3 Ақпан 19:12

Қытай АҚШ-тан сауға сұрай бастады

Фото:

АҚШ-тың бұрынғы Президенті Дональд Трамп әкімшілігі Қытайға қарсы ашық түрде қырғи-қабақ соғыс жариялағаны мәлім. Ақ үй қожайы ауысқан соң, Бейжің Батыспен ушықтырып алған қатынасын қайта жалғауға үмітті.

Қытай билігінің шабармандары Джо Байден командасын жағалап жүргені де соны көрсетеді. Әзірше АҚШ Қытаймен ашық түрде ымыраға келуге әзір емес. Қытайдың коммунистік партиясы Саяси бюросының мүшесі Ян Цзечидің аузымен, Бейжің Байденге ақ жалау көтеріп, белгі беріп жатыр.

Қытай саясаткерінің мәлімдеуінше, Қытай АҚШ-тың үстемдігіне дау айтпайды. Ықпал аймағын бөлісіп, даму үлгісін ешкімге таңбайды. АҚШ-тан сұрайтын бір ғана бұйымтайы бар: «Елдің ішкі ісіне көп араласа бермесе болғаны».

Яғни, Бейжіңнің Тибет, Гонконг, Шыңжаң секілді өлкелерде жүргізіп жатқан саясатына көз жұма қарап, Тайваньның тәуелсіздігін қолдамауы тиіс. Қытайдың мемлекеттік телеарналары CGTN мынадай сарында хабар тарата бастады:

«Қытайдың әлемдегі ең ұлы мемлекет Американы тұғырынан тайдыруды көксемейді. Қытай мен АҚШ бірігіп, ұлы жетістіктерге жетуге болады».

Осылайша, АҚШ-та – билік, Қытайда сөз мәнері өзгеріп отыр. Бұған дейін Қытайдың қырғи дипломаттары АҚШ бастаған Батысқа айбат шегуі де жойқын еді. Мәселен, Париждегі елші Лу Шэйдің: «Қытай дипломаттары Батыспен күресуі керек. Көп елдер Қытайдың әлемнің шыңында тұрған шығыс державасы екенін білуі тиіс», – деп ашық айқасқа шақырғаны бар.

Дональд Трамп пен Си Цзиньпин

Мұны ескерсек, Қытай уақытша ымыраға келуді көздеп отырған сыңайлы. Кейбір сарапшылардың пікірінше, аспан асты елінің экономикасы 2030 жылдарға қарай АҚШ-ты басып озбақ.

«Қытай әзірге ескі қағидаларға сүйеніп отыр. Ешқашан үстемдікке ұмтылмаймыз, өзге елдерге қарсы күш қолданбаймыз деген сөздерін жиі қайталайды. Алайда экономикалық қуаты әлемге саяси тұрғыдан ықпал етуге жаңа құралдар береді», – дейді сарапшылар.

АҚШ-тың Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының сарапшысы Джуд Бланшеттің тұжырымдауынша, бұл елде «Қытай аяқтан тұрып келеді, ал Батыс әлсіреп барады» деген сенім күшті.

Ал Жапония, Оңтүстік Корея және Гонконгтің саяси шолушыларының пікірінше, Қытай қанша ұмтылса да, Вашингтон Трампқа дейінгі жақсы қарым-қатынасты қайта орната алмайды. Қытайдың South China Morning Post та осы тақілеттес пікір айтқан. Оған сүйенсек, АҚШ-тың жаңа әкімшілігі Қытайға қарсы қатаң саясат ұстанатынын көрсеткен, бірақ Трамптың тактикаларын мақұлдамайды.

Си Цзиньпин мен Джозеф Байден

Еске сала кетсек, Дональд Трамптың әкімшілігі қауіпсіздік туралы құжаттарда Қытайды АҚШ-тың басты қарсыласы ретінде атай бастаған. Батыс Қытайды қатты сын тезіне алып келеді. Бұған Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында мұсылмандарды қайта тәрбиелеу лагерлерін құруы, Гонконгта автономияны қорғауды мақсат еткен жаппай қарсылық, Тайвань мәселесі себеп болып отыр.  

Қалай десек те, бұл – қырғи-қабақ соғыстың бастапқы кезеңі екені анық. Рас, ара-тұра жылымық та орнауы ғажап емес. Тарихқа жүгінсек, екі алып мемлекеттің бір-бірімен алыспай, бейбіт қатар өмір сүруі некен-саяқ екен. Ал бүгінгі ғылым мен техника дамыған дәуірде жер шары екі алып держава үшін тым тарлық ететіндей.

Тегтер: