір жасөспірімдер өз-өзіне қол жұмсайды. Жасөспірімдік шақта суицидтің себептері алуан түрлі болуы мүмкін. Жасөспірімдердің көпшілігі осы кезеңде тыйым салынған заттарды пайдаланып көруге әуес болады. Алкогольдің, есірткінің, темекінің дәмін татып көруге құмарланады. Ашық-жарқын, бала күнінде бәрімен араласып ойнап жүрген балалар осы кезеңде өз-өздерімен болып, тұйықталып қалып жатады. Кей жағдайларда сыныптастарының, қатарластарының тарапынан буллингке ұшыраған жасөспірім балалар бірден өлім жайлы ойлай бастайды. Тіпті, осы жаста жақындарының қаза болуы да жасөспірімдердің психикасына кері әсер етеді. Ата-анасының болмашы сөзін жүрекке жақын қабылдап, өмірден баз кешіп кететіндері де бар. Суицидті туындататын себептер мен факторлар балалардың психологиялық күйінде жатыр.

Тәуекел тобындағы жасөспірімдер жағдайдың қысымымен кез келген уақытта өз-өзіне зиян келтіруі және өз-өзіне қол жұмсауы мүмкін. Бұл балалар өте әсерлі, психологиялық тұрғыдан осал болып келеді. Сонымен қатар өздерін өзгелермен салыстырып, басқалардан төмен сезініп жүреді. 13 пен 17 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында суицид жасау көп кездеседі. Бұл құбылыстың себептерін психологтар әлі де зерттеу үстінде.

Жасөспірімдер арасындағы суицидтің үш негізгі түрі бар:

Шындық. Жасөспірімнің өзінің өлгенін қалайтынына сенімді болуы. Мұндай сезім, әсіресе, бозбалаларға тән. Өзін бірінші әрекеттен өлтіре алмай қалғандар, міндетті түрде екінші рет қайталайтын болады.

Сезім. Оған асөспірім жігіт немесе қыздың эмоцияның әсерінен өз-өзіне қол жұмсамақ болуы жатады. Егер бірінші рет те өз-өзіне қол жұмсай алмаса, мұндай жағдай қайталанбайды. Бұл жағдай көбіне қыз балалардың басынан өтеді.

Демонстрация. Оған қоғамның назарын өзіне аудару әрекеттері жатады. Өзін-өзі өлтіру әрекеттері қайта-қайта қайталануы мүмкін, алайда ешқашан өз-өзіне (кездейсоқ жағдай болып қалмаса) шынайы қол жұмсай алмайды.

Жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсау себептері көбінесе жауапсыз махаббатта, тұрмыстық жанжалдарда, құрдастар арасындағы түсініспеушілікте немесе жай ғана жалғыздықта жатыр.

Жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсауының өзіндік ерекшеліктері бар. Себебі, балалардың көпшілігі өздеріне қол жұмсаса, өлетініне сенбейді. Мысалы, 100 адамның тек 10 пайызы ғана өз-өзіне қол жұмсауды қалайды, қалғандары туыстарының, достарының, жақындарының назарын аударуға тырысады. Бұл жағдайды суицидтің демонстративті түрі немесе «суицидтік бопсалау» деп айтуға болады. Бірақ, өкінішке орай, мұндай ойынның арты кездейсоқ өлімге алып келуі мүмкін.

Ата-ана, бала
Фото: ғаламтордан

 

Баланың бойынан өзіне тән емес өзгерістерді байқаған бойда оның не сезінетінін, не ойлайтынын білген абзал. Балаңыздың мінез-құлқындағы өзгерістерге жол бермеңіз. Ойын, не сезінетінін ашық айтуға үйретіңіз. Әрбір бала жақындарының жанашырлығы мен қолдауын қажет етеді.

Өмірдегі кедергілер – бұл баланың ата-анасымен бірге еңсеруі керек мәселесі. Жасөспірімдерді ата-анасы бар болмысымен қабылдап, қолдау керек. Дұрыс емес тұстарын ақылмен, мейіріммен түсіндіргені абзал. Бұл кезеңде балалар өздерін ешкім жақсы көрмейтіндей сезінеді. Сол себепті ата-анасы мен жақындарының қолдауы маңызды.